Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БІР ТҮН БАР МЫҢ АЙДАН ҚАЙЫРЛЫ...

Хасан АМАНҚҰЛ "Мұнара" газеті 19.05.2020 746 0 пікір
БІР ТҮН БАР МЫҢ АЙДАН ҚАЙЫРЛЫ...

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айының соңғы он күніне ерекше көңіл бөліп, түндерді ұйқысыз өткізетін. Отбасын ұйқыдан оятып, оларды да құлшылық етуге шақыратын. Өйткені бұл түндердің басқалардан орны бөлек, оның ішінде Қадір түні бар. Әсілінде біз де Рамазан айының соңғы күндерін осылай өткізуіміз қажет.

Қадір түнінің «қадір» аталуында екі мағына бар. Біріншісі – қадірлі, құрметті, екіншісі пенделердің тағдырын белгілеу деген мағынаға саяды. Қадір түнінің қадір-қасиетін бес аяттан тұратын «Ләйлат-ул-қадір» сүресінен жете түсіне аламыз.

«Қадір» сүресі «Шынында, Біз оны (Құранды) Қадір түнінде түсірдік» деп басталады. Жалпы Құранның түсірілуі адамзат тарихындағы үлкен оқиға болды. Құран – адамзат үшін ашық жол көрсетуші, екі дүниенің бақытына жеткізуші қасиетті кітап, Алланың сөзі. Ибн Аббас (одан Алла разы болсын): «Осы түні Құран Кәрім толықтай төменгі дүниенің аспанына түсірілді», – деген. «Қадір» сүресінің бірінші аяты Құран Кәрімнің нақ осы Қадір түні түскенін айқындап, оның бұрыннан құрметті, аса мәртебелі түн екенін білдіріп тұр. Кей ғұламалардың айтуынша, Алла Тағала тарапынан түсірілген бұрынғы қасиетті кітаптар да осы берекелі Рамазан айында түсірілген. Ендеше «Қадір» сүресінің алғашқы аяты Құран Кәрімнің осы Қадір түні түсірілгендігін айқындап, осынау түннің айрықша дәрежесін биіктетіп тұр. Келесі аяттарда бұл түннің аса қасиетті түн екені паш етіледі.

«Қадір түні мың айдан қайырлы» деген аятта осы сырдың құпиясы ашылады. Демек осы түнде орындалған амал-ғибадаттар мың айда жасалған ғибадаттан да қайырлы, сауапты болады дегенді білдіреді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Қадір түнінде шынайы иманмен, сауабынан үміт етіп ғибадат қылса, оның бұрынғы күнә-қателіктері кешіріледі», – деген (Бұхари).

Қадір түнінің «тағдыр» деген мағынасына байланысты «дәл осы түні келер жылы болатын істердің тағдыры шешіледі» деп түсіндіріледі. Яғни пенделердің ризық-несібесі, жалпы қайырлы істердің тағдыры, өсімдіктер, жауын-шашындар, жер сілкінісі, найзағайлар, жердегі апаттар, тауқымет, ажал істері орындаушы періштелерге жүктеледі.

Бұл түні періштелер мен Рух (Жәбірейіл періште) Раббысының рұқсаты бойынша барлық іс (Алланың әмірі) үшін түседі. Ибн Аббастың (одан Алла разы болсын) айтуынша осы түні Жәбірейіл бастаған мыңдаған періштелер аспан әлемінен жерге түседі. Жер бетіндегі адамдардың, оның ішінде мұсылмандардың не істеп жатқанын бақылайды. Түн аяқталған соң көкке қайта көтеріледі. Періштелер мұсылмандардың намазын, тәсбих-тәһлилін, дұға-тілегін жоғары көтеріп әкетеді. Алла Тағала олардың ізгілерінің күнә-қателіктерін кешіріп, олардың құрметі үшін жамандарын да кешіреді.

Қадір түні таң атқанға дейін мамыражай, бейбіт күйде өтеді. Аяттағы «сәлем» сөзі періштелердің әрбір мүмин-мұсылманға сәлем беруін білдіреді.

Биыл Қадір түні 19 мамырдан 20 мамырға қараған түнге сәйкес келіп тұр. Алайда осы түн Қадір түні екен деп, сол кезде ғана көп ғибадат жасап, Рамазан айындағы басқа түндерді ескерусіз қалдыруға болмайды. Бұрынғы өткен ізгі жандар Қадір түніне сәйкес келер деп Рамазан айының барлық түні бар ниетін қойып, ғибадат еткен.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айының соңғы он күнінде иғтикафта отыратын және: «Қадір түнін Рамазанның соңғы он күнінде іздеңдер», – дейтін (Тирмизи). Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) онда Қадір түні бар болғандықтан аталған күндерде иғтикафта отыратын еді. Себебі күн-түн иғтикафта отырған адамның Қадір түнін табуы анық. Алла Тағала Рамазан айының соңғы күндерін сауапты істермен өткізіп, берекесі мен қайыры мол Қадір түнінің шарапатын нәсіп еткей! Күллі мұсылман қауымның игі тілек-дұғасы мен тағат-ғибадатын қабыл еткей!

Хасан АМАНҚҰЛ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары

 «Мұнара» газеті, №10, 2020 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі