Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әйелді сомдау не әдет?

Жадыра АҚҚАЙЫР "Мұнара" газеті 29.11.2019 592 0 пікір
Әйелді сомдау не әдет?

Әу баста әзіл-сықақ театрларының қойылымдарынан аракідік әйел рөлін сомдайтын ерлерді көріп тұратынбыз. Қазір бұл тренд барлық театрға еніп, етіміз үйренді. Ол аз болғандай, қазір телеарналарды да жаулады. Кинотеатрдағы кестеге көз салсаңыз, қазақша фильмдердің бірқатарында «әйел-еркекті» көресіз. Одан қалса, телеарналар тапсырысымен түсірілген ситкомдар да жиі «жарқырайтын» болып жүр. Бұған қатысты мамандар не дейді? Асыл дініміздің үкімі қандай?

Әйел образын сахнаға еркектің алып шығуына қатысты сатириктер түрлі пікір айтады. Көпен Әмірбектің айтуынша, әуелде сахнаға әйелді жақындатпауға тырысып, «шайтанның ісі» деп санағандықтан амалсыз ер адамдар ойнаған деседі. Жоғарыда айтып өткен Құдайберген Сұлтанбаевтардың мұндай қадамға баруын сатирик осылай тұжырымдаған. Бұл да ақылға қонымды көрінеді. Әрі ол кездегі образдарда бүгінгідей анайы әзіл, бес батпан бояу, қылымсыған қылық болмаған еді. Бүгінде болмыстың бәрі басқаша. Әйел рөлін ойнайтын актерлердің қазіргі көшін Сәбина келіннің бастан кешкендерін бірнеше бөлімге бөліп көрсетіп, өзі режиссер, өзі басты рөлдегі келін болатын Нұртас Адамбай тұр десек, қателеспеспіз. Көрерменге кір сабындай өтімді тақырып осы екен деп, отбасы – ошақ қасының, келіннің төңірегіндегі әңгімені сю­жет етіп, «Құдалар» деген фильм де түсірді. «Сәбина келіні» прокатқа шыққан алғашқы бес күнде-ақ 112 миллион теңге жинап, айды аспаннан бір шығарғаны тағы бар. Мұндайда көрерменнің талғамына таңғалмасқа шара жоқ. Адамбай болса, басқа біреу бұл рөлді сәтті алып шыға алмас еді деген пікірде. «Мойындаймын, Жаннеттің рөліне актриса аламын деп ойладым. Бірақ, бұл біртүрлі естілгенімен, ешқандай актриса дәл мендей қызықты ойнай алмас еді. Мен әйелдің рөлін сомдау арқылы еркектердің әйелдер жайлы не ойлайтынын көрсете аламын. Біз мұны «Сәбина келін» фильмінде іске асыра алдық» дейді актер.

Осы тақырыпта жазушы Зейнеп Ахметова да қынжылып, пікір білдіргені бар. «Айта-айта шаршадым, бірақ әлі айтып жүрмін. Теледидарды бұрап қалсам, «Шаншардың» көрінісі болып жатыр. Бір кемпір сөйлеп тұр, оның өзі – еркек. Байқайсыздар ма, біздің қазақтың жігіттері қатын болуға әуес болып алды қазір. Әйтпесе дардай ер-азаматтар неменеге сонша әйел болуға тырысады? Басына орамал салып, үстіне көйлек киіп... Ойбай-ау, сонда әйелдің рөлін ойнайтын қыз-келіншектер құрып қалды ма? Толып жатыр. Бірақ үп-үлкен ер-азаматтар әйел болуға құмар болады да тұрады. Ырбыңдайды да тұрады, ырбыңдайды да тұрады. Намыс жоқ. Бізде намыс азайып бара жатыр» деген еді.

Бұл пікірге «Шаншар» театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов былай деп жауап беріпті: «Әртіс ол өз өмірін ойнамайды. Осы нәрсені түсіну керек. Ол сахнаға шығып образ жасайды. Әйел образын комедия жанрында нәзік жандылар өте сирек ойнайды. Оларға қиындау соғып жатады. Неге екенін білмеймін, өмірде күлкілі етіп жасай алады. Ал сахнада қолынан келмейді. Ерлер арасында да сахнаға шығып, әйел рөлін сомдаймын деп өз-өзін мазақ қылғандар бар. Сол себептен сынаған уақытта, жалпылама айтпай, шеберлігіне мән берсек. Ал ер адамның барлығына әйел болып ойнауды тоқтатыңдар деп айтуға болмайды. Ол жанрдың заңында жоқ нәрсе. Кешегі Құдайберген көкеміз қандай әйелдердің образын жасады сахнада? Не дейміз енді соған. Дұрыс емес деп айтамыз ба?! Неге дұрыс емес?! Әйелдер орындай алмайтын нәрсені орындап берді. Бұл – актердің шеберлігі. Талдағанда, сынағанда осы жағын сынасын. Әйел образын жасай алды ма анау? Жоқ, құры босқа әйелдің киімін киіп шығып, өзі мазақ болып қалды ма? Сол кезде мұны дұрыс деп санар едік» депті.

«Бір жыныстылық сипаттағы фильмдер қазір өте көп. Бұл –басқарылмаған гармондардың өзекті мәселесі. Табиғатыңа қарсы тұру, жаратылысыңды мойындамау. Жынысыңды жасанды жолмен өзгертіп, құбыжыққа айналу. Оның ақыры – күйзеліс. Мүмкін қол жұмсау. Қанағаттанбау сезімінің салдарынан өз өміріңе балта шабу. Болмысыңды қабылдай алмау. Өз қолыңмен қиянатқа бару. Ақиқаты да, саясаты да – жалғыз. Ол – ұрпақ деген ұғымды қолдан жою. Енді ер-азаматтардың әйел бейнесіне енуге деген құмарлығына келсек, мұның да қозғап отырған мәселемізден түпкі негізі алыс емес. Оның да мақсаты – өз жынысына қарсы тұру. Жауапкершілік көтермеу. Намысты қолдан жерлеу. Арланбау. Ер-азаматқа тән қасиеттерімен мақтанбау. Идеал бола алмау. Ұрпағының келешегін ойламау. Негізгі себеп осында.

Біз дәл қазіргі уақытта қорған болар, батыр тұлғалы еркектердің бейнесіне мұқтажбыз. Экранда жүріп жатқан барлық ақпараттарды балаларымыз бақылайды. Біз оларды қандай рухани азықпен қоректендіріп отырмыз, уақыт өте олар соның жемісін беретін болады. Жалғыз дәлел – осы. Бұл масштабты саясат әлдеқашан өз күшіне енді. Біз осы ақпараттық шабуылдан қаншалықты қорғана аламыз, келешегіміз де соған байланысты. Жарымжан жыныстылықты жанымызды салып жарнамалайтын болсақ, еркегі – ез, әйелі – еркекшора ұрпақ қана тәрбиелеп шығарамыз. Санаға сіңген ақпарат міндетті түрде өз миссиясының қорытындысын беретін болады» дейді кинотанушы Гүлзат Көбек.

Әйелді сомдап әйгілі болғандардың тізімін жалғасақ, «Шаншардағы» Нұржан Құлшынбаев, «Шымкент шоудағы» Берік Тұрсынбеков, «Базар жоқтағы» Ерболат Төлегеновтің есімі де жиі айтылады. Айтпақшы, соңғы екеуін отандық телеарналардан көзіміз көп шалады. 16 бөлімнен тұратын «Зың-зың Күлпәш» ситкомында Тұрсынбеков әйгілі бейнесінде басты рөлде ойнайды. Ерболат дегеннен гөрі «Шімән апа» атымен танымал Төлегенов «Келіндер» сериалында ойнау арқылы отандық телеарнаның төрінен орын алыпты. Шімән апаның отбасында болған оқиғалар жайлы ситкомның көрерменге ұнағаны сонша, төртінші маусымы жол тартып отыр. Youtube-тегі қаралым саны да миллионнан асып, жоғары рейтинг жинаған. Кезінде «Нысана» театрының дүркіреп тұрғанында біраз қойылымында актерлері әйел бейнесін сомдағанын білеміз. Соның ішінде Нұрбол Айтуловтың ойыны көптің есінде болар.

«Өнер қырандарынан» Жанболат Найзабеков көбіне нәзік жандының рөлін алатын. Дегенмен діндегі үкімді дер кезінде түсінген актер бүгінде әйел бейнесін сомдамай жүр. БАҚ беттеріне берген сұхбатында Найзабеков дінге қайшы дүние болғасын бас тартқанын айтыпты. «Бүгінде өзім әйел образын сомдаудан бас тарттым. Өйткені бұған шариғатта рұқсат етілмеген. Құранда солай жазылған. Мұсылманға лайық нәрсе емес. Дінге қайшы. Алладан қорқамыз. Өйткені ертең барлығымыз жауапқа тартылатынымыз сөзсіз. Сол себепті де түбегейлі бас тарттым» дейді ол.

Шариғат бұған не дейтінін білу үшін дінтанушы мамандарға сауал тастадық. «Дінімізде ер адамның әйел кісіні немесе керісінше ойнауы дұрыс емес. Шариғат бұған тыйым салған. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелге ұқсаған ер адамды, еркекке ұқсаған әйел адамды Алла Тағала лағынеттейтінін айтқан. Сондықтан қандай ниетте болсын, мейлі шынайы емес, ойын немесе рөл ретінде ойнаса да болмайды. Сол сияқты шайтанның, кәпірдің, Пайғамбарлар мен сахабалардың да бейнесін келтіруге болмайды делінеді. Тағы бір айта кететін жайт, құлшылықты да жәй ойын түрінде көрсету сол ғибадатқа деген құрметсіздікті көрсетеді. Ең бастысы, бұл жерде өтірік алдау бар. Ал дінімізде «Бізді алдаған бізден емес» деген сөздер барын есте ұстаған жөн» дейді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов.

Жаратылысына қарай адамзаттың ерекшеліктері бар. Соның ішінде жынысына қарай ара-жігін ажырата білу маңызды. Бұхариден жеткен хадисте «Алла Тағала ер кісілерден қызтекелерді, ал әйелдерден еркекшораларды лағынет еткен» делінген. Бүгінде демократиялық қоғам орнатуға тырысып-ақ жатырмыз. Соның бір ұшы осы жеке бас мәселесі, құқығы мен таңдауына келіп тіреледі. Әйтсе де, Ислам дінінде бұл мәселелер жан-жақты қарастырылған. Адамды құндылық деп білуге шақыратын дінімізде орынсыз тыйым жоқ. Айтпағымыз, мұндай ерсі қылықтардың жаппай тенденцияға айналып кетпесе екен деген қауіп қана.

"Мұнара" газеті, №2, 2019 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі