Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АБАЙДЫҢ РУХАНИ ҰСТАЗЫ – ЖӘҢГІР ХАННЫҢ ШӘКІРТІ (ҚАМАРАДДИН ХАЗІРЕТ ХАҚЫНДА ОЙ ТОЛҒАУ)

Серікбай ҚОСАН egemen.kz 29.08.2020 627 0 пікір
АБАЙДЫҢ РУХАНИ ҰСТАЗЫ – ЖӘҢГІР ХАННЫҢ ШӘКІРТІ (ҚАМАРАДДИН ХАЗІРЕТ ХАҚЫНДА ОЙ ТОЛҒАУ)

Айжарық Айтілеуұлы – Ішкі Бөкей Ордасының ханы Жәңгірдің үміт күткен шәкірттерінің бірі болатын. Бала кезінде Ордадағы жергілікті татар молдасынан сауат ашады. Бұдан соң, М.Бабажановтың деректеріне қарағанда, Жәңгір хан 1826 жылы өзінің ортаншы ұлы Ескендірді, Айжарықты және бірнеше қазақ баласын көршілес башқұрт еліндегі Істерлітамақ уезіне – ел арасында Ишан атағымен белгілі молданың мектебіне оқуға жібереді. Онда 8 жылдай оқып, мұсылманша жүйелі білім алған Айжарық 1834 жылы Хан Ордасына қайтып оралады. Елге келген соң туыстары оны үйлендіреді. Бірақ қалыңдығының жанына бір түнеген соң, ертеңіне Айжарық оқуын жалғастыру үшін қайтадан Ишанға барады. Алайда ұстазы оған бұдан артық білім бере алмайтынын айтады. Айжарық болса, білімін жетілдіру мақсатымен Бұхараға аттанады.

Бұхара медреселерінде 15 жыл оқып, ислам ілімдері бойынша терең білім алған Айжарық 1849 жылы Орынбор арқылы Ордаға қайтып оралмақ болғанда, оған туған жерінде тұрақтауға рұқсат етілмейді. Ресей әкімшілігінің шенеуніктері Айжарыққа: «Шетелде білім алғандықтан Ордада тұруға болмайды, бір жыл Орынборда боласың, сосын Бұхараға кетесің» деп бұйырады. Қамараддин хазіреттің өмірбаянын оның тағы бір талантты шәкірті Сәдуақас Шормановтың ұстазы дүниеден өткен жылдары газет бетінде жариялаған қазанама-мүнақибі толықтыра түскендей. Екі мақала деректерінің аздаған айыр­ма­шы­лықтарына қарамастан, Айжа­рықтың Жәңгір хан Ордасында тәрбие­ле­ніп, одан әрі Істерлітамақта, кейін ұзақ жыл Бұхарада оқығандығы нақты баяндалады:

«Мәзкүр марқұм Кіші жүз тайпасы Алшын бөлімінің генерал-майор Жиһангер хан Шыңғысханов құзырында Жомарт деген бір дәулетлі адамның ұғлы екен. Марқұм жас күнінен оқуға ықыласлы болып, мал бағуға қанша салса да мойындамайынша, ел арасындағы моллалардан оқып, оларның оқуын бітіріп, 19 жасында Істерлітамақ деген шаһарға 8 жыл оқып, 27 жасында елге қайтып барып, Шыңғысханов қолында бірнеше ай молда болып тұрған соң, Мәзкүр Шыңғысханов данышпан адам екен, марқұмның ғылымға ықыласын һәм зеһінлілігін аңлап, қанша ақша беріп, Бұхара-и Шәрифке мұсылман ғылымын хатым қылғанша / бітіргенше / оқуға жібереді. Ол кісі Бұхара-и Шәрифте 12 жыл ғылымны бек жақсы хатым етіп болғаш һәр кімдерге мәшһүр болып, хатта /сондай-ақ/ Бұхара-и Шәрифте өзіне шәкіртлер де жиыла башласа да, өз халқына пайда келтірмек үшін өз еліне қайтып келсе, Шыңғысханов опат болған екен. Ол кісі жоқ болған соң онда тұрғысы келмей және Бұхараға барып бірнеше жыл тұрып, 1852 жылында Сібір тарапына, Ақмола шаһарына қайтып келген». Бұл арада автордың «Шыңғысханов» деп отырғаны – Жәңгір хан. Бөкей Ордасының ханы бірқатар ресми құжаттарда өзінің тегінің соңына «Шыңғыс хан» сойын тіркеп жазып жүргені мәлім. Ханның Орынбор мұ­ра­ға­тында сақталған «формуляр тізі­мі­нде» де солай көрсеткен. «Шыңғыс» тегін оның ұлдары Сақыпкерей, Ибраһим, Ахметкерей және генерал Ғұбайдолла сұл­тандар да иеленген.

М.Бабажановтың жазуынша, Айжа­рық­тың Ордадан кетуін Орынбор әкім­де­рі қалаған. Сәдуақастың дерегі де се­нім­ді. Өйткені қалай дегенмен, болашақ ағартушы Бұхарадан оралғанда Жәңгір ханның бақилық болғаны (1845) айдан анық. Сол тұста ағылшын, түрік елдерімен қарым-қатынас жасай бастаған Бұхара елінде көп жылын өткізген оқы­мыс­ты қазақтың Ордаға оралуы орыс шенеуніктеріне тіптен ұнамайды. Біздің ойымызша Арқаға – Ақмола өңіріне келгенде Айжарық «Мен Орынбор ұлық­та­ры­нан қуғын көріп, жер ауып келдім» деп айтпай, Сәдуақас секілді жақын шәкірт­терінің өзіне «Ордадан Жәңгір хан өлімінен соң кеттім» деуі әбден мүм­кін. Жәңгір ханның жұмбақ өлімі де Айжарықтың қауіпті аймақтан бас сауғалап, алыс Арқаны біржола мекен етуіне себепкер болған шығар... Оның үстіне орыс билігімен қоян-қолтық қыз­мет істейтін кеңсе шенеунігі, полковник Тұрлыбек Көшеновке сыр білдіруге де сақтық жасаған сияқты. Сәдуақас Мұсаұлының қазанамасында ұстаз өмі­рі­нің бұл кезеңі нақпа-нақ көрсетілген:

«Анда бір жыл тұрып, андан полковник Тұрлыбек Көшеновтің аулында тұрып 11 жыл балалар оқытып, көп адамларны пайдаландырып (ағартып. – С.Қ.) тұрғаны жоғарғы ұлықтарға жетіп, Омбыдағы Кадет корпусында оқитұрған қазақ балаларын оқытуға шақыруы бойынша Омбыға барып, анда 63 жылында муфти хазіретлеріне барып емтихан ұстап, имаматлық уә мудәррислікке рұқсат алып, келер жылы 3 жыл Кадет корпусындағы балаларны оқытып тұрған. Андан соң Омбыда оқитұрған мұсылман балалары аз болған соң 1867 жылында Баянауылға көшіп келіп, мәсжидке имам болып неше жылдай қазақ балаларын оқытып, ақыр ғұмырына шақлы Баянда тұрып, көп адамдарды пайдалануына (ағаруына) себеп болды».

Айжарық тіпті аты-жөнін де жасырып, Арқаға «Қамараддин Бижомартұлы» деген лақап атпен барған болуы керек. Осы себептен болар, деректерде оның әкесі мен атасының аты түрліше аталған. Бір кісі есімінің үш түрлі аталуы ойландырмай қоймайды. Ресми орындар ғана емес, ұрпақтары мен жақын шәкірттерінің шатасуына қарап, біздің «лақап есім» жөніндегі болжамымыз дұрыстыққа келеді. Мүмкін, оның Айжарық Айтілеуұлы екенін сүйікті шә­кірті Мәшһүр Жүсіптен өзге ешкім біл­ме­ген шығар. М.Көпейұлы өзі­нің ұстазын жоқтаған «Қамараддин хазі­рет­ті жоқтау» деп аталатын көлемді мәрсие-толғауының соңында «Айжарық Айтілеу­ұлы. Кіші жүз, Бөкейлік қазағы. Мәш­һүр­­дің 30 жасында сөйлеген сөзі» деген анықтама берген.

Орта Азия дінбасылары Айжарыққа ха­зірет, дамолла дәрежелерінен басқа «Қа­мараддин», яғни қазақша «Діннің айы» деген құрметті атақ береді. С.Шор­ма­­нов­­тың жазуынша, ол алдымен Ақ­мо­ла өңіріне келіп, 1852 жылы сон­да­ғы ықпалды қазақтардың бірі полков­ник Тұрлыбек Көшеновтің ауылына қо­ныс­т­анып, осы төңіректегі елдің билігін ұс­­таған Қоңырқұлжа Құдаймендеұлы мен Ыбырай Жайнақұлы секілді аға сұлтандардың иелігіндегі қазақтардың балаларын оқытады. Қамараддин хазіреттің тағы бір талантты шәкірті Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазуына қарағанда білім­дар ұстаз Арқадағы керей, қыпшақ, аты­ғай, қарауыл, қанжығалы, қуандық, сү­йін­д­ік сияқты жеті дуанды жайлаған ел балаларының көкірек көзін ашып, саналарына иман мен ілім сәулесін түсіреді.

1852-1863 жылдары Сарыарқа жұр­ты­ның бірталай зерек жастары Айжарық дамолладан білім алып, ислам мед­ре­селерінде тереңдей оқытылатын 12 пән құпиясымен танысады. Шығыстың классикалық әдебиеті, хикая-дастандар, шайырлық поэзия, қазақтың халық әдебиеті, сопылық ілім бағыттары, ислам философиясы, қоғам және құқық, т.б. негізгі және қосымша пәндер қазақ шәкірттерінің ой-өрісін кеңейтіп, жаңа белестерге ұмтылдырды. Айжарық ишан­ның көркем мінезі, кісілігі, терең білімі мен ағартушылық еңбектері Жәңгір хан мектебінің тағы бір талантты шәкірті М.Бабажановтың «Северная пчела» журналында жарияланған «Қазақтың қазақтар туралы жазбалары» атты мақаласына арқау болған. Зерттеуші осы мақаласында Айжарықтың Бұхарада 18 жыл оқып кел­ген­дігін мәлімдей отырып, осынша мол білімді пайдаға жарататын мүмкін­дік­тің жоқтығына өкініш білдіреді.

Кейбір қазақ ғалымдарының жазуын­ша, Қамараддин хазірет Арқадағы өмі­рі­нің алғашқы жылдарында Семей өңірінде болып, ақын Абайға да дін мен ғылым сабақтарын үйретуі мүмкін. Бұл тура­лы абайтанушы профессор Тұрсын Жұртбай («Айқын» газеті, №121, 2008) мен журналист-ғалым Мақсат Тәж-Мұрат («Астана» журналы, №2, 2010) баспасөзде жарияланған мақалаларында жазады. Өкініштісі сол, алғашқы автор­дың мақаласында Қамараддин лақабы Ка­малатдин түрінде қате берілген және оның «Шаһабуддин Маржанидің мед­ре­се­сін бітірген алғашқы шәкірт» болуы да шындыққа жанаспайтын ақпар. Атал­ған мақаладағы мәліметке сілтеме жасаған М.Тәжмұраттың да пікірлеріне келісу қиын. Себебі Қамараддин мол­ла­ның Маржаниден 11 жас үлкендігі бар және ол татар ғұламасынан бұрын Бұхара шейхтарының алдын көріп, Пірге қол берген әрі жоғарыдағыдай құр­­метті атаққа ие болған бірден-бір қа­­зақ. Асылы, біз «жәдитшілдік» та­рих­­намасын Ш.Маржанидан немесе И.Ғаспыралыдан бастағанымызда төркіні Жәңгір ханнан басталып, Қамараддин, Мұхамед-Салық, Абай, Мәшһүр Жүсіп, Құрбанғали, Шәңгерей, Ғұмарларға жалғасатын қазақ зиялыларының ерен еңбегін ұмытпағанымыз абзал. Оның үстіне болашақ татар ғұламасы, тарихшы әрі имам Шаһабуддин Маржани хазірет Бұхара медресесінде енді ғана ілім үйреніп жүрген жылдары Жәңгір хан түрік, татар, шағатай және бірнеше Еуропа тілдерін меңгерген, 1841 жылы Ішкі Бөкей Ордасында жаңа тұрпаттағы мектеп ашқан, 1844 жылы Қазан университетінің құрметті профессоры атанған белгілі мәдениет пен ғылым қайраткері еді...

Расында, қазақ ғалымдары Айжарық Айтілеуұлының 1807 жылы, ал Шаһа­бу­ддин Маржанидің 1818 жылы дүниеге келгендігін есепке алмаған сияқты. Татар тарихшысы Ғабделбари Батталдың мына деректері де соның дәлелі: «Ш.Маржани Бохарага 1838 елның 12 декабренде барган. 1849 елда исә, шактый мөһим кульязма китаплар һәм букча-букча ғыйльми язмалар белән төянеп, Казанга кайткан». Бұл мәліметті белгілі дін қайраткері, имам Р.Фахреддин де растайды. Ал Айжарық Айтілеуұлы, яғни, дамолла Қамараддин хазірет Бұхараға оқу үшін 1834 жылы аттанған болатын. Айырмашылығы, қазандық шәкірт Бұхардағы «Мір-Ғарабта» 10 жыл, Самарқандағы «Көкелташта» 2 жылдай оқыса, Айжарық Бұхарға екі мәрте барып, бас аяғы – 15, кей деректе – 18 жыл шариғи ғылым көзінің көзесін түп-түгел сарқып қайтқан еді.

Ақын өмірбаянын өзгелерден гөрі жақсырақ білетін М.Әуезовтің мәліметіне қарағанда «Абай он жасқа келгенде әкесі Семей қаласына әкеліп оқуға берген, бұдан бұрын қырда оқыды ма жоқ па? Ол туралы хабар жоқ. Семейде алғашқы берген молдасы Ғабдулжаппар деген татар имамы. Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза деген имамға тапсырған. Бұ да татар имамы. Екеуі де мешітте имамдық қылып, сол мешіттерінің жанында медреселері болған». Бізге белгілі мәліметтерден білгеніміз, Абай осы медреседе қазақтың алғашқы кәсіби тарихшыларының бірі Құрбанғали Халидұғлымен қатар тәлім алуы мүмкін. Ал Абай өмірі жайында алғаш қалам тербеушілердің бірі, Алаш қайраткері Ә.Бөкейханов: «Абай он-он екі жастар аралығында қазақ даласында жүріп хат таныды. Ал он екі жасында Семейдегі Ахмет Риза молданың медресесіне түседі. Абай он төрт жасында сонда жүріп үш ай орыс мектебінен дәріс алады. Осы төрт жылдық медреседегі және үш айлық орыс мектебіндегі дәріспен Абайдың мектептік оқуы аяқталады» – деп жазды.

Былай қарағанда жоғарыда келтірілген екі зерттеушінің мәліметтерінде елеулі айырмашылық жоқ сияқты. Дегенмен Әлиханның дерегіне сүйенсек, Абай мұсылмандық әліппесін ел ішінде – Қырдағы оқыған молдалардың бірінен алғандай көрінеді. Себебі оқуы терең – араб, парсы тілдерінің грамматикасына қоса, шариғат ілімін қаузайтын 12 пәнді және Шығыс классикалық әдебиетін оқытатын медреседе білім алу үшін талапкер алдымен, кем дегенде ауыл мектебінен, не болмаса, жеке молдадан сауат ашып, «тіл сындыруы» қажет. Демек, жас Абай аға сұлтан Құнанбай өз жанында ұстаған ноғай-татар молдаларының бірінен «әптиекті» тауысып барып, Семейдегі медресеге аттануы шүбәсіз. Бірақ Абай медреседе 3 жыл оқығаны өз алдына, өз бетінше көп оқып ізденгеннің өзінде мұншама ілім-білім иесі болып шығуы неғайбыл еді.

Шынына келгенде, 14-15 жасында мед­реседен босаған Абайдай талапкер жас­тың ел істерімен ғана айналысып, оқу­сыз қарап жатқаны да иланымға көн­бей­ді. Әлбетте, бұл ретте ойымызға тағы да Арқадағы көптеген ынталы жастың көкірек көзін ашқан, 1863 жылға дейін Ақмола уезінде, 1867 жылдан бас­тап Баянауыл өңірінде, жиын-теріні – 35 жыл ұстаздық еткен Қамараддин хазірет еріксіз еске түседі.

Абай өмірбаянының шәкірттік ке­зеңін­де Қамараддин есімді молда не ха­зі­реттің есімі ұшыраспайды. Есесіне, Абай­дың ұстазымен кездесуі ақынның 20 жастағы кезінде – Айжарық дамолла Омбыда имам әрі кадет оқытушысы қызметінде тұрған мезгілінде орын алуы қисынға көбірек келеді. Абайдың 1866 жылы Омбы Кадет корпусында оқып жүр­ген інісі Халиолла Құнанбайұлына жазған үшбу хатындағы ықыласты пікірінен екі зиялының бір-бірін білетіндігін және ерекше қадір тұтатындығын аңғару қиын емес. Осындағы: «Сізден бізге хат жазған Қамараддин моллаға көптен-көп сәлем дегейсіз. Һәр бір сізге дінқарындасы тұр­ғы­сынан қылған жақсылықтары Алла тағаладан қайтсын, өзіне хат жазуға уАқыт тар болды», – деп келетін Абай лебізінен біраз жайттың басы ашылады. Хат мазмұнына қарағанда, хазіреттің жас Абай мен ақынның Омбыда оқып жатқан інісі Халиоллаға ұстаздық жол көрсетіп, жағдайға қарай жанашырлық танытқандығы, тіпті өзара хат-хабар алысып тұрғандығы да байқалады. Бұл кезде Абайдың жасы 21-ге, Халиолланың 17-ге жаңа толған жасөспірім екендігін ескерсек, ағайынды шәкірттердің Қамараддин дамолладан үйренер үлгі-өнегесі де, алар тағлым-тәрбиесі де аз болмасқа керек.

Өткен ғасырдың 30-жылдарында Санкт-Петербург қаласындағы Шы­ғыс­та­ну институтының Березин қо­рын­да сақталған бұл хатты тапқан академик Ә.Марғұлан болатын. Академиктің жазуын­­ша, Қамараддин дамолланың қолынан атақты Науан хазірет пен Ақан сері де шариғат шәрбатын татқан, тариқат тылсымына батқан. Бұл пікірдің жаны бар. Себебі Айжарық Айтілеуұлының Арқа­да­ғы ұстаздық қызметі дәл осы Ақ­мо­ла өңірінен басталғаны тарихи дерек­тер­ден белгілі.

Әйтсе де хаттағы мәліметтер әлі күнге жөндеп тексеріліп, зерттелген емес. Осы жолдардың авторы 2012 жылы бір айлық ғылыми іссапар кезінде Питердегі аталған қорда сақталған құжаттық материалдарды қайта сүзіп шығып, онда сақталған Қамараддин хазіретке қатысты өзге екі хатты тауып, көшірмесін алғаны бар. Хаттардың бірі 1868 жылы Шоқанның ұстазы Н.Костылецкийге жазылған болып шықты. Бұл уақытта Айжарық ишанның Баянауылдағы Мұса Шорманұлы ашқан мешіт-медреседе шәкірт тәрбиелеп жат­қа­ны мәлім. Хазірет Николай Феодо­ро­вичтің әйел, бала-шағаларының хал-жағдайларын сұрап, оларға бақытты ғұмыр тілейді. Хаттың соңын: Ғабдулғани ағаға уә Ағлан-ад-динге уә ғайри сұрағушы ағайынға дұға-и сәлем дейсіз. Һәрнешік хатуңизни йәна күтеміз – муштамал ахуа­лат­ларың илән. Қамараддин дамулла», – деп аяқтайды.

Кадет корпусында үш жылдан аса уақыт ислам діні мен тарихынан және Н.Костылецкиймен бірлесіп шағатай тілінен дәріс оқыған Қамар хазірет Құнан­байдың дарынды ұлдарын қажетті кітап­тар­мен де қамтамасыз етіп отырған десек, қателеспейміз. Ондай дүниелердің арасында Еуропа мен Шығыстың клас­си­калық әдебиеті де, ислам-шариғат қағи­да­лары мен жаратылыс заңдарын түптен қозғайтын талай құнды кітаптар болуы мүмкін ғой. Кейінірек, Абай толғаған ислами-имани пәлсапалық ой орамдары мен ғақлият сөздері де «аспаннан салбырап түспеген», осы тектес оқымысты һәм турашыл хазірет көкірек көзін ашқан, оқыр кітабын нұсқап, алар ілімі мен барар бағытына жөн сілтеген ұстаз мектебінің нәтижесі деу ләзім. Хазірет хат жолдаған орыс зиялысының дарынды қазақ ғалымы Шоқан Шыңғысұлының ұстазы екені мәлім. Шоқанға әдебиеттен дәріс беріп, ерекше жанашырлықпен тәрбиелеген Николай Феодоровичті Қамараддин хазі­рет­тің «ашына-и достым» дегеніне қа­рап олардың жақын араласқан сыйлас, пікір­лес жандар болғандығын аңғару қиын емес. Хаттың шағатай тілінде жазылуы – Н.Костылецкийдің түркі тілде­рін­де сөйлеп, жаза білетіндігіне куәлік етсе, керісінше Айжарықтың орыс тілін әжептәуір білуі ғажап емес.

«Жақсыда жаттық жоқ» дегендей, Омбыда тұрған бірнеше жыл қадарында Айжарық ишан көптеген зиялы жандармен, дін ағартушыларымен емен-жарқын араласқаны байқалады. 1863 жылы хазірет Кадет шәкірттеріне дәріс бере бастаған кезде Шоқанның әлі тірі екен­дігін ескерсек, ол екеуінің кез­де­су мүмкіндігін жоқ­қа шығара ал­май­­мыз. Тіпті Николай Фео­дорович кей­бір ауыз әдебиеті материал­да­рын Қа­ма­рад­дин хазіреттен алып, Н.Березин ар­қы­лы Питерге не Қазан уни­вер­ситетіне жіберіп отыруы мүмкін. Өйт­кені Мәшһүр Жүсіп деректеріне жү­гін­сек, оның өзі де халық әдебиеті үл­гі­ле­рін алғаш 8-9 жасында ұстазы Қамар хазіреттің айтуы­нан үйренгенін жазған. Бір жағынан, Айжарық Айтілеуұлы кейін­гі Батыс және Шығыс Алашорданың арасын жал­ғас­тырған алтын көпір сияқты. Бөкей­лікте Жәңгір мектебінен тәлім көріп, Орынбор қаласындағы кадеттер учи­ли­ще­сінде білім алған М.Баба­жа­нов пен Омбыдағы Шоқанның өзара таныс болуы, Айжарық дамолланың Халиолла мен оның Жидебайдағы ағасы Абайға ұстаздық етуі, ілгеріде айтылғандай, Науан, Шәймерден, Мәшһүр, Сәдуақас, Ақан сері, т.б. көп­те­ген қазақтың белгілі тұлғаларының шығармашылық ғұмырбаяны осындай ойға еріксіз жетелейді.

Көлемі 4 бетті қамтитын екінші хатты 1865 жылдың 21 сәуірінде Мәскеу қаласындағы Кремлге жақын Болотной алаңында Айт намазын оқу үшін арнайы өкілеттікпен, біраз жамағатпен барған Петропавл губерниясының имам-ахуны Ғабдоллабай бин дамолла Ғаббас әл-махсым деген кісі жолдаған.

Арбаттағы Айт намазы шынында да зор салтанатпен өткені байқалады. Пар ат жеккен әдемі фургон-күймелі шананың алды-артында 12 қазақ-орыс, екі жанында 4 жандарм қошеметпен алып жүргені, 15 мың орыс қызықтап, 10 мың жамағат намазға сапқа тұрғандығы, намаздан соң халыққа уағыз айтылып, пітір-садақа жиылғаны, орыстардың қатты таңырқап, ахунға риза болғаны да мақтанышпен баяндалады. Сондай-ақ осы хаттан Қамараддин хазіреттің Кадет корпусында дәріс берумен шектелмей, Омбы маңындағы қазақтардың әлеуметтік-құқықтық мәселелерін шешуге тікелей атсалысқанын көруге болады. Анығы, Қамараддин хазірет Петропавл аймақтық ахунынан Омбы төңірегінде «санда бар, санатта жоқ» әрі «указной» молдаға зәру қазақтардың некелік рәсімін заңдастыру үшін өзіне жергілікті үкіметтен рұқсат қағаз алу үшін кеңес беруін сұраған.

Бұл аз ғана деректің өзі де Мәшһүр мен Сәдуақас мақалаларында сипаттайтын Айжарықтың жұрт қамы үшін жаны күйген нағыз тақуа мұсылман – тура жол иесі екендігін толықтай құптайды. Қисынға салсаңыз, Мәскеу төрінде – Арбатта Айт намазын өткізген мәртебелі дінбасының өзі хат арқылы есеп беруіне қарағанда Қамараддин хазірет бүтін Еуразия түркілерінің белгілі қайраткерлері санасатындай үлкен беделге ие болған.

Айжарық Айтілеуұлы дүниеден өткенде Сәдуақас Мұсаұлы жазған қазанама-мақалада ұлық ұстаздың аса көркем мінезі мен ел үшін сіңірген игі істері жайында тебірене жазған. «Өткен 1888 жылында сентябрь айында молла Қамараддин хазіреті 81 жасында Баянаула атырабында опат болып, Баянаула қаласының күншығыс жағында бір шақырымдай жерде мұсылман қабірлері ішінде дәфін болынды. Бұ күнгеше қазақ халқы ішінде мұндай адам аз болса керек», – деп басталған қазанама соңындағы мына пікірлер Қамараддин хазіреттің нағыз тақуа, жұрт жоқшысы, терең білім мен кісілік иесі екендігін айғақтайды:

«Бұ марқұмның мінезі сондай еді: нашар, дәулеті жоқ адамдардан хақы алмақ түгілі, оқығаны үшін бәлкім, өзінен тамақ беріп оқытатұғын еді. Және халық ішінде аразлық болса, насихат айтып татуластырар еді. Және екі-үш күнлік жерде өзінің білетұғын адамларында ауру яки қайғылы кісілер болса, сонша қарт болса да ерінбей барып, көңілін аулар еді. Билер бітіре алмайтұғын үлкен іслер ол кісінің насихат қылуы илан татушылық /жөнімен/ бітіп қалатұғын еді. Көп адамларға зары өтсе керек. Қазақ халқы бір артық адамынан айырылды».

Қамараддин хазіреттің ел алдындағы ерекше қызметі туралы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да құнды мәліметтер жариялаған. Мысалы, «Дала уәлаяты» газетінде басылған «Даладағы оқу жа­йынан» атты мақаласында ол Арқадағы ең білімді ишандар қатарында алдымен Қамараддин дамолланың есімін ілтипатпен еске алады.

Түйіндей айтқанда, Айжарық Айтілеуұлы (Қамараддин хазірет) өткен ХІХ ғасырдағы қазақ даласында ілім мен білімнің шамшырағы болып қана қоймай, туған жұртының топырағына ізгілік пен кісіліктің асыл ұрығын сепкен алғашқы ағартушылардың бірі болды. Қамараддин хазіреттің мектебі алғаш 1852 жылы Ақмолада – бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласында ашылып, сол арада сандаған қазақ балалары 11 жыл бойы ескі мен жаңаның парқын айырарлық сапалы білім нәрімен сусындады. Омбыдағы Кадеттер корпусын айтпағанда Баянауылда ширек ғасырға жуық медреседе шәкірт тәрбиелеп, қазақ рухының оянуына өлшеусіз үлес қосты. Өкініштісі, бір заманда тылсым білімі мен терең ақылы, шариғатқа шеберлігі мен адамдық табиғаты Мұхамед-Салық, Мәшһүр Жүсіп, Сәдуақас мырза сияқты талай оқыған қазаққа ой салған Қамараддин хазірет туралы ешбір оқулықта не ғылыми еңбектерде жазылмаған.

Біздіңше, Абайдай ұлт көсеміне тура жол көрсетіп, Мәшһүр Жүсіп, Сәдуақас, Ақан сері, Науан, Шаймерден сынды Алаш ұлдары бастаған ондаған сахара саңлақтарының көкірек көзін ашқан Қамараддин хазіреттей пассионар тұлғаның қазақ тарихы төрінен ойып орын алатын мезгілі жеткен секілді.

 

Серікбай ҚОСАН,

шығыстанушы, филология ғылымдарының кандидаты


egemen.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі