Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АЙША АНАМЫЗ 9 ЖАСТА ТҰРМЫСҚА ШЫҚҚАН БА?

Ермек ЕСҚОЖА "Мұнара" газеті 13.01.2020 7654 0 пікір
АЙША АНАМЫЗ 9 ЖАСТА ТҰРМЫСҚА ШЫҚҚАН БА?

Пайғамбарға деген танымның бұзылуы пайғамбарды бұзбайды. Оны жаңылыс тану мұсылманды бұзады. Небір ұлы адамдар, лидерлер, әйгілі ғалымдар мен ғұламалар осындай мерездің құрбаны болды. Пайғамбар танымы бұзылған кісінің, адамға деген көзқарасы бұзылады. Себебі адамды тану пайғамбарды танумен тікелей байланысты. Кейбір Ислам дұшпандары пайғамбарға деген танымды бұзу арқылы мұсылмандарды жат жолға түсіргісі келетіні бесенеден белгілі. Пайғамбарға деген таным бұзылса, адамгершілік бұзылатынын олар өте жақсы біледі. Сондықтан олар «пайғамбар тоғыз жастағы қызды алды» деген байбалам шығарып, өздерінің жымысқы жолдарына құрал етіп келеді. Негізінде пайғамбарымыз Айша анамызды 9 жасында емес, 19 немесе 20 жасында некелеп алды. Оған көптеген дәлелдер келтіруге болады. Біз бұл мақалада соның бесеуін ғана баяндаймыз.

 

БІРІНШІСІ

Имам Бұхари мен Мүслимнің хадис жинақтарында мынадай хадис келген. Бұхари жинағындағы «Тәпсір» бөлімінің «Фадаилул Құран» атты тарауында келген хадисте Юсуф ибн Мәһик былай дейді: «Айша: «Алла Тағала пайғамбарына «Ендеше біліп қойсын, жақында ол қауым жеңіліс тауып, ту сыртын беріп қашады» («Қамар» сүресі, 45-аят) деген аятын түсірген кезде мен ойын баласы едім» деген еді».

«Қамар» сүресінің бұл аяты Меккеде ай жарылған әйгілі оқиға болған кезде, һижретке екі жыл қалғанда түскен. «Қамар» сүресі ибн Аббастың, Әзірет Османның, имам Жағфардың көзқарастары бойынша һижридің 5 жылы түсті. Егер «Жеті жаста атастырылып, тоғыз жаста некесі қиылды» деген сөзді негізге алып, ақиқаты осы дейтін болсақ, Айша анамыз «Қамар» сүресі түсіп болғаннан кейін өмірге келуі керек еді. Бірақ тарихи деректер бұлай деп тұрған жоқ. Хадисте «ойын баласы» деп аударылған «жәрия» сөзі 9 яки 11 жастағы қыз балаға айтылады. Қай уақытта, қандай аяттың түскенін 3 яки 4 жасар баланың білуі мүмкін емес. Демек Айша анамыз осы сүре түскен кезде 9 жаста болды деп есептесек, пайғамбарымызбен некесін қиған кезде 19 жаста болып шығады.

 

ЕКІНШІСІ

Ибн Хажар әл-Әсқаланидың дерегіне сүйенсек, Әбу Бәкір қызы Әсма өзінің сіңлісі Айшадан он жас үлкен болған. Ғұламалардың бәрі Әсманың Айшадан жасы үлкен әпкесі екенін, һижреттен 27 жыл бұрын дүниеге келгенін жазған. Ал һижрет пайғамбарлықтың 13-жылы орын алған. Бұлай болған жағдайда (27-13=14) Әсма пайғамбарлық берілгенге дейін, яғни «Иқра» деп басталған алғашқы аяттар түсуге 14 жыл қалған кезде дүниеге келген. Сондай-ақ, бізге жеткен деректердің бәрі Әсманың һижреттің 73 жылы қайтыс болғанын жазады. Ендеше Әсма қайтыс болғанда 100 жаста болды. 100-73=27. Бұл һижретке дейін 27 жыл деген сөз. Енді Айша анамыздың ол кісіден он жас кіші екенін ескерер болсақ, 27-10-17 Айша анамыз һижретке 17 жыл қалғанда дүниеге келген. Демек Айша анамыз Пайғамбарымызға пайғамбарлық берілуге 4 немесе 5 жыл қалғанда дүниеге келген. Тарихи даталар осыны көрсетеді. Пайғамбарлық берілгенге дейін төрт жаста болған Айша анамыз некесі қиылған кезде 19 жаста болып шығады.

 

ҮШІНШІСІ

Имам Мүслим жеткізген бір хадисте Айша анамыздың Бәдір шайқасына қатысқанын білеміз. Айша анамыз Бәдір шайқасына кетіп бара жатқан сапарда болған оқиғаны баян еткен хадисте «...біз теректің астына жете бергенімізде артымыздан әлгі кісі қуып жетті...» (Имам Мүслим «Китабул Жиһад уә Сияр», №1817) деген сөзі келген. Бұл бізге Айша анамыздың Бәдір шайқасына қатысқан кісілердің қатарында болғанын білдіретін ап-айқын дерек. Сондай-ақ имам Бұхариден жеткен бір риуаятта сахаба Әнәс Ухуд шайқасының естеліктерін есіне алып тұрып: «Мен сол шайқастың ішінде Айша мен Үммі Сүләйімнің білек сыбанып жүргенін, яғни су тасып зыр жүгіріп жүргенін көрдім...» (Бұхари, «Китабул Жиһад уә Сияр», «Бәбу ғазуатун нисә уә қитәлуһуннә мәғар рижәл») деген. Осы риуаяттардың барлығы бізге Айша анамыздың майдан даласында жауынгерлерге су таситындай бойжеткен қыз болғанынан хабар береді. Ухуд шайқасы миләди жыл санауы бойынша 625 жылдың 23 наурызында болған. Енді есептейік, Айша анамыз пайғамбарлық келгенде, яғни миләди жыл санауы бойынша 610 жылы 4 яки 5 жаста болды десек, Ухуд шайқасы кезінде 19-20 жастағы бойжеткен болғаны емес пе? Ендеше, Айша анамыз тоғыз жаста тұрмыс құрған жоқ.

 

ТӨРТІНШІСІ

Әзірет Айша әкесінің Хабашстанға һижрет жасауға ниет еткенін, алайда оны Алла елшісінің тоқтатқанын айтқан. Мұны кәдімгідей өз басынан өтіп жатқан оқиғадай жеткізген. Онда былай дейді: «Мен әке-шешемнің ешуақытта дін ұстанбаған кезін көрмедім. Біздің үйімізге Алла елшісінің бас сұқпаған бірде-бір сәті болған емес. Күндіз болсын, кешқұрым болсын, әйтеуір бір келетін. Мұсылмандардың басына мүшріктерден ауыр нәубет келіп жатқан кезде әкем Әбу Бәкір Хабашстанға һижрет жасамақ болып ниет етті...» деп басталатын хадисте Әбу Бәкірді жолай ибн Дағана атты қауымының көсемі жолықтырып «Өзіңе қорған боламын» деп қайта Меккеге алып келгенін, Әбу Бәкірдің дауыстай оқыған Құранын жақтырмаған мүшріктердің ибн Дағанаға қайта шағым жасап, ол Әбу Бәкірге «Құранды жасырын оқы» деп ұсыныс айтқанын, Әбу Бәкір қайтадан һижрет жасауға ниет еткен кезде Алла елшісі «Маған һижрет етуге Алладан рұқсат келгенге дейін қасымда бол!» деп тоқтатқанын, содан Әбу Бәкір Алла елшісінің қасында төрт ай көрші болып тұрғанын бүге-шігесіне дейін риуаят еткен (Бұхари, «Бабу жиуари Әбу Бәкр фи аһдин нәби» №2176). Бұларды риуаят ету үшін Айша анамыз ес біліп, бой жетіп қалуы керек. Егер бұл риуаятқа көз салсақ, Хабашстанға Һижрет пайғамбарлықтың бесінші жылы жүзеге асты. Мұны есте сақтап, айна-қатесіз жеткізу үшін едәуір жаста болуы керек. Яғни Айша анамыз пайғамбарлықтан бұрын дүниеге келуі керек. Пайғамбарлық берілген кезде 5 жаста болған Айша анамыз хадистегі оқиғалар орын алып жатқан кезде 8 яки 10 жасар қыз болды.

 

БЕСІНШІСІ

Имам Ахмад ибн Ханбал келтірген бір риуаятта мынадай мәлімет бар. Хадиша қайтыс болып, біраз уақыт өткеннен кейін, пайғамбарға Хаула келіп тағы бір мәрте үйленуін насихат етеді. Сонда пайғамбар «Тұрмысқа шығуға құлқы бар кімді ұсынасың?» деп сұрағанда Хаула бикр (бойжеткен қыз) бен сәиб (жесір әйел) бар екенін айтады. Сонда Алла елшісі «Бикр (бойжеткен қыз) деп кімді меңзеп тұрсың?» дегенде Айшаны айтып тұрғанын айтады (Ахмад ибн Ханбал «Муснад» 6-том). Енді сөздерге мән берейік. Араб тілінде «бикр» деген сөз тоғыз жастағы бүлдіршін қызға емес, бойжеткен қызға айтылады. Ал тоғыз жастағы қызға «жәрия» делінеді. Демек, Айша анамыз үйленуге психологиялық тұрғыдан да, физиологиялық тұрғыдан да дайын болған кезде тұрмыс құрған.

 

Түйін:

Қазір өкінішке қарай алты-жеті жастағы бүлдіршінге көз сұғын қадайтын жетесіздер көбейді. Мұндайларға қателігін айтсаң, саф Исламды құрал етіп «Мұхаммед пайғамбар да тоғыз жастағы қызды алған» деп ақталады. Жоғарыда келтіргеніміздей, ардақты пайғамбарымыз ешқашан тоғыз жастағы қызбен некелескен жоқ. Бәзбіреулер секілді ардақты пайғамбарымыз махаббат пен құмарлықты шатастырып алған адам емес. Пайғамбарды дұрыс танығандар ғана оның соңынан ере алады. «Пайғамбар былай депті», «Пайғамбар былай жасапты» деген алып-қашпа сөздердің түбін тексермей жатып, Құран аяттарына құптатып алмай тұрып, іс-жүзінде орындау үлкен қателікке ұрындырады.

 

Ермек ЕСҚОЖА

«Мұнара» газеті, №4, 2019 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру