Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Бөкей Ордасындағы ислам дінінің мектептерде оқытылуы және медреселердің қызметі

Жарас Аханов, тарихшы 17.06.2019 8740 0 пікір

Білім беру тарихы - төл тарихнаманың бір саласы және ол тарих ғылымының дамуымен тығыз байланысты. Өткен ғасырларымызда білім беру жүйесінде Бөкей Ордасындағы білім жүйесі ерекшелігімен анықталады. Бөкей Ордасындағы білім беру мәселесі фрагменттік басқа мәселелермен қосымша түрде берілген. Бөкей Ордасының білім беру тарихы үш басты кезеңге бөліп қаралған. Біріншісінде, қазақтар Жайықтың бергі бетінен көшіп барғаннан бастап, 1841 жылдың ақырына дейін білімді тек ғана исламтану мектептерінен меңгереді, екінші кезеңде, 1841 жылдың 6-желтоқсанынан 1868 жылдың қараша айына дейін алғашқы орыс-қазақ мектебі хан ордасында ашылады, үшінші кезеңде, 1868 жылы жергілікті мектептер әу басынан Уақытша Кеңестің құрамында болады.1874 жылы жергілікті мектептер ашылып, орысша сауаттылыққа күш салынады. Орыс-қазақ мектептері әу басынан Уақытша Кеңестің құрамында болады. 1874 жылы 20-қарашадан олар Ресей Халық Ағарту Министрлігінің қарамағына көшеді, соңынан Бөкей Ордасының әкімшілігі Астрахан губернаторының қарамағында болғанымен, оқу бөлімі Орынбор оқу округі қол астына көшеді, 1877 жылы 14-қаңтардағы Министрлер Комитетінің жоғарыдағы бекітілген тәртібіне байланысты 1879 жылдан оқу бөлімі Орда мектептерінің ерекше инспекторлығы қарамағында болады. Ордада алғашқы білім жүйесі исламтану мектептерімен байланысты. Бұл жерде молдалар үлкен рол атқарды. Молдалар санының өсуімен, Ордада исламтану мектептерінің саны да көбейген.

ХІХ ғасырдың ортасына қарай Ішкі Ордада 38 исламдық мектептер салынып, онда 400 оқушы оқыды, оның ішінде қазақтардан – 350, татарлар - 50 шәкірт болды. Нәтижесінде, татар жазуы қазақ даласында кеңінен тарап, татар тілін білмеген қазақ өз ортасында сауатсыз болып есептелді. Белгілі этнограф-тарихшы Салық Бабажанов Бөкей ордасының қазақтары 1800 жылдарға дейін жазумен таныс болмағанын айта келе: «қазақтардың сылтау-сыралғы сөздеріне қарамастан, жіппенен шырмағандай еш ұмытылмайтын, едәуір уақыт өтсе де өткен оқиғалары қайта сөз болып, орыс бастықтардың, қандай да болмасын, тапсырмалары, сыйлық беру немесе ақтау, аяу жарлықтары хат пен қағаз мәселесі халық арасында үлкен әңгіме мен ынта, талап тудырды. Барлығы да, тіпті мәртебелі хан да, жазудың қасиеттеріне бас имей тұра алмады. Осының өзі-ақ қазақтарға жазудың – сауатсыздықтың құдіретін мойындатты» - деуі орыс шенеуніктерінің қазақ халқын бодандықта ұстауда орыс тілін үйрету жолын таңдауы бекер еместігін дәлелдей түседі.

Қазақстанның империяға жақын өлке болуы отарлау саясатын ойдағыдай жүзеге асыруды жеңілдетті. Қазақ жастары орысша білім алу үшін алғашқы кезде көп уақытқа дейін қазақ жерінен тыс, Ресей қалаларында оқиды. 1840 жылдан бастап Ішкі Бөкей ордасындағы ауқатты қазақтар балаларын Астрахань қаласына орысша оқуға бере бастаған. Астраханьда ер бала жеке-жеке молда жалдап оқуға мәжбүр болғандықтан, оқу қымбатқа түскен. Сондықтан да болуы керек «Жәңгір хан ордалықтарға білім беруді өз жерінде қолға алуды ойластырды және білімнің нағыз бұлағы, жалғыз көзі ретінде Орынборға жол ашуды қарастырды».

Орынбор Шекара коммиссиясының келісімімен 1842 жылы 24 қазанда Садриддин Мухамет Аминев Ордадағы училищеге ұстаздық етуге және де молда болып қызмет атқаруға тағайындалған.

Қазақ балалары Сейітов посадының, Стерлитамактың, Уфаның, Қазанның белгілі медреселерінде білім алды. Ішкі хан ставкасында ашылған татар 64 медресесі үлкен беделге ие болады. 1842 жылы ашылған бұл медреседе дәрістер жүргізу үшін Қазаннан, Сибирден, Нижегородскіден, Томскі губерниясынан татар молдалары шақырылған еді. Хан ставкасында бір уақытта қазақ балаларын гимназияға даярлайтын училищелер де ашылады.

1861 жылы онда исламтану мектебінің саны 55-ке дейін жетіп, оларды 1300 шәкірт оқыған. 1866 жылы мектеп саны 93-ке, шәкірт саны 3141-ге артқан. 1872 жылы 154 мектепте 3821 оқушы оқыпты. Ал келер мектеп саны бірден 88-ге, оқушысы 3000-ға дейін кеміген. Ордада мектептері инспекторының мәліметі бойынша 1888 жылы Ордада 52 татар мектебі болған, онда 1262 ұл және 102 қыз оқыған. Ислам мектептерінің оқушылары Ордада шын мәнінде татар сауаттылығына қарағанда анағұрлым үлкен дәрежеде дамиды. Мектептегі оқуды молдалар мемлекеттің қолдауымен жүргізеді. Бұл мектептердің бағдарламасы күрделі емес, оқу және жазу татарша, кейбір жатталатын мәтіндер Құраннан және намаз оқу тәртібінен еді. Мектептер ата-аналар және қоғамның қорынан өмір сүрген. 1870 жылы 26-наурызда жоғарыдан бекітілген тәртіпке байланысты ұлт мектептерінде міндетті түрде орыс тілін оқытуды енгізудің керектігі айтылды. Ордада бұл міндет қолданыла бастағанда, кейбір молдалар бұған сенімсіздікпен қарайды. Оларға әсер ету үшін Орынбор мүфтиі молдаларға өз мектептерінде орыс тілін енгізуге келісім беретіндігі туралы циркулярлық қаулы жібереді. Барлық исламдық мектептері және медреселер, сонымен бірге үйде және жеке оқытумен айналысатындар 1874 жылы 20-қарашадағы Мемлекеттік Кеңестің пікіріне байланысты Халық Ағарту Министрлігінің оқу басқармасына бағындырылған.

1841 жылдың 6-желтоқсанда Жәңгір ханның өз ордасында мектеп ашуымен қазақтар ішінде орысша-қазақша білім беріле бастайды. Бір мектептің ашылғанына қарамастан хан оған оқушыларды тартуға мүмкіндік жасап, қазақтарға тиетін пайдасын дәлелдейді. Алғашқы уақытта бұл тек ханның жеке қорынан қаржыландырады. Онда балаларынан басқа хан сарайында тұратын орыстар да оқиды. 1852 жылы оқушы саны 23-ке жетеді, олардың көбі қарапайым қазақ балалары еді. Хан өлгеннен кейін, 1848 жылы жоғарыдан келген мәлімдеме бойынша, мектепті ұстау үшін бір жылда 1404 сом бөлініп, жергілікті халықтан жиналған салықтың ақшасынан тағы да 251 сом қосылды. Бұл мектепте екі мұғалім білім беруі тиіс еді. Оның біреуі, жылына 150 сом жалақымен қазақ, парсы және араб тілдерін, ислам дінін үйреткен, ал екіншісі орыс тілін, таза жазу, грамматика және арифметиканы оқытқаны үшін 250 сом алған. Оның үстіне 50 сом бақылаушыға, 25 сом мұғалімдер тамағына, 20 сом тәрбиеленушілердің киіміне және мектеп үйінің жөндеуі мен жылуына 300 сом бөлінген. 1890 жылы 1-қаңтарда есепке алынған 38 оқушының 25-і мұсылман, 13-і христиан. Бұлардың 20-сы мемлекет тарапынан қаржыландырылған.

Революцияға дейінгі орыс тарихнамасы мен кеңестік тарихнама өкілдері мұсылмандық білім беру ісін есептемей, қазақтардың тек ғана 2% ғана сауатты болды деген ұғым қалыптастырды. Медреселер патшалық Ресейдің мүддесін іс жүзіне асыруына үлкен кедергі болып отырған. Медреселердің күшін жоюға бағытталған біршама жоспарлар жүзеге асырылды. Оның бір парасы араб әліппиінің орнына кириллицаны енгізуде Н.Ильминский, Н.П.Остроумов және Наливкин секілді миссонер ғалымдардың араласуымен Ресей Халық ағарту министрлігі 1870 жылдың 16 наурыз айында арнайы ереже дайындады. Ережеге сәйкес оқу арқылы мұсылман халықтарын орыс рухани тәуелділігіне түсіру бағыты басшыларының ұсыныстары ескеріліп, Илминскийдің әзірлеген жүйесі негізге алынды және өлкені орыстандыру мен шоқындыру тәсілдері кеңейтілді. Осы уақыттан бастап исламға қарсы оқу ағарту саласында бүркемеленген, мұқият күрес басталды. Бұл жолда патша үкіметі негізгі екі бағытты ұстанды. Біріншіден, мектептер мен медреселерді қаржыландырып отырған уақыптарды қысымға алу арқылы исламдық оқу орындарына соққы беріп отыру. Екіншіден, мұсылмандарды орыстармен кіріктіріп, сіңістіретін аралас орыс-түземдік мектептерін ашу болды. Исламдық оқу орындарына мемлекет қазынасынан материалдық көмек көрсетілмеді, керісінше, оларға қарсы ұстаным күшейттірілді. Олар қызметтерін жалғастыру үшін генерал-губернаторлық ережесіне сәйкес рұқсат алу қажет болды. Мектеп-медреселерге орыс тілі мұғалімі болған жағдайда ғана жұмыс істеуге рұқсат берілді.

Бөкей ордасында кейінірек ересектер мектептері де құрыла бастайды. Ондағы жүргізілген сабақтар ересектерге білім беру немесе сауаттандыру бағытында емес, іс жүзінде ислам негіздері мен тілмаштыққа ғана дайындады. Және екі сыныптық курсты бітіргендер шала сауатты мұғалім ретінде ел арасына жіберілді. Мектептердегі оқу-тәрбие жұмыстарының тағдыры оқытушы мамандар еңбегіне байланысты екендігі мәлім. Оқытушының терең теориялық білімі, бай ұстаздық тәжірибесімен бірге дүниетанымына, мінез-құлқына және кісілік қасиеттеріне ерекше мән беріледі. Бірақ ондай оқытушылар ол кезде Қазақстанда бірлі-жарым ғана болған. Сондықтан орыс-қазақ мектептерінде мұғалімдік қызметке Қазан қаласындағы оқытушылар семинариясын, Орынбордағы қазақ мектебі мен Неплюев кадет корпусын 65 бітірген қазақ, татар, орыс жастары тартылды. Бірақ Қазан оқытушылары семинариясы негізінен, правословие шіркеуінің миссионерлерін дайындайтын оқу орны болатын. Діни мектептердегі ұстаздармен салыстырғанда орыс мектептеріндегі оқытушылардың әлеуметтік белсенділігі, ынтасы жоғары болғандығы рас. Олар қазақ арасында орыс-қазақ мектептерін ашу, халықтың сауаты мен мәдениетін көтеру мәселесіне тікелей араласты. Бұл мектептерде негізінен, дәстүрлі қазақ мәдениеті емес, орыс мәдениеті насихатталды. Олар қазақ арасындағы ескі әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің зиянды сарқыншақтарын, мұсылман мектептерінің шәкірттерді оқыту, тәрбие жұмыстарындағы жиі кездесетін кемшіліктерін бақылады.

Патша әкімшілігі ислам дінін оқытатын мектептерге Уақытша кеңес құрылғаннан кейін ешқандай көмек көрсетпей қойды. Ресей империясының Ішкі ордаға байланысты 1868 жылы реформасынан кейін ислам дінін насихаттайтын молдаларды және мектептерді қатаң бақылауға алып, әр түрлі шаралар қолдануға дейін барды. Осы айтқанымызға Ішкі орда жайлы мұрағатта сақталған құжатта:

«Дала облыстарындағы қазақтар туралы қазіргі қолдануға енген ереже бойынша Орынбордағы, сондай-ақ Сібірдегі рухани іспен айналысқан мекемелер Орынбордағы Магометтік рухани жиналыс қоғамы қарамағынан алынып, жалпы азаматтық бастыққа бағындырылды», - деп жазылған мәлімет дәлел болады.

Патша әкімшілігі тарапынан ислам дінін насихаттауға тиым салу әрекеті жылдан-жылға өрши түсті. Ішкі ордаға байланысты реформа қабылдағаннан кейін де Ресей империясы қазақтарды орыстандыру мақсатымен әлі де ел арасында беделі төмендемеген ислам дініне қарама-қарсы әр түрлі әрекеттер жасады. Мысалға, Ішкі орда жайлы 1870 жылы жазылған құжатта: «Жоғары мәртебелінің бұйрығымен барлық татар мектептеріне орыс тілін оқыту енгізілді, алдағы уақытта жаңа мектеп және медресе ашуға жол берілмесін, әйтпесе онда орыс тілінің мұғалімі болу міндеттелсін», - деп баяндалған.

Ислам дініне қысым жасау жергілікті жер - Ішкі ордада бұрынғыдан да асқына түсті. Патша шенеуніктері ислам дінін насихаттайтын мектептерге оқушылардың аз баруына барынша әрекеттер жасады. Олар Ішкі ордадағы сұлтан, төре, мансапқор әкім старшындарды пайдаланып ислам дініне қарсы арандату жұмыстарын жүргізді. Сондай әрекеттер жасалғанмен Ішкі орда қазақтары мұсылманша оқытатын мектептерге көбірек барды. Ішкі орда тұрғындары ислам дінін үйрететін молдаларды айрықша құрметтеп, оларға ерекше қызмет көрсетті. Бұған Салық Бабажановтың: «Молда - бұл адамгершілікті үйрететін ұстаз, оларды барлық жерде сыйлап, тамақтандырып, кішіпейілділік көрсетеді және олардың сөзі алғаусыз орындалады», - деп жазғаны айғақ болады.

Қазақтар сауат ашып, жазуды үйреніп, ой-өрісін кеңейтуді өздеріне парыз санады, оқыған, білімді адамдарды ел айрықша құрмет тұтты, өздеріне, айналасына үлгі етіп көрсетті. Сондықтан орда тұрғындары, әсіресе, ауқатты адамдар өз әулетіне арнап арнайы молда ұстады, сөйтіп өз үйлерінде молдадан ислам шариғатын үйреніп, сауатын ашты. 1896 жылы 1 қаңтардағы Бөкей Ордасының Астархан хандығына берген есебі бойынша Ішкі ордада барлық училищелердің саны 62 болған. Соның ішінде екі каласстық 2, бір класстық ауылдық мектептер 6, жоғарғы мектептер 14, медреселер мен діни бағыттағы мектептер 38 болған. Ішкі ордада мұғалімдер саны 89, оның ішінде діни ұстаздар 58 болған. Медреселер мен діни бағыттағы мектептерде 400 адам оқыған.

Орыс-қазақ сыныбының ішкі көрінісі (2-сыныптық ордалық училищесінде)стуралы сипаттасақ. Қарапайым мектеп жағдайы арасынан Ұлы Мәртебелі Император ІІ Николай Император тақсырдың портреті ерекшеленеді. Күн сайын оқу сабақтары біткеннен кейін Патшаның портретінің қасына жиналады және «Құдай Патшаны Сақтаны» («Боже Царя Храни») әндетеді. Діни сенімге оқытушы молда өзінің сабағына келе немесе мектептік дұға қылғанда, мысалы, оқудың басталуы алдында, осы портреттің тұсына отырады. Бөкей Ордасындағы барлық орыс-қазақ мектептерінде Жәңгір ханның кезінде қырғыздармен ілінген Патша портреті жоғары және діни мәнге ие. Осыны есепке ала отырып, училищелер инспекторы патшалық етуші ІІ Николай Император тақсырдың бейбіт жолмен қызметке кірісуі құрметіне жергілікті орыс-қырғыз мектептеріне кедей ауыл мектептері үшін аса жоғары құндылық саналатын портреттерді алу және орнатуға қаражат беру туралы өтініш білдірді: нақты – Маркус баспасы, Галкиннің портреттері, - олар қабырғада ерекше әсем көріне түседі. Орыс-қырғыз мектептерінде мектептік ән айтудың көрінісі дамыған, 1895 жылы оқу-аймақтық басшылығының рұқсатымен училище инспекторы 2 фисгармония салған: біреуі ерлердің екісыныптық училищесі үшін, ал екіншісі Хан Сарайындағы әйелдердің училищесіне. Аспаптар Мәскеудегі Синодаль хорының директоры Үлкен В.Смоленский азаматтың жеке өзімен Б.Г.Циммерман дүкенінен таңдап алынған және әрқайсысы 190 рубл тұрады (1895 жылға арналған дүкеннің №4044 каталогы бойынша).

Хан ордасындағы мектеп туралы сипаттасақ. Жергілікті татар қоғамының қаражатына 1892 жылы құрылған, құны 3000 рублден астам тұрады. Ордадағы басқа да медресе мен мектептердің көп бөлігі жер үйлерде орналасқан, олардың ішінен құрылысы бойынша ерекшеленетіні Жаңа-Қазандағы медресе. Ордалық мектепте және Жаңа-Қазандағы медреседе жап-жақсы бөлмеге ие орыс сыныптары құрылған. Ордалық мектепте оқитындар саны 1894 жылы 21 ұл болды. Ордадағы барлық медресе мен мектептердің саны, бізбен басшылар мен молдалардан жеткізуімен алынған мәліметтер бойынша, 1894 жылы – 36, ал оларда оқитындардың саны барлығы – 415 ұл. Бұл мәліметтер нақты емес деп есептеуге болады, яғни мұхаммедтік оқу орындары және оларда оқитындар едәуір көп болуы тиіс.

Хан Сарайындағы әйелдер мектебі туралы сипаттасақ. Суреттелген: орда училищелерінің инспекторы, сенімге оқытушы мектеп молдасы Абдуллин, оның қасында 1894/1895 оқу жылдарынан бастап мектеп меңгерушісі А.Г.Данилевская мұғалім және мектептің қырғыз-оқушылары (1895 жылғы қазанның 17 күніне); келесі жағында - Л.В.Метаниева мұғалімдерімен (бүгіндегі мектеп меңгерушісі) мектепте оқитын орыс әйелдері.

Жаңа-Қазандағы медресе Ордадағы абаттандырылғандардың бірі және біз бұл жерден неғұрлым анық сипатталған топты көреміз деп пайымдадық. Алайда, жарықтандыру тым әлсіз болып шықты (ғимараттың терезелері аз). Топ келесідей бейнеленеді: жартылай төселген кілемде, кітаптары бар аласа үстелдің алдында Галикеев (татар) молда отыр және сабақ беруде, оның жан-жағында 20 адамға дейін хальфтер мен шакирдтер (шәкірттер) отыр: олардың кейбіреулері молданың түсіндіруін тыңдап отыр және кітаптарды қарауда, басқалары отырған күйінде, яғни еденде татарша жазуда.

13 қазанда, жұмада, Талов бөлігінің №7 старшындығының құрметті белгіленген молдасы Якуп Бузаув (Жақып Бұзауов) мұсылмандар үшін қасиетті саналатын сол күні намазын оқып, жаңа ғана мешіттен шықты және фотограф азаматпен жүздесті. Фотограф Бузаувтан өзінің оқушыларымен бірге фотоға түсуді сұрады. Бірақ медреседе сол күні сабақ болмайды. Бұзауов медресеның алдында киіз бен кілем төсеуді бұйырды, өзінің асатаяғын қабырғаға қойды және содан кейін өзін және кейбір өзінің келушілерін фотографтың қалауына берді. Медресе ғимараты осы жерде кең таралған құрылыс нысанынан көрініс береді.

Тобинск және Орынбор Губерниясы медреселерінде оқитын шәкірттердің көбі туған жерлерінде молда орнын таба алмай байлардың баласына ұстаздық еткен. Тарск округі медресесінің түлектерінің тең жартысы қазақ даласына бағыт алған. Бұл мұғалімдер үкіметтің бақылауында болмаған. Олардың саны нұсқаушы молдалар санынан әлдеқайда көп болған.

XIX ғ. 60 жылдарына дейін Бөкей хандығында ханның өз кітапханасынан басқа ешқандай кітапхана болған жоқ. Бұл үлкен қиындық туғызды. Мектептердегі шәкірттер мен мұғалімдердің қосымша әдебиет оқуына мүмкіндік болмады. Тіпті Орынбордағы Неплюв Кадет корпусының Ордаға жіберілген түлектері көптеген уақыт бойы таза механикалық жұмыс атқарды.Бірде –бір кітап оқуға мүмкіндіктері болмады.Сондықтан білімдерін дамытудың орнына корпуста алған білімдерін ұмытты. Қалыптасқан жағдайға байланысты кеңесші губернаторға кітапхана ашу жөнінде ұсыныс жасап және жыл сайын 75 сом бөлуін өтінеді.Александар Невский шіркеуінің хан ордасындағы дін қызметкері Агров өзінің қарамағына жыл сайын діни кітаптарын шығару үшін 30-40 сом күміс беруін өтінеді. Генерал-губернатор кітапхананың қажеттілігін түсініп мерзімді баспасөзге, діни мазмұндағы әдебиет алуға арналды.

Бөкей хандығы Қазақстандағы мәдени-ағарту орталығының бірі болды. XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында Бөкей хандығында ағарту ісі әр түрлі білім беру жүйелерімен дамыды. Бірінші кезеңде исламдық мектептері маңызды роль атқарды. Мемлекеттік шенеуніктердің қаламынан қалған, сақталған мәліметтер мұсылман мектептерінің өсу барысын, дәл санын анықтауға мүмкіндік бермейді. Әр түрлі қысқаша анықтамаларға сүйенуге тура келеді. Бөкей хандығындағы мұсылман мектептері мен оқушылардың саны әр түрлі беріледі. Исламдық мектептерінің санын анықтау мешіттер мен дінбасыларының санын анықтауға көмектесер еді.

Ішкі ордада, 1868 жылға дейін, яғни, әкімшілік реформасына дейін жалғыз орыс-қазақ мектебінен басқа хан ставкасында тек исламдық мектептері мен медреселер болды. Ішкі орданың екінші аймағының бұрынғы мұғалімі Н.Левановтың мәліметі бойынша 1872 жылы Ордада 154 исламтану мектебі болып, онда 3821 шәкірт оқыды.Училищелерде ресми есептерінде 38 исламтану мектебі мен медресесі бар екені айтады.Орынбор оқу аймағының қамқоршысы Ростовцев 1891 жылы 11 қарашада халық ағарту Министрлігіне жазған хатында Бөкей Ордасында 400-дей мұсылман мектебі мен медреселері бар екенін көрсетеді. «Астрахан хабаршысының» хабарлауы бойынша 1899 жылдың 1 қаңтарында Бөкей Ордасында 60 мектеп пен медресе болып, онда 1679 шәкірт оқыды. Олардың 1436-сы ұл, 243-і қыз бала болатын. Қыздарды моллалардың әйелдері оқытыпты. Ішкі ордада Жәңгір ханның білім беру саясатындағы негізгі мақсат мешіттердің жанынан бастауыш мектеп ашу болатын. Молла басқаратын діни пунктердің жүйесі құрылды. Қазақ қоғамының арасында ислам дінін нығайту үшін хан үкіметіне Орынбор мүфтиі үлкен әсер етті. Ордаға Қазан мен Орынбордан моллалар шақырылып қазақ жастары Қазан, Уфа,Орынбор, Астрахан қалаларында діни мектеп медреселерге оқуға жіберілді. Жәңгір бастауыш мектебі бар мешіт құрылысын салуға қаржы жинауға жарлық шығарды. Қаржыны жинауға ру басыларын міндеттерді. Ол жергілікті молдалар қызметі хан тағайындаған молдаға жергілікті орындарда мешіт ұстап тұру міндеттелді. Діни қызметкерлердің қызметі бір орталыққа бағынды. Хан ордасында ахун басқарған бас мешіт болды. Ахунның міндеті жергілікті мешіттер жүйесі мен молдаларды бақылап отыру болды. Ханның басқаруымен комиссия құрылып және бұл комиссия моллалардан емтихан алып жергілікті молдаларды тағайындау, орнын ауыстыру мәселелерін шешіп отырды. XIX ғасырдың ортасында әр рудың немесе әр бөлімнің өз молласы болды. Олар бұрынғыдай өзін-өзі жариялаған молдалар емес, ресми бекітілген діни қызметкерлер болды. Ханның мақсаты алдағы уақытта татар, бұқар молдаларын шеттетіп жергілікті мешіттерге жергілікті халық өкілдерін орналастыру болатын. Бөкей хандығындағы мешіттердің дамуы туралы ресми цифрлар шамамен берілсе де ислам мектептерінің даму барысын анықтауға мүмкіндік береді. Исламдық тұрғыдағы мектептерінде орыс және орыс-түзем мектептеріне қарағанда шәкірттердің көп ескеруіміз қажет. Бірақ мектептің өмір сүруі тұрақсыз болды.Көптеген мәселе тұрғындардың материалдық жағдайына, діни қызметкерлердің жеке басына, географиялық және табиғи факторларға байланысты еді. Исламтану мектептерін қаржыландыруға бай молларлар мен шаруалар көмектеседі.

Бөкей хандығындағы исламтану мектептерінің көпшілігі оқушылар ата-анасының ерікті түрде бөлген қаржысымен, оқуға төленген ақысымен өмір сүрді. Орынбор облысының мемлекеттік архивіндегі мәліметтерде былай жазылған: моллалар,сауатты татарлар мен қырғыздар балаларды оқыту үшін алты айға бір сиыр немесе бес қой немесе жылқы, не түйе алады.

Үкімет органдары исламтану мектептерін материалдық жағынан қамтамасыз етуге қатыспады. Исламтану мектептеріндегі шәкірттердің әлеуметтік құрамы әр түрлі болды. Мектептерде қарапайым қазақ пен татарлардың балаларымен қатар молланың және ауқатты шаруалардың балалары оқиды. Қазақтардың арасында үйден оқыту ісі дамыды. Бірақ үйде білім алу туралы мәлімет жоқ.

Ал оқу жұмысына келсек мешіттерде ресми бағдарламалар мен жарғылар болған жоқ. Оқу мектептерде қыста жүргізілді. Барлық оқушылар оқуға ерікті түрде келді. Мектеп ұстаушысы жалғыз мұғалім болды. Тек оқушылар көбейіп кеткен жағдайда мектеп ұстаушысы басқа сауатты адамды көмекке шақыратын немесе жақсы оқушысын тағайындайтын.

Мектептерде араб жазуы, түрік тілдері, дін және арифметика курстары жүрді. Жалпы алғанда оқу-тәрбие жұмысы діни бағытта өрбіді. Бірақ білім жағы төмен болған. Исламтану оқу орындарының жергілікті жерде беделі өте зор болды. Олардың мәдени ағарту маңызы өте зор. Жәңгір хан 1841 жылы Бөкей ордасында исламтану мектептерінен бөлек жаңа типті мектеп ашты.

Мектептегі оқушылардың төсек орны, киімі мемлекеттің есебінен болды. 1861 жылғы тексеру көрсеткендей Орда жастарының тәрбиесі мен ақыл ойында молланың ықпалы күшті болды. Осы тексерудің нәтижесінде 1864 жылдан астап мұсылман дінінің шариғаты қырғыз тілінен бөлінді. Араб және парсы тілдерінің жазуы мен оқылуы бағдарламадан алынылып тасталды. Қырғыздарды білім беру ісін қарабайыр діни оқудан арылту үшін 1861 жылы полковник Герн аймақтық басқармалардың жанынан мектептер ашу мәселесін қойды.

Ішкі ордадағы орыс-қазақ училищелерінде 1/4 бөлімін діни пәндер құрады. Мұсылман және татар мектептерінде пәндердің көпшілігі діни бағытта еді.

1894 жылы Бөкей Ордасында мектептерде 278 оқушы (269-ер бала, 9 – қыз бала) оқып, бұл мектептер мен медреселерде 17 молда оқытушылық қызмет атқарған.

1.Қалмақ бөлігі.

№ 2 Старшындар жанындағы мектебінде Ахун Чинабеков оқытқан. Онда 25 ер бала оқыған. Жырақұдық мекеніндегі мектебінде Джуруктаев нұсқаушы молда оқытқан. Онда 15 ер бала, 5 қыз бала оқыған. Сахайнский соборлық мешіті жанындағы мектепте №1 Старшындық ахун оқытқан. «Торғын» мекеніндегі мектебінде Гаранов нұсқаушы молда оқытқан. Онда 18 ер бала оқыған.«Сарбасты»мекеніндегі мектебінде Ахмед Құдайқұлов оқытқан. Онда 20 ер бала оқыған. «Хорун» мекеніндегі мектебінде Ғабдолла Койходжин оқытқан. Онда 25 ер бала оқыған. Шанады мекеніндегі мектебінде Балғара Тлекбаев оқытқан. Онда 15 ер бала оқыған.

2.Нарын бөлімі.

«Жарқияқ» мекеніндегі №4 старшындар мектебінде - нұсқаушы молда Жұбан Джуртыбекович оқытқан. Ол мектепте 12 ер бала оқыған. «Теректі құм» мекеніндегі мектепте нұсқаушы молда Қадырберлі Бекбаев оқытқан. Ол мектепте 8 ер бала, 2 қыз бала оқыған. «Мешіт-тағыл» мекеніндегі мектепте Ахун Иманғали Мурзалиев оқытқан. Ол мектепте 13 ер бала, 2 қыз бала оқыған.

3. Талов бөлімі.

«Алдарин» мекеніндегі мектебінде Сердики Қадырбеков молда оқытқан. Ол мектепте 20 ер бала оқыған. «Дошылды» мекеніндегі мектепте Гумаров молда оқытқан. Мектепте 10 ер бала оқыған. «Ырбас-көл» мекеніндегі мектепте Кубеев молда оқытқан. Мектепте 20 ер бала оқыған. «Үйрек» мекеніндегі мектепте Илешев молда оқытқан. Мектепте 15 ер бала оқыған. «Қарасу» мекеніндегі мектепте Бузауов молда оқытқан. Мектепте 25 ер бала оқыған. «Қосарал» мекеніндегі мектепте Джантыров молда оқытқан. Мектепте 10 ер бала оқыған. «Қарақоға» мекеніндегі мектепте Абдрахманов молда оқытқан. Мектепте 10 ер бала оқыған.

4. Приморский бөлімі.

Мешіт жанындағы медреседе молда Қабылов оқытады. Мектепте 10 ер бала оқыған.

1894 жылдың 20 қазанда Император Александр III мырзаның қайтыс болғанына байланысты шіркеуден шыққаннан кейін инспектор қырғыз оқушыларымен бірге жергілікті мешітке баруы, ол жерде молдамен шариғат бойынша Патшаға ант қабылдауы, оқушыларды мешіттен шығарған инспектор оқытушыларға күннің қалған бөлігін естеліктерге арнауға және оқушылармен қайтыс болған Император туралы әңгімеге, және де «Құдай Патшаны сақта» әнін айтуға арнауды тапсыруы мектептерде христиан дінінің басым болғанын көреміз. 1894 жылы инспектор А.Воскресенскийдің мәлімдеуі бойынша Бөкей Ордасындағы орыс-қырғыз мектебіндегі оқитындар саны Бөкей Ордасында барлығы 307 оқушы оқыған: ұлдар – 270 (Ордада-49, Үлкен Ганюшкінде-51, Қамышта-21, Қамыш-Самарскіде-38, Нарында-21, Таловта-37, Торғында-32, Хан ордасының жанындағы орыс-сыныптық мектебінде-21), қыздар – 37(Қамыш-Самарскіде- 4, Таловта – 1, Қыздар мектебінде-32). Оның ішінде христиан дінідегілер – 55 (Ордада-17, Үлкен Ганюшкінде-9, Қамыш-Самарскіде-6, Нарында-1, Таловта-5, қыздар мектебінде-17), мұсылман дініндегілер – 250 (Ордада-30, Үлкен Ганюшкінде-42, Қамышта-21, Қамыш-Самарскіде-36, Нарында-20, Таловта-33, Торғында-32, Хан ордасының жанындағы орыс-сыныптық мектебінде-21, Қыздар мектебінде-15) оқушы. Ал ұлтына талдайтын болсақ 307 оқушының 228-і қырғыз(қазақ) (Ордада-30, Үлкен Ганюшкінде-42, Қамышта-21, Қамыш-Самарскіде-36, Нарында-20, Таловта-33, Торғында-32, Қыздар мектебінде-14), 57-і орыс (Ордада-19, Үлкен Ганюшкінде-9, Қамыш-Самарскіде-6, Нарында-1, Таловта-5, Қыздар мектебінде-17), 22-сі татар ұлтынан (Қыздар мектебінде-1, Хан ордасының жанындағы орыс-сыныптық мектебінде- 21) болған.

Ислам мәдениетін дамыту үшін Хан Ордасы қоғамы мектебі 1909 жылдан қызмет еткен. Және сол жылдан бастап Ордадағы халықтық инспектордың рұқсатымен конфессиялық (ұлтаралық) мектеп ретінде ашылған. Онда білім беру татар тілінде жүргізілген. Мұсылмандық сенім, бастапқы санау және татар тілдерін оқыту Қазанда басылып шыққан келесі оқулықтармен оқытылған: Құран, Мунтазам-Хараать, Кахида кітабы (татар грамматикасы), Турки-сарть (Фаннит-тажуасть) (Құранды қалай дұрыс оқу керек). Бұл мектепте оқытушылық құрамда Қазан губерниясындағы Тетюшск уезінің татар-крестяні, медреседе білім алған Назмудин Шайхузаманов болған. Оқу курсы 4 жылдық. Жаңа Казанка ауылындағы Галикеев ахун медресесі 1894 жылы ашылған. Мұнда татар тілінде оқытылған: сауат ашу, бастапқы санау, тарих, география, араб тілінің грамматикасы, Араб оқуы, Құранды талдау және келесі кітаптар бойынша оқытылған(Мұғалім-наху, Лисаль – гарай. Гумаров. Астрахан. 1910 ж., Мұғалім-шариға. Забиров. Қазан. 1906 ж., Мұғалім-сар. Гумаров. Астрахан. 1910 ж., Сумиямуль-Нарват. Адутов. Қазан. 1909 ж., Оқу кітабы. Абузаров. Қазан. 1910 ж., Жағрафия. Ижмали. Ханафи Қазан. 1908 ж., Бидайть. Жағрафия. Қазан. 1909 ж., Тарих – Амбия. Ханафи. Қазан. 1907 ж., Кисай Масаляри. Багданов. Қазан. 1909 ж.). Мұғалімдік қызметте ахун Галикеев, Ғабдолла Ғабдрашидов, Ғабдрахман Хамидуллин, Қайырғалин Ягуббаев және Хаким Абдушев қызмет еткен. Олардың бәрі ескі әдісті медреселердегі курсты аяқтады. Бірақ олар Қазан мен Уфада қосымша білім берудің жаңа әдісімен танысқан. Білім берудің белгіленген бағдарламасы бұл мектепте нақты болмаған. Әрбір оқытушы ағымдағы оқу жылында не өту керектігін өздері белгілеген. Білім беру қандай да бір жүйесіз және әдістемелік басқарусыз жүргізілген.Оқушылар өздерінің қалауы бойынша медресе оқытушыларына жазылған. Әрбір оқытушыда барлық пәнді беретін бірнеше бөлім болған. Бұл жағынан медресе ескі әдістен әрі аса қоймаған. Медресе алты негізгі және жетінші қосымша бөлімшелерден тұрған. Бөлімшеден бөлімшеге өту үшін ерекше сынақ болады. 1913 жылы Жаңа Казанка медресесінде оқитындардың санын 150 оқушы құраған. 1913 жылы 1 қаңтардағы Ордадағы: 39 - мектеп, 61- медресе, жалпы барлығы 100 мұсылман конфессиялық мектеп болған. Олардың 10 мектебі жаңа әдіспен, қалғандары ескі әдіспен сабақ берген.

Қазақ жерінде мұсылман мектерімен қатар орыс мектептерінің көптеп ашылуы, білімге құштар, арманшыл қазақ жастарының өмірлік мақсат-мұратын айқындап, болашақ мамандық таңдау сияқты келелі мәселелердің бетін ашып алуға, талаптануға баламалық жағдай жасады. Алайда, халықтың рухани дәстүрлері - ғасырлар бойы ауысып отыратын мирас десек, өте сақ, алдын ала ойластырылып, құйтырқы жүргізілген рухани отарлау саясатының ауыр зардаптарын да мойындауымыз керек.

Сонымен қорыта келгенде, ХІХ ғасырдың екінші жартысында патша үкіметінің ислам дініне қатысты саясаты қазақ даласында мектептер мен медреселер салдырып, Құранды қазына есебінен бастырып, оны қазақтар арасына тегін тарату сияқты шаралар арқылы іске асқандығы айқындалды. Патша үкіметінің мақсаты халықтың ақыл-санасын дінмен шырмап, қараңғылықта ұстау, қазақ жастарын орыстандыру арқылы өзінің отаршылдық саясатын іске асыру еді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру