Ғылым тарихында микробты тауып, оның ауруға себеп екенін анықтаған ХVI ғасырда өмір сүрген италяндық ғалым Джироламо Фракасторо деп танылып кетсе де, негізінде бұл жаңалықты ашқан ХV ғасырдағы Ислам ғұламасы Ақшамсәддин екені көпшілікке мәлім емес.
Константинопольді жаулап, Ыстамбұл қылған Османлы падишахы Мехмет Фатих Сұлтанның рухани ұстазы болып, оның әскеріне рухани демеу көрсетіп, жәрдем еткен, Ыстамбұлдың рухани жаулаушысы атанған қаһарман ғалым Шәмсәддин Мұхаммед бин Хамза (Ақшамсәддин) 1389 жылы Шамда дүниеге келіп, 1459 жылы Түркияның Гөйнүк қаласында дүниеден озған. Тасаууф тарихында Байрамия тариқатының Шәмсия тізбегінің құрушысы ретінде қабылданған мутасаууф, сопы әрі ақын һәм хафыз Ақшамсәддин – діни ғылыммен қатар, медицина ғылымдарының да білгірі. Ол аурулардың тамырын дөп басып, дертіне дауаны да өзі дайындаған әрі емдік өсімдіктерді өте жақсы зерттеген ғалым болған.
Ақшамсәддин өзінің өмір сүрген жылдарында мыңдаған адамның өліміне себеп болған жұқпалы аурулармен күресіп, мұсылман үмбетіне көп еңбек сіңірген. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Өлімнен басқа барлық дертке дауа бар» деген сөзін ұстанымы еткен ол медицина саласында көптеген зерттеулер жасаған. Ауруды анықтау – оның қандай жолмен жұғып, жайылғанына байланысты. Ақшамсәддин де осы мәселені көп зерттеген. Ол өзінің «Маддатул-хайат» атты еңбегінде мынадай қорытындыға келеді:
Бұл сөздерімен ғалым микробтың анықтамасын беріп, аурудың жұғуы көзге көрінбейтін тірі ағзалар арқылы болатындығын айтады. Микроскоптың XVII ғасырдан кейін пайда болғанын ескерсек, Ақшамсәддиннің бұл сөздері микробиология ғылымында өте маңызды пікір деп есептеледі.
Ақшамсәддиннен кейін 100 жылдан соң италяндық ғалым Джироламо Фракасторо өзінің зерттеулері нәтижесінде тура Ақшамсәддиннің пікірін жаңалық етіп ашып, күллі әлемге қабылдатқызады. Осылайша Ақшамсәддиннің есімі ескерусіз қалып, Фракасторо танымал боп кетеді. Жалпы, Ислам ғұламаларының ескерусіз қалған жетістіктері бұл ғана емес. Көптеген жаңалықтардың негізінде Ислам ғалымдары жатқаны осы уақытқа дейін де айтылып та, жазылып та келеді.
Ақшамсәддин Ыстамбұлды алғаннан кейін (29 мамыр, 1453) Аясофияда оқылған алғашқы жұма намазының құтпасын оқыған. Сондай-ақ, ол Пайғамбарымызды (с.а.у.) Мәдинада қаншама ай үйінде қонақ еткен, кейін Константинопольді аламын деп іргесіне дейін келіп, сол жерде қайтыс болған Әюб әл-Ансаридің қабірін тапқан.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру