Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Міржақып Дулатов: Алла жақын кеудеде оты барға

Әбу Назар 25.11.2019 6968 0 пікір
Міржақып Дулатов: Алла жақын кеудеде оты барға

Бүгін, 25 қараша қазақтың көрнекті ағартушысы, қаламы ұшқыр жазушы һәм публицист Міржақып Дулатовтың туған күні. Заманында «Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты, Жер кетті, дін нашарлап, хал харап боп, Қарағым, енді жату жарамас-ты» деп барша қазаққа ұран салған Алаш арысы Міржақып Дулатов айтқан қазіргі қазақ жастарына қажет болады-ау деген сүйекті сөздердің бірсыпырасын ұсынамыз.

Адамға ойларға ақыл берілді, бір-бірімен сөйлесуге тіл берілді, олай болған соң адамзатқа тіршілік бекерге, босқа ғұмырды зая қылып өткізуге берген болмайды.

***

Қандай адам жақсы кісі болмақ керек? Сондай адам жақсы, кімде кім жетім, жесір, кәріп-қасаң, қысылған-қымтырылғандарға жақсылық қылып, оларды қуантып қойса.

***

Ел билеген жақсылардың ойлағаны ел қамы болмаса, әрқайсысы өзінің пайдасын ойлап, мұқатқаны ағайын-жұрты болса, билерде әділет болмаса, енді жақсылықты жұрт қайдан күтпек керек?!

***

Абай сынды ақынның қадірін білмеу қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды. Себебі қазақ басқа жұртпен үзеңгі қағысып, тең халық болып жасай алмауы – тарихи әдебиеті жоқтықтан. Тарихи әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап, ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып, жоқ болады.

***

Шоқанның бар талабы ғылымға ұмтылу, қазақ халқына пайда келтіру, қазақ халқының тұрмысын, рәсімін, тарихын анықтау жолында болған. Шоқанның ғұмыры ұзын болғанда артына қанша пайдалы нәрсе қалдыруында шек жоқ, қазақ жайынан жинаған қанша материалдары өзі өлгеннен кейін баспаға кірмей жоғалған.

***

Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғанын, не істеп не қойғанын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді.

***

Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.

***

Алла жақын кеудеде оты барға...

***

...Һәркімнің ізіне түсіп қуған, үйренген бір ісі болады. Сол ісін ол басқалардан артығырақ біледі. Егер оқу, оқытуды машықтап, ол оқытудың һәм оқытқан нәрселерінің асыл тәртібін, түп негізін анық білетін кісілер жазу хақында өз пікірлерін түсінікті етіп жазса, сынаушы деп соларды айтуға жарайды.

***

Ар-намыс, махаббат болмаған жерде адамшылық тұра ма?! Бұл сипаттардың болуы үшін адам баласы азат, тәрбиелі болуы тиіс.

***

Артықтан тағылым ал, кемге үйрет.

***

Заң әдет-ғұрыпқа қайшы келсе – үлкен аяққа тар етік кигенмен бірдей.

***

Алыс пен жақын ойлы болмас жолдас, Қас қылған жолдасына жігіт оңбас.

***

Салт-сананың негізі – елдің қолданған кәсібінде.

***

Ұл-қыз демей баланы оқыт, қазақ!

***

Адамның алдымен адам сипаты болуы тиіс.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру