Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Назира Нұртазина: ҚАЖЫЛЫҚ ТАҒЛЫМЫ

Назира Нұртазина, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Abai.kz 19.09.2018 5837 0 пікір

Көрнекі сурет. Қажылық 2018 ж.

Өмір диалектикасы деген сол, бейнебір ақ пен қара жолақтар алма-кезек ауысып тұрады. Абай атамыз «қары қалың қатты қыстың артынан көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді» дегеніндей, Алла Тағала бірде пенделерінің кесірін көрсетіп қойса, бірде саған шуақты күндер сыйлап, жақсының шарапатын тигізеді. Сөйтіп, Раббымыз «мейірімді, игі жандар тек көне тарих қойнауында қалды деме, дәл осы шақта да асылдың сынығындай нағыз мұсылмандар осы бір сұп-сұр, «күнәһар» деп жүрген қоғам ішінде өмір сүріп жатуы мүмкін» деген сияқты фәлсапаны бізге ишарамен үйретіп қойғандай...

Халқымызда «жақсының жақсысын айт нұры тасысын» деген сөз бар. Сол сияқты дана билер өсиетінде  «ақты ақ деп бағала, қараны қара деп қарала» дейді. Бәрі ниетке байланысты. Егер сөзіңнің түпкі, шынайы мақсаты – осыдан ұлтқа ғибрат, ұрпаққа тағылым туындасын, жақсылардың нұры тасысын,  абыройы арта түссін деген ниеттен болса, ол, әрине,шариғатқа қайшы емес.

Биылғы, 2018 жылы, тамыз айында мұсылман әлемінің қасиетті орталықтары Мекке-Мединеге үлкен қажылыққа үш мыңға жуық қазақстандық мұсылман аттанса, солардың ішінде бесінші парызды өтеу бақыты маған да нәсіп болыпты.  Осы жерде Исламның демократиялық мазмұнына бірден бір дәлел келтіре кетсек болады. Ол – діни парыздардың барлығы  ерге де, әйелге де бірдей ортақ жүктелгенінде.

Қажылыққа баруыма тікелей себепші болып, рухани кеңес беріп, ұсыныс жасап, қаржыландыру жолын қарастырған Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, ҚР Бас мүфтиі, хазірет Серікбай-қажы Сатыбалдыұлы Ораз еді. Әлбетте, әрқашан алдымен жүрегіңде ниет туады, соған қарай Алла Тағаланың «бол!» деген үкімі шығады. Дінімізде қажылар туралы «Алланың қонақтары», «Алла Өзі қасиетті Меккеге шақырды» деп айтатыны тегін емес. Десек те, адамның да рөлі зор. Құдай пенделерге қалау мен таңдау еркіндігін берген. Менің Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы көп жылғы педагогикалық еңбегім, әсіресе қазақ жеріндегі Ислам дінінің таралуы тақырыбында жазылған ғылыми монографияларым ҚМДБ тарапынан еленіп, ескерілсе керек.

Нәтижесінде мүфтияттың шешімімен бірнеше зиялы тұлғаларға (мұғалім, дәрігерлер) Қазақстан Республикасындағы Біріккен Араб Әмірліктері елшілігінің бірлесе ұйымдастыруымен «Жоғары мәртебелі шейх Зайд бин Сұлтан әл Нахайянның рухына арналған  қайырымдылық  қажылық жобасы» аясында құрылған хажж-миссия құрамында 14-30 тамыз аралығында Мекке-Мединеге қажылыққа барып мүмкіндігі бұйырды.

Әрине, осындай тамаша хәдия жасап, зиялы қауым өкілдерін  құрметтеп, демеу көрсеткен Дінбасымызға, оның жаңа командасына, сол сияқты спонсорларға «Алла Тағала разы болсын» дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Жалпы, 2017 ж. желтоқсан айында елге жаңа мүфтий сайланғалы бері Діни Басқарманың, мешіттеріміздің тыныс-тіршілігінде жаңғыру белгілері байқалды: айталық, бұрын жетіспей жататын демократиялық, әділеттілік рухы, кадр мәселесінде трайбализмге жол бермеу, дәстүрлі ислам құндылықтарын ғылыми негіздеу, т.б.

Ұшақ Алматыдан тікелей Джидда әуежайына алты сағатта барып қонды. Қайтқанда «Медина-Алматы» рейсімен еш қиындықсыз оралдық. Осыдан бірнеше жыл бұрын қажылардың машақаты бұдан көбірек болыпты, себебі Ыстамбул арқылы, т.б. транзиттік жолмен баратын еді. Енді төте жол ашылғаны үшін де Аллаға шүкір. «Tawaf travel» туристік компаниясының қажылықты ұйымдастыру деңгейіне, қызметіне риза болдық, бәрі де жоғары деңгейде ойластырылған;  қызметтері заман талаптарына сай, қонақ үйлері жайлы, т.с.с.

Саудия мемлекетінің қажылық маусымы кезінде заманауи жетістіктерді молынан пайдаланып, ұдайы жаңалықтарды іске қосып жатуына қарамастан, әлемнің түпкір-түпкірінен бірнеше миллион қажылар Мекке сияқты мегаполисқа бір мезгілде жиналып, иін тірескен кезде адам мен көліктің жүріп қозғалуы күрт қиындап, тіпті тынысалудың өзі ауырлайды десек артық айтқанымыз емес.

Осындай, ғылыми тілмен айтқанда,  объективтік қолайсыздық жағдайында (аптап ыстық өз алдына),  «Тауаф трэвел» фирмасының директоры, сонымен қатар Қазақстанның бірнеше қажылық компанияларын жұмылдырып,  үйлестірушілік қызмет жасап жүрген Айдар Михайлович Салқынбаев бауырымыздың ұйымдастыру қабілетіне, кәсібилігіне, қандай да болсын, тіпті форс-мажорлық жағдайларда тез шешім тауып, икемділік пен мобильділік, іскерлік үлгісін көрсете алатынына  тәнті болдық (өзі Ресейдің тумасы екен, бірақ жайдары, қазақы мінезді жігіт). Сол сияқты гид-имамдар бүкіл білімін, қабілеттерін жұмылдырып, отандастарының қасиетті сапарын жеңілдетуге бар күшін салып жатты.

Бәрі де оңай емес: ұшаққа отырғызу, автобустарды жалдау, араларында әжелер мен ақсақалдар да ұшырасатын қажыларды топ-топқа бөліп, құлшылық орындарына ертіп жүру, ғибадаттарды  өтеудің тиімді жолдарын үйретіп, инструкциялар беріп отыру, рухани тұрғыдан шыңдау, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қонақ үйлерге апарып жайғастыру, тамақтандыру, т.б. Ойлап қарасаңыз, рет-ретімен болып отыратын осы маңызды іс-шаралардың артында шын мәнінде қыруар жұмыс, көп жылдық тәжірибе, іскерлік келіссөздер, қаншама құжаттар, үгіт-насихат, жарнама, т.б. тұр.

Араб, түрік тілдерін еркін меңгеріп алып, шет елде жүріп ысылған, енді әпке, ағалары мен әже-аталарына қажылықта қызмет жасап зырылдап жүрген қазақтың діндар жігіттерін көргенде қуанасың, «тәуба, аман болыңдар!» деген тілек айтасың. Сосын маған ұнаған бір жәйт: Меккеде қажылықты ұйымдастыру барысында біздің адамдар түрікмен, өзбек, түрік ағайындармен, солардың ұйымдарымен жақын жүріп, кеңесіп, ынтымағы жарасып кетеді екен. Қонақ үйлері де жақын орналасқан, асханада өзбек аспаздары жұмыс істеді, т.б.  Қан тартады ғой, сосын менталитетіміз, дәстүріміз ортақ, алыс жерде шынымен  «өзбек – өз ағам» екенін мойындайсың. Нағыз «түркі дүние бірлігі» деген осындай береке-бірліктен көрінеді емес пе?

Сөйтіп, 2018 жылы Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы қасиетті Меккеде тағы бір рет желбіреді.  Тіпті «Qazaqstan» деп жазылған киім формаларымен де қажыларымыз дүниежүзілік ислам қауымдастығының теңқұқылы мүшесі, Мұхаммедтің (Оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) үмбетіне жататын дербес Қазақстан деген ел, қауым бар екенін әлем мұсылмандарына жарнамалап жүргендей болды.

Пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кіндік қаны тамған жерді, қасиетті Құран түскен, Ислам алғаш насихатталған рухани өркениет орталығын өз көзімізбен көріп, таң-тамаша болдық, рухани қуаттандық.   Зәм-зәм суын ішіп, жадырадық. «Нұр тауы» деп аталатын Меккедегі тауды, ондағы Пайғамбарға алғашқы уахи келген Хира үңгірін тамашалуға экскурсия болды.  Әлемдегі ең үлкен, тоғыз мұнаралы атақты «әл-Харам» мешітінде 3 миллионға жуық көпұлтты жамағатпен бірге жұма намазға қатысудың өзі, әрине, – бір ғанибет, керемет сауап алу мүмкіндігі.

Естен кетпес екі апталық уақытты үздіксіз ғибадат-құлшылық, намазбен өткіздік, имамдардың әсерлі уағыздарын тыңдадық. Сонымен бірге, Пайғамбар мен сахабалар, кешегі ата-бабаларымыз көрген қиындықтарымен еш салыстыруға келмейтін болса да,  өзімізше біраз шаршап шалдығып, қиналып та көрдік (үй жақтағы комфорт жоқ, жаяу жүрістерден аяққа ауыртпалық түседі екен, құрғақ тропикалық климаттың не екенін ет пен теріңмен нақты сезінесің, т.с.с). Бірақ ол – заңдылық, онсыз «рухани тазару», «күнәдан арылу» болмайтыны сөзсіз.

Қасиетті Қағбаны айналғанда, Арафат тауы жазығында тік тұрып дұға-тілеген сәттерде біздер, әрине, тек қара басымыз емес, халқымыздың, Қазақ еліміздің амандығы мен абыройын, жарқын болашағын тіледік. Мәселен, «Алла Тағала, туған халқыма  иман байлығын бер, досқа күлкі, дұшпанға таба қылма!» деген сияқты астарлы дұға-тілек. Сол сияқты өз басым діни кітаптарда мұсылмандарға ұсынылатын «Лә илләһа иллә әнтә сүбханәка, инни кунту мин әз-залимин!» деген Жүніс (ғ.с.) пайғамбардың әйгілі дұғасын өз басым, әулет, тұтас қазақ ұлты атынан да көп қайталап, жүрегіммен бекіттім. Бұл өзі –  тәубеге келу дұғасының үлгісі ғой, қысқа да нұсқа, өткір, шын ықыласпен айтылған. Осы сияқты дұғалар арқылы пенде күнәһарлығын, яғни Аллаға қарсы болған істерін саналы түрде мойындап, «шынында да  мен залымдардан болдым!» дегенге шейін өзінің «менін» төмендетеді.

Біз тұрмақ, әулие, хакім болған Қожа Ахмет Йассауи бабамыз, Хикметтерді оқысақ, өзін Жаратушы алдында қалай төмен ұстады, өзін күнәһардың күнәһарымен теңеп, зарлап, жылады. Ал ХХ ғасырдағы қазақ қауымында атеизм саясаты кесірінен небір ауыр күнәлар тарағаны баршаға аян... Менің ойымша, бейнелеп сөйлесек, қазақ халқының ХХ ғасырдағы тағдыры – сол ерте заманда Алланың каһары мен сынағына түсіп, кеме апаты кезінде алып бір балық (кит деп есептеледі) ішіне тасталған Жүніс пайғамбардың қиссасына ұқсайды. Алла Тағала Жүністің дұғасын қабыл етіп, кешіріп, өзінің шексіз құдыретімен оны балықтың ішінен аман-сау алып шыққан. Біз, бәлкім, 1991 жылы «қызыл киттің» ішінен аман-есен шықсақ та,  әлі де сүйкімді мұсылман қауымына айнала қойған жоқпыз.  Егер китке метафоралық мағына берсек (яғни «кит» – отаршылдық, одан да терең қарасақ – дүниеқұмарлық пен материализм тұзағы т.с.с) , ол пәленің ішінен тіпті өзі шықтық па, жоқ  әлде сандалып,  қараңғы лабиринттерінде әлі де шырмалып жүрміз бе? - деп те ойлап қаласың кейде.

Тарихшы болғандықтан ой-санаң, менталдық жүйең өзгеше құрылған. Сондықтан бір қызығы, Меккеде жүргенде, Мина шатырларында түнеген кездері де өткеніміз, ұлтымыздың драмаға толы тағдырының эпизодтары жиі еске түсе берді (шынымды айтсам, осы сияқты себептерден мен көпшіліктен алыстау жүруге тырыстым; өз психологиялық қауіпсіздігім үшін. Мәселен, «иә,иә» деп жылы қабақ танытып, бірақ қажы-апалардың әңгіме-дүкен құру, яғни кешкі «тусовкаларына» қатыспай...). Сонда мені көбінесе «бүгін» мен «кешені» салыстырмалы талдау, сол сияқты тарихи альтернативалар мәселесі толғандырды («әттеген-ай, біз баяғыда Біріккен Араб Әмірліктері деңгейінде болар едік – егер Мәскеу Әлихан мен Мұстафаны құртпаса...», т.с.с.).

Немесе Таяу Шығыс мұсылмандарын, шетінен зор денелі болып келетін арабтарды көріп отырып еріксіз: «Қазақтың қасіретінің  мыңнан бірі де өзге  мұсылман халқының басына түскен емес. Палестина да, Чечня да, Сирия да, ешкім көрген жоқ ондайды. Мәселен, біздің Ашаршылық-Геноцид – ол анау-мынау, құрмамен жартылай ашығу емес – кісі етін жеуге дейін барған ұлттық трагедия еді ғой; немесе Семей атом полигонының зардаптары, т.б. Ал неге осылай  болдық, неге, неге???» деген жауабы жоқ мета-тарихи, философиялық сұрақтар келе береді.

Сосын әлбетте ең алдымен қажыға барған ата-бабаларымыз жайлы толғаныс. Тарихи тұлғалар көз алдыма елестегендей, сонда «япыр-ай, Құнанбай-қажы, басқа да қазақ қажыларымыз бір кезде осылай жүрген екен-ау, ихрам киіп алып... Мүмкін, олар дәл осы Минада қатты қиналған шығар, бір тамшы суға зар болып, жолда өлді ме кейбірі...  Мынау шатырлар ол кезде болған жоқ қой, сонда қайтты екен, қалай шыдады екен, ә?» деген сияқты, әйтеуір, шытырман ойлар. Ақыры,  «жарықтықтар, тек жандарың жаннатта болсын» деп қоямын ішімнен.

Біздегі қажылық тарихы XIX-XX ғ. бас кезіндегі материалдар бойынша ғана белгілі. Бірінші дүниежізілік соғыс жылдарында  халықтың материалдық жағдайы күрт нашарлап, оған қоса 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс бұрқ етіп, діни өмірге қатты нұқсан келді. Ақыры 20-шы жылдардың соңында Кеңестің зұлмат саясаты дінді толық тұншықтырып, қажылық түгілі, намаз бен оразаны ұмытқызды, елді қара түнек басты. Халқымыз үшін Қағба, Мекке, Медине – бір сағым сияқты, енді ешқашан қол жеткізбейтін, орындалмайтын арманға айналды, ол туралы сөйлеудің өзі адамдардың өміріне қауіп төнгізді.

Шамамен 70-80 жылдай, яғни Кеңес дәуірінде Қазақстаннан Сауд Арабия жеріне  бір адамның табаны тимей келді (40-50-шы жылдардан бастап КГБ-ның қатаң бақылауымен Орталық Азия мұсылмандары Діни басқармасының бірен-саран қызметкерлерін қажыға апарғанын есепке алмағанда). Ақ түйенің қарны жарылған тарихи сәт – ол, әрине,  ХХ ғ. 90-шы жылдары болды.  «Қол жетті, міне, аңсаған күнге...Қуанышымды жасыра алмадым!»... Иә, ешкім ойламаған ғажайып нәрселер болып жатты, Құдайдың рахметі мен құдыретімен. Сөйтіп, тіпті Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әппақ ихрамға оранып, қасиетті Меккеге кіші қажылыққа барды сол жылдары. Ол үшін Аллаға сансыз шүкіршілік!

Яғни  «қажылық  тарихы», «қажы бабаларымыз» дегенде көбінесе Ресей патшалығы тұсындағы XIX-XX ғ. бас кезін еске түсіреміз.  Сонау Ұлы Дала төсінен Меккеге жер шарының жартысын айналғандай болып бұралаң керуен жолдарымен әрең жететін қазақ қажылары. Олар мидай далада күннің ыстығында қақталып (қолшатыр да жоқ, бүгінгі кондиционерлер тұрмақ), атпен, түйемен, пароходқа, кейінірек поезға да мініп, жылдан астам уақыт өткенде, табандары құм мен тастан тілім-тілім болып, шаң-тозаң жұтып барған. Дәл сол заманда мұсылман Шығыс елдерінің жағдайы нашарлап кеткен: қалалар күл-қоқысқа толы, ауыз су тапшылығы, оба індеті қаупі, толассыз саяси-әскери қақтығыстар, жол бойы керуен тонаушы қарақшылар...

XXI ғасырда Мекке көшелерінде электрондық білезіктерін тағып алып, рюкзактарын арқалап, қазақша дауысы қаттырақ шығып бірдеңені айтып, асығыс кетіп бара жатқан бір топ отандастарыма қарап тұрғанда ішімдегі «мазасыз тарихшы» тағы да аруақтармен «сөйлесті»: «Қайран қазағым! Бір кезде қалың жұртым, «Әлхамдулилла!» деп, сақал-мұртыңды түзеп, шапан, сәлде, тақияңды жарастырып, сәнін келтіре киген бабаларым, ақ жаулықты, ақ кимешекті әжелерім! Ешкімнен артық болмаса кем емес мұсылман қауым едің ғой, тіпті жәй мұсылман емес, «ар», «мәрттік», «әулие» деп сөйлейтін. Қалай ғана адастың кейін, не болдың? Енді, міне, «тәңіршіл» атандың ба, небір пәлелер жабысты ... Таңдаулыларың Алланың қонағы болып, әр кезде осы қасиетті жерге жеттіңдер ғой, арып-ашып, пысынап, терлеп тепшіп... Сосын, сірә, мыналар сияқты ескі Мекке көшелерінде тымпыңдап жүрдіңдер-ау қажы болып, дауыстарың алыстан саңқылдап естілетін аңғал, кеңпейіл сахаралықтар, даланың еркін құстары секілді.  Келе сала жүректеріңді айқара ашып, «дінбауырым» деп арабтармен құшақ жая сәлемдесіп, шүйіркелесіп кеттіңдер  ме? Малдас құрып отыра қалып, күлімсіреп, қауқылдасып, әр халықтың, қауымның хал-жайын жеке-жеке  сұрап, хабар-ошар жинап...Сосын Қағбаны көріп көзіңе жас алып, түйемен Мединедеге жеткенде, сәбидей пәк көңіліңмен «Пайғамбарым!» деп тағы да  бір егіліп жылап алып...».

Ойлансақ, Қазақстанның батыс, оңтүстік аймақтары Арабстанға бір табан болса да жақындау ғой, ал менің таң қалып, қайран қалатыным – бізде сонау Қытаймен шекаралас, Алтай, Тарбағатайдан да қажыға барғандар болды ғой. Географиялық картаға бір сәт үңілсек, сұмдық қашықтық екенін көреміз. Сонда қалай батылы барды қажылық сапарға тәуекел етуге? Қандай иман құдыреті оларды жетеледі?! Мәселен, өзімнің нағашыларымнан Меккеге барған  Саққұлы-қажы Мазыбайұлы деген кісі, анамның әңгімелері бойынша,  аман-есен еліне  оралып, 97 жасында 1924 ж. дүние салған екен. Туып өскен жері: Шығыс Қазақстан, Қалбатау, Тарбағатай өңірі. Кейін тарих құжаттарынан  есімін іздеп тауып, бабамыз қажыға 1901 ж. 74 жасында барғанын анықтадым. «Шойын жолмен жүрдік», «отарбаға міндік», «халқы кедей болады екен, қайыр тілеушілер аяғыңа оралып жүргізбеген соң ақшаны майдалап алып, жүрген кезде жолға уыстап алып тиын шашып отырамыз» деп әңгімелейді екен. Сол кезде әлемдік коммуникациялық жүйелері, көлік түрлері дамып, пойызбен Қара теңіз порттарына, одан Ыстамбулға, сосын Джиддаға баратын жаңа маршрут пайда болған. Әсіресе татарлар  мен Кауказ мұсылманды сол жолмен жүре бастаған. Саққұлы бабамыз Семейден шыққан қажылармен бірге Меккеге солай жеткен сияқты.

Ауылда «бәйтолланың жабуы» деп аталып кеткен Қағба үстіне жабылатын кисуаның бір метрліктей көлемдегі жыртысын менің анам бала кезінде көрген екен, қолымен ұстап та көріпті. Халық қастерлегені соншалық,  біреу қатты ауырса, әйелдер толғатқанда әлгі «қасиетті» жыртысты жалынып сұрап әкетіп, науқастың бас жағына қойып қояды екен. (Бір қызығы ежелгі қисуа түсі ақшылдау немесе түрлі-түсті ме, әйтеуір қазіргідей қара түсті болмағаны анық, өте қалың тоқылған мата, алтындаған ою-кестелері  бар делінеді (ол – «кесте» емес, арабша жазу, Құран аяттары, әрине). Иә, «қазақ дінге нашар болған» деген тезис – бос сандырақ. Ғаламат қашықтық, өлім қаупі төніп тұрғанын біле тұра ежелгі каһарман батырлар сияқты қазақ азаматтарының Меккеге «жиһатқа», яғни қажылыққа аттануы – ол  қазақ халқының мызғымас мұсылмандық сеніміне бұлтартпайтын тарихи-логикалық дәлел болып табылады.

Жалпы, қажылықтан алған діни-рухани әсерімізді  әзірше сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ой-пікірлерді, алған әсерлерді, қажетті ақпаратты қорыту үшін белгілі уақыт керек сияқты. Сөзсіз, бұл сапардың тағылымы мол болды. Бұл оқиға діннің мәніне тереңдей түсуге, иманымызды шыңдауға, өз-өзімізді психологиялық тұрғыдан тануға жетеледі. Құдай жазса, жұртшылыққа пайдалы эссе, философиялық мақалалар жазу ойымызда бар.

Әзірше барлық қажыларға айтарым: жасаған құлшылықтарыңыз қабыл болсын! Жылдан жылға Қазақстан қажыларының саны ғана емес, сапасы да артып, олардың сана, білім деңгейі, мәдениеті,  өзінің «қажы» деген бейресми рухани мәртебесіне сай әдебі, имандылығы жетіле берісін деген тілек айтқым келеді. Қажыдан кейінгі киім-киісіміз, сөйлесу мәдениетіміз  – барлығы діни, ұлттық талаптарға сай болуы керек. Сонымен қатар, әсіресе рияға жол бермеу маңызды, «қажымын» деп маңғаздану – үлкен күнә әрі этикалық тұрғыдан ұят нәрсе екенін естен шығармаған дұрыс. Сайып келгенде қажылықты сен өз шыбын жаның үшін, «тозаққа түсіп қалмайын» деп шырылдап атқардың, мынау қоғам, өзгелер үшін емес.

Тағы да  ауызша тарих мәліметтерінен, шежірелерден мысал келтірсек, Құнанбай-қажы Меккеден оралған соң, «енді дүние сөзін сөйлемеймін!» деп өзіне серт беріп, айтыс-тартыстардан, у-шудан аулақ болу үшін тіпті елмен араласпай, үй ішінде шымылдық құрып алып, оқшауланып, діни кітаптар оқып, құлшылықпен ғана айналысыпты дейді... XXI ғасырда дүниені тәрк етпесек де, Қасиетті Құран, Пайғамбар сүннеті, ұлттық әдеп ережелерімен жүруге тырысайық. Қажылығымыздың рухани деңгейін төмендетіп алмайық, мұсылман бауырлар.  Себебі «қабыл болған қажылықтың сыйы – тек қана жәннат» (хадис).

Назира Нұртазина, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры

Abai.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру