Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚАДІР ТҮНІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ҚАНДАЙ?

Жолдас Қоспақұлы www.muftyat.kz 31.05.2019 4501 0 пікір

 

ҚАДІР ТҮНІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ҚАНДАЙ?

 

Қадір түнінің мағыналарымен қоса басқа түндерден ерекшеліктері де бар. Енді соларға тоқталайық.

Бірінші ерекшелігі – Қадір түнінде қасиетті Құран Кәрімнің түсірілуі. Кітаптың басқа түндерде емес, Қадір түнінде түсірілуінің өзі оның қасиеттілігін айғақтап тұр.

Екінші ерекшелігі – ұлық түн. Басқа түндер Қадір түніне сәйкес келмейді. Бірдей бола алмайды да.

Үшінші ерекшелігі – құлшылық түні. Қадір түні тұтас бір ғұмырды қамтитын қасиетке ие. Бұл турасында Имам Куртуби: «Аяттағы мың айдан да қайырлы» деген сөз «бүкіл заман» дегенді білдіреді. Өйткені, арабтар шексіздікті білдіру үшін «мың» деген сөзді қолданады», - дейді.

Қадір түніндегі ғибадаттың сауабы сексен үш жылға тең келетіні жайлы ғұлама Жазайири:

«Қадір түні – сөзсіз ең жақсы түн! Алла Тағала оны берекелі етті. Ол түні Құранды түсіріп, басқа түндерден ерекшеледі. Сондай-ақ, осы түнді құлшылықпен өткізген адамға сексен үш жыл ғибадат еткеннің сауабы жазылады», ‒ деп баяндайды.

Ал Хафиз Ибн Ражаб:

«Ей, өз өмірін ешбір игілікке қол жеткізбей өткізген адам! Қадір түнін жіберіп алғандарымды қайта толықтыру үшін қолданамын. Өйткені, бұл түн тұтас өмірге тең келеді ғой!» - деп айтқан («Ләтаифул-мә’ариф», 191).

Төртінші ерекшелігі – бұл түнде шайтандар болмайды. Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде бұл түні күн шыққанға дейін шайтандар болмайтынын айтқан. Ибн Аббастың:

«Бұл түні жындарды кісендеп, үлкен жындарды қамап тастайды» деген сөзі бар. Ал Мужаһит: «Бұл – амандық, есендік, тыныштық түні. Бұл түні шайтандар адамдарға тыныштық береді. Олар адамдарға жақындамайды, азғырып, тура жолдан тайдыра алмайды», - деген.

Бесінші ерекшелігі – періштелердің бәрі, Жәбрейілдің өзі Алла Тағаланың қалауы бойынша жерге түсіріледі. «Қадір» сүресінің 4-аятында:

تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِم مِّن كُلِّ أَمْرٍ

«Ол кезде Раббыларының қалауымен Оның әрбір әмірі үшін періштелер мен Рұх (Жәбрейіл) түседі» делінген.

Алтыншы ерекшелігі – бұл түнде амандық, тыныштық салтанат құрады. Әсіресе, иманды адамдар жамандық атаулыдан аулақ болады.

Жетінші ерекшелігі – бұл түн береке кеші. Алла Тағала «Духан» сүресінің 3-аятында:

"إِنَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةٍ مُّبَارَكَةٍ

«Біз Құран Кәрімді мүбәрак болған түнде түсірдік» дейді.

Сегізінші ерекшелігі – күнәлар кешіріледі. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім де кім осы түнде Аллаға иман келтіріп, сауабынан үміттеніп, құлшылықы ететін болса, Алла Тағала оның бұрынғы істеген барлық кінәларын, кемшіліктерін, қателіктерін кешіреді» (9), - деген.  

Тоғызыншы ерекшелігі – бір жылдық тағдыр жазылады. Кімде кім бұл түннің мол сауабынан құр қалатын болса, ол барлық жақсылықтан ада қалды деп есептелінеді. Алла Елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

عن أبي هريرة - رضِي الله عنه - قال: كان النبي - صلَّى الله عليه وسلَّم - يُبشِّر أصحابه بقدوم رمضان فيقول: ((قد جاءكم شهر رمضان، شهرٌ مبارك كتب الله عيكم صِيامَه، فيه تُفتح أبواب الجِنان وتُغلق فيه أبواب الجحيم، وتُغَلُّ فيه الشياطين، فيه ليلةٌ خيرٌ من ألف شهر، مَن حُرِمَ خيرَها فقد حُرِمَ)).

«Сендерге Рамазан айы келді. Ол - мүбәрак ай. Алла Тағала сендерге оразаны парыз етті. Рамазанда жаннаттың есіктері ашылады. Тозақтың есіктері жабылады. Шайтанды Алла кісендеп тастайды. Рамазанда бір түн бар. Ол мың айдан артық. Кім одан құр қалса, барлық жақсылықтан құр қалады» (10), - деген.

 

Қадір түнінің белгілері қандай?

Иә, Алла Тағала дәл нақты қай күні болатынын жасырып қойған Қадір түнінің өзіндік белгілері бар.

Бірінші белгісі – ауа райының бірқалыптылығы. Жел баяу соғады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады» деген.

Екінші белгісі – сол түнді құлшылықпен өткізген адамның жүрегінде тыныштық орнайды. Жаны рахат бір сезімді бастан кешеді. Себебі, періштелер жерге түсу арқылы пенделерге мейірбандықты әкелген еді. Убада ибн Самиттен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қадір түнінің белгілері туралы:

«Қадір түнінің белгісі, оның – тұнық әрі жарық, ал айдың ол түнде бейне бір жарқырап тұрғандай болатыны. Ол түн тыныш және жайлы, суық та емес, ыстық та емес. Бұл түні таң атпайынша, жұлдыздардың лақтырылуына рұқсат берілмейді. Және бір белгісі – таңертең күн сәулесіз, толған ай секілді түзу болып шығады әрі шайтандарға онымен бірге шығуға рұқсат етілмейді», - деп сипаттағаны риуаят етілген. (11).  

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру