Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

САБЫРЛЫҚТА ЖАРЫСАЙЫҚ!

Батыржан МАНСҰРОВ «Иман» журналы 03.03.2020 5259 0 пікір
САБЫРЛЫҚТА ЖАРЫСАЙЫҚ!

Адам баласы көбіне көп бір жағдайға тап болғанда немесе ешбір мүмкіншілігі қалмаған сәтте амалсыздан сабырлық етіп жатады. Мұны сабыр емес, мүмкін төзімділік десе болғандай.

Қиыншылыққа сабыр емес, шарасыз төзімділік танытқан кісі басына келген жағдайды Алла тарапынан бір сый немесе артында жақсылықтың жасырылғанын білмегендіктен, рухани күйзеліске түседі. Алайда, мүміннің танытқан сабырлығы төзімділіктен әлдеқайда өзгеше. Өйткені, сынақты беруші Алла, сондай-ақ, жақсылыққа себепкер деп біледі.

Тағдырына жазылғанға шын көңілімен разы болып, сабыр етеді. Алла оған қиындыққа сабыр етерлік күш-қуатты да береді. Сол себепті қиыншылыққа жол бермейді, келген қиындықтан сақтайтын бір Алла деп, одан жалбарына жәрдем тілейді. Аллаға сенім артқан мұсылманның үлкенді-кішілі сынақтардың баршасында сабыры үздіксіз жалғасып жатады.

Бұдан түйеріміз, иманнан алыс пенде бір жағдайға шыдаса, енді біріне сабырсыздық жасап, төзімінде тұрақсыз екенін көрсетеді. Алайда, мұсылманның сабыры қандай болуы тиіс? Бұған қысқаша тоқталып өтелік.

Көркем мінезге тәрбиеленеді

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мұсылман Алла разылығы үшін сабырлық танытқандықтан, жақсы мінезді бойына қалыптастыра бастайды. Құранда мүмін былай сипатталады: «Олар сабыр етушілер, шыншылдар, бой ұсынушылар, Алла жолында малын сарып етушілер және таңсәріден жарылқау тілеушілер, (таң намазын оқушылар)» («Әли Имран» сүресі, 17-аят). Аятта сөз етілген сабыр жүрекке орнығумен іске асады. Бір адам өзгеге ренжігенде өзін ұстауы немесе дүниесін, тіпті, кедей болса да жақсылық жолында Алла разылығы үшін жұмсай білуі сабырмен келеді. Әрине, өз қалауын тыйып, малын өзгеге бере білу де сабырға да тиесілі. Алланың әмірі мен тыйымдарын ғұмыр бойы орындау да сабырмен тығыз байланысты. Нәтижесінде жұмсақтық, мейірімділік, кешірімділік, шыншылдық т.б. осындай адами қасиеттерге қол жеткізіп, Алланы разы етер көркем мінезді бойына сіңіре бастайды. Демек, Алланың рақымы мен жәннатына мұсылмандардың қол жеткізуінде сабыр осылайша себін тигізеді.

Алла разылығы үшін сабыр етеді 

Мұсылманның дүниедегі негізгі мақсаты – Алланың бұйрықтарын ұнамды орындап, өзінің көркем мінезімен разылығын алу. Ал оған сабырлылықпен әрі жалғасты болуымен қол жеткізеді. Алла Тағала былай дейді: «Таңертең, кешке Раббыларына, Оның ризашылығын іздеп, жалбарынғандармен бірге өзің де сабыр ет!» («Кәһф» сүресі, 28-аят). Аталған аяттың негізінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалай сабырлық танытқан болса, үмметі де Алланың разылығын алу мақсатында солай сабыр етеді. Алла Тағала қиындықты нағыз сабыр етушілерді сынау үшін жаратқан. Ал мұның сырына тоқталсақ, Алланың разылығынан үміт ете отырып, сабыр еткендер жәннатпен сүйіншіленеді. Дүниелік пайда ойлап, қиындыққа амалсыз төзгендер ақырет сауабынан мақұрым қалады. Сол үшін де мұсылмандар разылық амалды шынайы көңілмен атқарады. Өйткені: «Раббыларының ризалығын іздеп, сабыр еткендер...» («Рағыд» сүресі, 22-аят) дей келе: «... міне, ақирет жұртының табысы солардікі» деп жоғарыдағы ақиқатты растауда.

Сабыр етуде жарысады

Құранда Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Әр нәрсеге сабырлы, жауға шыдамды және қорғанысқа дайын болыңдар. Сондай-ақ Алладан қорқыңдар, әрине, құтыласыңдар» («Әли Имран» сүресі, 200-аят) деген аятымен мұсылмандарды Өзінің разылығын және жәннатын иелену үшін жарысуға шақырады. Мұсылмандар Алланың сүйіспеншілігіне бөленіп, сыйына қол жеткізу сабырлылықта бір-бірімен жарысады.

Иә, иман келтірген адам басына қандай іс түссе де сабырлық танытып, Жаратқанға деген сеніміне еш селкеу түсірмеуге әрекет етеді. «Неге бұлай болып кетті?» деген секілді күмәнді ой-пікірлерге берілмей, сабырлық жолында өзара жарысын жалғастыра береді.

Құрметті мұсылман бауырлар! Қандай қиындық болса да, оны сынақ деп қабылдап, сабырлылықта жарысайық!

Батыржан МАНСҰРОВ,

ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс

бөлімінің меңгерушісі,

 

«Иман» журналы, №2, 2020 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру