Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«ИСТИҒАЗАНЫҢ» ТҮСІНДІРМЕСІ

Сәмет Оқанұлы 04.12.2018 9505 0 пікір

 

«Ағузу» сөзінің мағынасы

«Әъузу билләһи минаш-шайтонир-ражим» дұғасындағы «ағузу» сөзі – استعاذة (истиғаза) және معاذ الله (мағазалла) сөздерінен туындаған етістік, ол «сиынамын, пана тілеймін» сынды мағына береді. Адам баласы – әлсіз жаратылыс. Әлсіздігі оның қабілеті мен күш-қуатының шектеулілігінде. Ал Алланың құдіреті, ілімі шексіз. Еш нәрсеге мұқтаж емес, керісінше, күллі жаратылыс Оған мұқтаж. Біз екі дүние бақытына Рахман әрі Рахим Алланың көмегі болмаса, қол жеткізе алмаймыз. Тіпті, біз қас-қағым сәт тіршілік ету үшін де Оның рақымына зәруміз. Яғни, әлсіздігімізді пайымдадық, сезіндік делік.

Ендеше, бар тілегімізді әлемдердің Раббысы құдіреті күшті Жаратушы Иемізден сұрамағанда, кімнен сұраймыз?! Алла Тағала:

«(Уа, Расулым!) Сен оларға: «Егер жасаған дұғаларың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын?» деп айт!» деген.

Сонда адамзатты мәңгі бақытсыз етуді мақсат еткен қас дұшпанымыз Ібіліс шайтанның азғыруынан Аллаға сиынуға қаншалықты мұқтаж екеніміз айтпасақ та түсінікті.

Шайтан – адам баласы мен жындардың ішінен ақиқатқа қарсы шығып Ібіліске ерген күнәһар мақұлыққа берілген атау. Имам Құртуби:

«Ібілістің ِانَطْيَّش (шайтан) деп аталуы – оны ақиқаттан алыстатқан бойындағы тәкаппарлығы мен тоңмойындығы», - деген.

Адам бойынан тозаңның түйіріндей «менмендік» көрінсе, ол Алла Тағалаға қарсы шығуға жеткілікті қауіп болып табылады. Мұның мысалын Адам ата мен Хауа ананың өмірінде тыйым салынған ағаштың жемісін жеуден болған жазатайымдық ісінен көруге болады. Қолымен істегенін мойнымен көтеру пайғамбар сүннеті екенін Адам тәубесіне келіп, Жаратушысынан кешірім сұрап, адамға тән кішіпейілдік танытуымен кеңшілікке ие болса, ал Ібіліс Алланың: «Адамға сәжде (құрмет) жасаңдар» деген әміріне қарсы келіп, қателігін танудың орнына менмендігі арта түсті. Бұл ісі оны Алланың азабына ұшыратып, мәңгілік құрдымға жіберді. Адамзат өмірінде алғаш көрініс тапқан бұл оқиға бізге «кішіпейілдік – пайғамбар жолы, тәкаппарлық – Ібілістің жолы» екенін ұқтырды.

«Әш-шайтан» сөзі «Әлиф-ләм» әріптерімен келгендіктен, тобы көп екенін көрсетеді. Адам баласын аздырып, жамандыққа шақыратын адамдар да сол шайтанның тобына кіреді.

Қасиетті Құранда:

«Осылайша әр пайғамбарға адамдар мен жындардың шайтандарын дұшпан еттік. Олар бір-біріне жылтыраған алдамшы сөздерді сыбырлайды. Егер Раббың қаласа, олар оны жасай алмас еді. Оларды жасанды сөзімен қалдыр» делінеді.

Бұл аятта Алланың пайғамбарлары мен мүмін құлдарына әрдайым дұшпан болатын шайтандардың адамзат және жындар қауымының арасынан болатыны айтылып тұр.
Олар дұшпандық мақсатына жету жолында ақиқатты көлегейлеп, көңілге күдік салу арқылы түрлі жолдармен азғырады. Шайтан жақын туысымыз немесе қимас досымыз болуы да мүмкін. Біз нағыз шайтанды немесе кімнің қандай ісі шайтани іс екенін Құран аяттары мен хадистердің негізінде бірде ажыратып жатсақ, кейде ажырата алмай күнәлі іске кетіп қаламыз. Сол себепті, күллі әшкере-көмескіні білуші, құдіретті Жаратушы Хақты пана тұту арқылы ғана ақиқат жолынан адаспаймыз.

Бірде әділетті халифа Омарды арғымақ атқа мінгізген сәтінде (ойнақтаған тұлпардың үстінде) өзін өзгеше сезінген халифа былай деген екен: «Мені тез түсіріңдер. Аллаға ант етейін, әлбетте, бойымды менмендік билеп, шайтан құрықтай бастады». Әрине, арғымақ шайтан емес. Алайда адамға берілген байлық, мансап-атақ сол адамның бойына менмендік сезімін тұтандыратын болса, онда ол шайтанның байқатпай салған тұзағы болмақ.

Құран оқу – құлшылық. Соған қарамастан Алла Тағала бізді Құран оқыған сәтімізде де Аллаға сиынып, шайтанның азғыруынан сақтануға міндеттейді. Бұл – Жаратушы Иеге әлсіз жаратылыстың әрдайым мұқтаж екенінің бір көрінісі.

Қасиетті Құранда:

«Қашан Құран оқысаң, қуылған шайтаннан Аллаға сиын» делінген.

Құран оқудың алдында «Ағузу»-ды айтудың тағы себебін Жағфар ибн Сыддық былай түсіндіреді:


«Басқа тағат-ғибадаттай емес. Құран оқудың алдында «Ағузу»-ды айту керек. Өйткені, адам баласы өтірік немесе ғайбат айту себепті тілін (нәжіс) ластайды. Алла Тағала пендесінің тілін тазарту үшін «Ағузу»-ды айтуды әмір етті. Сонда ғана мүмін Құран аятын Раббысынан түскендей, толық оқиды».

Яғни, Құран оқығанда пенде Раббысымен "сөйлеседі". Жан дүниесінен хабардар Жаратушысымен сөйлескен адамның жан-жүрегі таза болуы тиіс. Ал жүрек болса, Аллаға сиыну арқылы ғана кірден тазарады.

Себебі адам жүрегінде лағынет шайтанның азғыруын қабылдайтын осал тұсы болғанындай, Алланың мәңгі мейіріміне бөлейтіндей рухани кемел жағы да бар. Ол рухани кемелділік – Аллаға сиынып, «Ағузу»-ды айтумен ерекшеленеді.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру