Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ӨЗГЕ ЕЛДЕ ЖЕРЛЕНГЕН ҚАЗАҚ ЖАУҺАРЛАРЫ

Ғабит ІСКЕНДІРҰЛЫ 14.11.2018 5544 1 пікір

ӨЗБЕКСТАН

 

Төле би (1663-1756) – қазақ халқының бірлігін нығайтуға зор үлес қосқан атақты би. Тәукені хан етіп сайлап, үш жүздің ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға ұйытқы болған. Төле би Ташкенттегі Шайқантәуір зиратына жерленген.

 

Әйтеке би (1644-1700) – қазақ халқының атақты үш биінің бірі. Тәукені хан етіп сайлауға қатысқан. Әйтеке бидің қабірі Өзбекстандағы Науаи облысының Нұрата елдімекенінде.

 

Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы (1576-1656) – батыр қолбасшы, би. Батырдың денесі Самарқан өңіріндегі Дағбид қыстағында жерленген.

 

Тәуекел хан – 1583-1598 жылдары билік құрған қазақ ханы. Бұхар хандығымен күресте Мәскеумен одақтасуды жөн санап, 1594 жылы елші аттандырған. Бұқара қаласын алу үшін болған ұрыста ауыр жараланып, Ташкентке келіп қайтыс болды. Самарқан қаласында жерленген.

 

Шығай хан – 1580-1582 жылдары билік жүргізген қазақ ханы. Шайбани мұрагерлерінің арасындағы тақ тартысын қазақ мемлекеттілігін нығайтуға сәтті пайдаланған. Самарқан қаласында жерленген.

 

Ер Қосай (1507-1594) – Қазақ хандығының алғашқы кезеңінде өмір сүрген, қазақ мемлекеттігін нығайтуға үлес қосқан тарихи тұлға. Ер Қосай түрікменнің Ер Сарыкөсемінің қызы Оғылмеңліге үйленген. Одан жорық жыршылары, ақындар, жыраулар, өнер шеберлері Қалнияз, Абыл, Нұрым, Қашаған сынды дүлдүлдер тараған. Ер Қосаймен Оғылмеңлі ана Нүкіс қаласының Бестөбе жерінде мәңгілікке дамыл тапқан.

 

Сырым Датұлы (1723-1802) – қолбасшы батыр, би, шешен. 1783-1797 жылдардағы орыс отаршыларына қарсы ұлт- азаттық көтерілістің жетекшісі. Патша әскерінен бас сауғалаған Сырым Хиуа хандығының жеріне өтіп кетеді. Ел арасына атағы кеңінен тараған батырдан қауіптенген Хиуа ханы оны қапыда улап өлтірген. Сүйегі Қарақалпақстанда жерленген.

 

Базар Оңдасұлы (1842-1911) – жырау. Қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. Базар 15-16 жасынан бастап Ор төңірегін, Ырғыз, Сыр бойы, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа жағын жырау ретінде аралайды. Жыраудың өз айтуымен хатқа түскен 15 мың жолға жуық өлең-жырлары, 5 дастаны сақталған. Базар жыраудың өлеңдері 1925 жылы Ташкентте шыққан «Терме» жинағына, 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың әдебиет нұсқалары» атты кітапқа енді. Базар жыраудың зираты Өзбекстанның Тамды ауданының Жалпақтау деген жерінде.

 

Шәді Жәңгіров (1855-1933) – ақын. Ол 30-ға жуық дастан және көптеген өлеңдер жазған. Көлемді шығармаларынан қазірше табылғаны – 18 дастан. Өзбекстанның Сырдария облысы, Қаратөбе елдімекенінде дүние салған.

 

Серәлі Лапин (1868-1919) Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылында туған. Араб, парсы т.б. шығыс тілдерін жетік біліп, «Шаһнама», «Туһрат ал-Хани» дастандарының парсы тіліндегі қолжазбаларын зерттеген, Фирдаусидың «Шаһнамасын» қазақша тәржімалаған. 1919 жылы Самарқан қаласында белгісіз жағдайда қайтыс болды.

 

Сабыр Рақымов (1902-1945) – Кеңес Одағының Батыры, гвардия генерал- майоры, даңқты қолбасшы. 1945 жылдың наурыз айында Кенигсбергте қаза тапты. Кейін сүйегі майдан даласы- нан әкелініп, Ташкенттегі Кафанов саябағына жерленді.

 

Орал Таңсықбаев (1904 – 1974) – кескіндемеші, КСРО халық суретшісі, КСРО көркемсурет академиясының толық мүшесі. Өзбек КСР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1973). Ленин және басқа 4 орденмен марапатталған. Ташкенттегі «Шағатай» қорымына жерленген.

Пікірлер (1)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Таласұлы Нұрдәулет | 17.11.2018 10:02

Ол жерлердің барлығы қазақтыкы. Ер жігіт туған топырақта жерленеді. Ташкент,  Самарқант күні кеше өткен Бостандық ауданы Шыршық батыстағы Қарақалпақстан біздің жерлер.