Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АБАЙДЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕШІ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Серікбол Хасан https://www.muftyat.kz/ 22.01.2020 6112 0 пікір
АБАЙДЫҢ АЛҒАШҚЫ КЕШІ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Елордадағы мемлекеттік опера және балет театрында қазақтың ұлы ойшылы, ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Енді мерейтой аясында еліміздің барлық өңірінде және шетелдерде осындай мерекелік шаралар жалғасады. Осы жерде сауал туады. Абайдың ең алғашқы кеші қалай өтіп еді?

Хәкімнің тұңғыш кешін ұйымдастырған қазақтың алғашқы журналист қыздарының бірі Нәзипа Құлжанова болатын. Нәзипа ол кезде Семей мұғалімдер семинариясында сабақ беретін. Ол оқушыларға дәріс беруден бөлек, қазақ балаларын өнерге баулу мақсатында түрлі рухани шаралар өткізіп тұрды. Соның бірі Абайдың дүниеден өткеніне 10 жыл толуына орай ұйымдастырылған әдеби кеш еді.

Абайдың алғашқы кеші 1914 жылдың 26 қаңтарында Семейдегі Луначарский клубында өтті. Кештің өтуіне Орыс география қоғамының Семейдегі бөлімшесі ұйытқы болды. Кешті ұйымдастырушылар қатарында Нәзипадан бөлек, оның жары Нұрғали Құлжанов, Абайдың баласы Тұрағұл мен інілері Шәкәрім, Кәкітайлар да болды. Әдеби кеш Абай шығармашылығына арналған баяндамамен ашылды. Содан кейін ақынның жырлары оқылып, әндері орындалды. Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Айтмауытов, Қаныш Сәтбаев кеште өнер көрсетті.

Бұл кеш жайлы Міржақып Дулатов «Қазақ» газетіне: «...Өткен 26 январьда Семей қаласында Географический Общества, ондағы оқыған қазақ жастарының жәрдемімен Абай құрметіне әдебиет кеші жасағандығы – Семей халқынан күткен үмітімізді күшейтуге зор дәлел болса керек. Ол кеш бірінші қазақ ақынының құрметіне жасалған бірінші әдебиет кеші болып һәм бірінші қазақ әйелі (Нәзипа ханым Құлжанова жамағатының) майданға түсіп берген өрнегі еді» деп жазды («Қазақ» газеті, №67, 1914 жылдың 23 маусымы).

Арада аз уақыт өткенде «Қазақ» газеті «Семейдегі әдебиет кеші» деп қайыра бір мақала жариялады. Ол мақалада: «26 январьда Семейде «Народный домда» жағрафия жамиғатының (қоғамының - Қ.М.) әдебиет кеші болды. Бұл кеште халық аса көп болып үйге сыймағандықтан, бірсыпыра адамдар кіре алмады.

Ол күн атақты ақынымыз, марқұм Абай Құнанбайұғылы турасында баяндама оқылады деген хабар халық арасына бұрынырақ тараған себепті жұрт ол күнді асыққандай күтіп тұрды. Баяндаманы Нәзифа ханым (Құлжанов жамағаты) орысша оқыды. Баяндамада Абайдың қырда өсіп аз оқыса да Еуропа данышпандарының кітаптарын оқып, сөзін ұғып, көңіліне тоқып, Россияның Пушкин, Лермонтов, Толстой атты мәшһүр адамдарының сөздерін қазақ тіліне аударып жазып, қазаққа өзі өлсе де сөзін қалдырып кеткенін сөйледі» делінген («Қазақ» газеті, 1914 жылдың 23 маусымы).

Мақалада әдеби кеште ақынның қасында жүрген шәкірті Әлмағамбет Қапсәләмұлы деген жігіттің домбырамен Абай әндерін шырқағаны жазылған. Әлмағамбет Татьянаның әнін шырқап көпшілікті таңғалдырған. Бұдан бөлек мақалада Абай өлеңдері оқылып, Бахтың увертюрасы рояльда орындалғаны, соңында қазақтың тұрмыс-салтына қатысты көріністер қойылғаны баяндалады.

Абайдың алғашқы кеші жайлы «Айқап» журналында да арнайы мақала шықты. Онда «…Абайдың орысша жазылған ғұмырнамасы (биография) оқылды, арасындағы өлеңдері қазақша жазылған еді. Бұл ғұмырнаманы бұдан бірнеше жыл бұрын Әлихан орысшаға көшірген екен. Кеште оқушы семинария учителі Нұрғали Құлжановтың жамағаты Нәзипа ханым болды. Сөздің аяғында: «Абайды туғызған қазақ даласы, тағы да талай Абай секілді, бәлки онан да артық, данышпандар туғызар» дегенде тыңдаушы қазақтардың жүйесі босап, көзіне жас алғандары да болды (байғұс қазақ қамкөңіл ғой). Нәзипа ханымның орысша таза сөйлеуіне орыстар таңғалды» деп жазылған («Айқап» журналы, №4, 1914 жыл).

Иә, 1914 жылы Семейде өткен Абайдың алғашқы кеші қазақ топырағындағы тұңғыш әдеби кеш еді. Қазір Абайдың да, басқа ақындардың да әдеби кештері көптеп өтіп жатыр. Алайда бәрінің бастауында Назипа Құлжановадай нар қайраткердің еңбегі жатқанын біле бермейміз. Нәзипа өткізген сол кеш Абай атын жұртқа жаюдағы алғашқы қадам болатын. Сондай-ақ қазақ арасында алғаш болып қайырымдылық концертін ұйымдастырып, ол кештен түскен ақшаны қайырымдылыққа аударған да осы Нәзипа Құлжанова еді. Ол кештің қалай өткені жайлы алдағы уақытта баяндаймыз.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру