Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өтпеліге өміріңді қима...

Абай АЙМАҒАМБЕТ "Мұнара" газеті 20.12.2019 5929 0 пікір
Өтпеліге өміріңді қима...

Австриялық психиатр, философ Виктор Франкл:  «Өзіне-өзі қол жұмсайтын адам өлімнен қорықпайды,  өмір сүруден қорқады», – деген екен. Расында, ақылға сиятын түсінік. Жаратушы құдіретімен жарық дүниеге келген адам неліктен өз өмірін өзі қиюы керек?! Әрине, әркімнің өмірінде сан түрлі қиындық болатыны ақиқат. Бірақ қиындықтан өлім арқылы құтылу – мәселенің шешімі емес.

Соған қарамастан елімізде өз-өзіне қол жұмсайтын адамдар саны азаймай тұр. Әсіресе, жастар мен мектеп оқушылары. Өмірдің әлі ащы-тұщысын сезініп үлгермеген жасөспірімдердің суицидке ұмтылуы үлкен қоғамдық проблемаға айналды.

Биыл қазан айында Ақтөбе облысының Ембі қаласында 6-сынып оқушысы сарайда жіпке асылып бақиға аттанды. Оқиға каникул күндері болған. Қазір Мұғалжар аудандық білім бөлімі құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып өлімге жетелеген жағдайды зерттеуде. Қыркүйек айында тап осындай қайғылы жағдай облыстағы Алға ауданында болған еді. Жаға ұстатқан тағы бір оқиға қараша айында Батыс Қазақстан облысында тіркелді. Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылындағы орта мектепте білім алатын 11-сынып оқушысы мал қорада өмірімен қош айтысқан. Тұрғындардың айтуынша, баланың сабақ үлгерімі өте жақсы болған. Алдыңғы жағдайларда да марқұм болған балалар сабақты жақсы оқыған және толық отбасында тәрбиеленген. Кей жағдайда отбасындағы берекенің қашуы бала санасына кері әсер етіп жатады. Көкшетауда ата-анасымен ұрысып қалғаннан кейін 17 жастағы ер бала көптен бері есігі ашылмаған гараж ішінде асылған болатын. Алдын ала деректер бойынша, шешесінің ұялы телефон бермегеніне ашуланып, үйден шығып кеткен. Одан кейін ата-анасы баласының өлі денесін тауып алған. Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабектің айтуынша, көп жағдайда баланың кемсітушілікке, қорлауға тап болуы бала кезінде ескерілмей, жасөспірім шақта оның есіне түсіп, ашыла бастайды екен.

Қазіргі таңда Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау статистикасы бойынша әлемде үшінші орында, ал Орта Азия бойынша көш басында келе жатыр. Мұндай мәліметті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы таратты. Аталған ұйымның мәліметінше, 15-29 жас аралығы суицид қаупі жоғары кезең саналады. Жасөспірімдерді көп жағдайда өлімге итермелейтін себептер махаббат, емтихан және ата-анасымен ұрысып қалу екен.

Былтыр елордада мектеп оқушысы 16-қабаттан, Көкшетауда тағы бір ер бала 8-қабаттан секіріп кете барған. Ол өлер алдында ата-анасының бұдан былай ұрыспауын сұрап, хат жазып қалдырыпты. Бұл ретте суицидтің біздің қоғамдағы әлеуметтік қордаланған проблемалардың нәтижесі бола бастағанын да аңғару қиын емес сияқты. Өз-өзіне қол жұмсау бойынша еліміздегі ең қауіпті аймақтар – Алматы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары. 2018 жылы Қазақстанда екі жарым мыңдай суицид дерегі тіркелсе, соның ең көбі, яғни 300-ден астам оқиға Алматыға тиесілі болып шыққан. «Елімізде көбіне ауылдық жерлерде суицид жиі болады. Сондай-ақ ата-аналардың балаға лайықты деңгейде назар аудармауы да олардың өзін керексіз сезінуіне әкеліп соғады» дейді психолог Альвина Юсупова.

Астаналық психолог маман Светлана Рудойдың айтуынша, жасөспірім шақтағы өтпелі кезең – суицид жасауға «қолайлы» сәтке айналып бара жатыр. «Жасөспірім кезеңінде олардың ағзасындағы гормондар тым өзгермелі болады. Бала ағзасындағы гормондардың күрт көбеюі және физикалық өзгерістерге дайын болмай қалады да, бұл олардың көңіл-күйінің құлдырауына, не болса соған ашу шақыруына әкеліп соғады. Сонымен қатар, әлеуметтік желідегі өлімге шақыратын парақшалар да қаншама жас өмірді солдырып жатыр» дейді Светлана Рудой.

Шынында, маман айтқан әлеуметтік желі факторы да жасөспірімдердің өмірінде үлкен рөл атқарып тұр. Себебі, қазір балалар ес білгеннен бастап смартфон ұстайды және ондағы қосымшаларды пайдаланады. Жастар әсіресе VKontakte желісіне тіркелуге құштар. Ал ол жерде түрлі пайдалы контентпен қатар, ашық түрде суицидке шақыратын парақшалар да толып жатыр. Өкінішке қарай, оларды әлеуметтік желі әкімшілігі бұғаттамаған. Сондықтан оны кімнің ашып, қарап, қандай ақпаратты тұтынып жатқанын ешкім де бақылай алмайды. Ал елімізде желіні қараудан туындаған зардапты зерттеп, зерделеп, арнайы статистика жүргізіп жатқан ешбір ұйым, департамент, институт мүлде жоқ.

Осыдан біраз уақыт бұрын Алматыда қоғам белсенділері балалар суицидінің алдын алу үшін арнайы ұйым құру мәселесін көтерді. Бұл орайда педофилия оқиғасы да жас өмірлерге балта шауып жатыр. Жыныстық зорлық-зомбылыққа тап болған қыз балалардың ендігі өмірінің өксікпен өтеріне шыдай алмай, басын өлімге байлауы да жиі кездесуде. Мәселен, Екібастұзда былтыр Даяна есімді 16 жастағы қыз 9-қабаттан өз-өзін тастап жіберген. Оны кішкентай кезінде өгей әкесі зорлапты. Сотқа беріп әділдік таппаған қыз басын өлімге тіккен. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің дерегі бойынша, 2019 жылдың 4 айының өзінде 40 ер бала мен 17 қыз бала өз-өздеріне қол жұмсап, көз жұмған. Тағы 28 бала мен 113 қыз суицид жасауға әрекеттенген.

Суицид мәселесінде асыл дініміз де оң көзқарас танытпайды, құптамайды. Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 29-аятында Алла Тағала: «Өздеріңді өздерің өлімге қимаңдар», – дейді. Дін мамандары суицид дертін емдеу үшін имани тәрбие керек деген пікірде. «Жасөспірімдер отбасында, мектеп қабырғасында имани тәрбиеге мұқтаж. Ата-ана, мектеп мұғалімдері және психологтар бірлесе жұмыс атқаруы қажет. Жауапкершілік те теңдей бөлінуі керек. Бұл проблемада ата-ананың кінәсы басымырақ. Ата-ана «баламды жұрттың баласынан кем етпеймін» деп, тек тамағын тауып, киім кешегін бүтіндеумен әлек болуда. Тіпті, шаңырағына бір мезгіл уақыт бөліп, перзентімен ашық-жарқын сөйлесу ұмыт қалған тәрізді. Баласының киімі көк болғанымен, көңілі күпті, жаны құлазып ата-анасының мейіріне мұқтаж күй кешуде. Көп жағдайда мұны ұғына бермейміз» дейді Жамбыл облысындағы «Жуалы» мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбек.

Шынында, қазір перзентімен сырласуды әдетке айналдырған ата-ана некен-саяқ. Балалар ішіндегі күйзелісін, қынжылысын кімге айтарын білмейді. Барлығы содан басталады. Одан кейінгі мәселе – оқушылардың өлім туралы түсінігі тым тар. Олар өлімді өмірдің аяғы деп емес, тәтті ұйқыға кетіп, жан тыныштығын табу деп түсінеді. Бала психологиясының бірден-бір ерекшелігі сол – олар өлімнен қорықпайды. Мұның бәрі де балалардың көп жағдайдан хабарсыздығынан, отбасында дұрыс, имани тәрбие бермегенінен болуы мүмкін. Сондықтан мұнымен бүкіл отбасы, бүтін мемлекет болып айналысуымыз қажет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Тамыз конференциясында: «Жасөспірімдер арасында әбден шиеленісіп бара жатқан суицид проблемасымен айналысу керек. Отбасында және кез келген зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды қорғау үшін толыққанды бағдарлама жасау қажеттілігі туындап тұр», – деп суицид проблемасын арнайы бағдарлама шеңберінде шешуді тапсырған болатын. Ендігі үміт – ел билігінде! Балаларды қорғау – бәрімізге міндет!

"Мұнара" газеті, №4, 2019 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру