Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Құранға ғашық сахаба

Әйгерім Есқожаева www.muftyat.kz 05.12.2017 5991 0 пікір

 

Хижраның төртінші жылына аяқ басқан кез еді. Әз пайғамбардың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қаласына ішкі және сыртқы дұшпандардың тарапынан қауіп төніп тұрған болатын. Пайғамбармен ( ол  кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жасаған келісімін бұзып, оны өлтірмек болып жоспар құрған бәну Надир руы іштен қауіп төндірген-ді. Сол үшін бұл ру қаладан қуылады. Бұл оқиға сафар айында орын алған еді.

Осыдан кейін екі ай тыныштық орнады. Бірде Пайғамбарымызға (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Неджда атты араб тайпасы қалаға шабуыл жасамақшы деген хабар келіп жетеді. Оның алдын алу үшін Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) төрт жүз адамнан тұратын әскер жасақтайды да, қаланы қорғауға Осман ибн Аффанды (ол кісіге Алла разы болсын) қалдырып, өзі әскермен бірге шығысқа аттанады.

Әскердің ішінде Аббад ибн Бишр (ол кісіге Алла разы болсын) атты жас сахаба да бар еді.

Әскер Неждаға келіп жеткенде Пайғамбарымыз(ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұшпанның бос қалдырған күмәнді үйін кезіктіреді, ішінде тек әйелдері қалған екен. Ерлері жотаның ар жағына жасырынып қалса, кейбірі жиналып, шайқасқа әзірленіп жатқан болатын.

Екінті намазаның уақыты болады. Пайғамбарымыз ( ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аталмыш тайпаның адамдары намаз үстінде шабуылдауынан қауіптеніп, мұсылмандарға намаздарын қауіп төніп тұрғанда оқылатын намаз (салатул хауф) етіп оқуларын бұйырды яғни, мұсылмандар екі топқа бөлінеді, бір топ қарауылда тұрған кезде, екінші топ бір рәкағат намаз оқиды, кейін орын алмасады) олар жолаушы болып саналатындықтан, төрт рәкағаттың орнына, екі рәкағат етіп сапар намазын оқиды.

Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) екінші топ қарауылда тұрғанда, мұсылмандардың бір тобымен намазын оқиды. Екінші рәкағатты оқу үшін мұсылмандар орын алмастырады. Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намазын аяқтағанда екі топ та намаздарын оқып болады.

Тәртіпті әрі ұйымшыл мұсылмандарды көрген дұшпандар абдырап, қорқып қалады, осылайша мұсылмандар ол жерден ешбір қауіп- қатерсіз, аман-есен қайта оралады.

Қайтар жолда пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түн ішінде бір шатқалға жеткенде шатыр құруға бұйырады. Мұсылмандар жүктерін алып, түйелерін босатқан кезде ол: «Бүгін түнде бізді кім қарауылдайды?»,- деп сұрайды. – «Біз, уа, Алланың елшісі»,- деп жауап қатты Аббад ибн Бишр мен Аммар ибн Ясир. Олар жақсы дос еді, екеуінің достығына қарап пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оларды бауырлар деп атаған.

Аббад пен Аммар шатқалдың кіре берісінде күзетіп отырды. Аббад бауырының қатты шаршағанын көріп: «Түннің қай бөлігін күзеткің келеді бірінші ме, әлде екінші бөлігін бе?»,- деп сұрайды.

«Соңғы бөлігін күзеткім келеді»,- деп жауап берген Аммар лезде ұйқыға кетті.

Түн ашық, тымық әрі тыныш еді. Ағаштар, жұлдыздар мен таулар түн тұңғиығында Жаратушысын ұлықтап жатқандай. Айналада ешқандай қозғалыс, ешқандай қатер сезілмегендіктен Аббад өзін қауіпсіз сезінді. Олай болса, уақытты құлшылықпен өткізіп, неге намаз оқымасқа? Дәл осындай тымық түннің тыныш сәтінде намазда Құранның керемет аяттарын оқығанға не жетсін?!

Аббад алғаш рет Мусаба ибн Умайраның (ол кісіге Алла разы болсын) батыл әрі әуезді үнмен оқыған Құран аятын естігеннен бастап қасиетті кітаптің сұлулығына тәнті болған жан еді. Бұл оқиға хижраға дейін болған еді, Аббад ол кезде небәрі он бес жаста болатын. Құран оның жүрегінен айырықша орынға ие болды, Алланың ұлы сөздерін күндіз де, түнде де оқып, тыңдауға әзер тұратындығы үшін ол сахабалар арасында «Құранның досы» деген атпен танымал болды.

Бірде түннің бір уағында Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түнгі намаз оқымақ болып тұрады. Бұл уақытта ол мешітке жанаса орналасқан Айша анамыздың (ол кісіге Алла разы болсын) үйінде еді. Кенет ол Құран оқыған бір дауысты естиді. Ол дауыс сондай таза, жұмсақ, бейне бір Жебірейіл Құранды жеткізген сәттегі дауысындай жағымды естілді. 

Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

- Айша, бұл Аббад ибн Бишрдың дауысы ма?,- деп сұрайды

 - Иә, Алланың елшісі,- деп жауап қатты Айша.

- Я, Раббым, оның күнәларын кеше гөр,- деп үлкен махаббатпен дұға етті сүйсінген Алла елшісі.

Бүгін де, түннің тыныштығына оранған Недждің шатқалында Аббад ибн Бишр жүзін құбылаға қаратып, намазға бет бұрды. Тәкбірін алып, құлшылығын бастап кетті. Фатиха сүресін оқып болған соң, баурап алар тәтті дауысымен Кәһф сүресін оқи бастады. Кәһф сүресі – жүз бір аяттан тұратын ұзақ сүре, ол жерде имандылық, сабырлықтың иелері және уақыт туралы айтылады.

Алланың сөзін оқып, оның нұрына бөленіп, хикметіне ой жүгірте оқып тұрған сахабаның ту сыртынан аңдып тұрған Мұхаммед пайғамбар мен оның сахабаларына дұшпандығы бар бір пұтқа табынушы оған оқ атады. Ол пайғамбардың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әскеріне шабуыл жасауды жоспарлап жүргендердің бірі еді, бірақ мұсылмандардың жақындап келе жатқанын көріп, тауға жасырынып қалады.

Мұсылмандардың бірі оның әйелін тұтқындыққа алып кетеді, мұны естіген ол Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пен оның сахабаларын аңдып, қандарын төкпейінше оралмауға Лат пен Ғузза атты пұттарының атымен ант етеді. 

Алыстан Аббадтың (ол кісіге Алла разы болсын) сұлбасын анық көрген ол Алла елшісі мен ол кісінің сахабалары шатқал ішінде деп ойлайды. Садағын оқтап, Аббадқа қарай тарқан жебесі дәл тиеді.

Ешнәрсе деп тіл қатпастан Аббад жебені суырып алып, Құран оқуын жалғастыра береді. Әлгі адам екінші, үшінші жебені атады, олар да діттеген жеріне тиеді. Аббад болса оларды да үнсіз суырып алып, Құранын жалғастыра береді. Кейін рукуғ пен сәжде жасайды. Ауру жанына батып, әлсіреген Аббад сәждеге барған кезінде қолын созып, ұйықтап жатқан жолдасын оятады. Аммар оянған кезде сабыр сақтаған Аббас намазын оқып болып: «Тұр да менің орныма басқа күзетші шақыр, мен жараландым»,- дейді.  

Аммар орынан атып тұрып, айқай салады. Екеуін көрген дұшпан қараңғыда жасырынып үлгереді. Аммар Аббадқа келген кезде оның жерде қансырап жатқанын көреді.

- СубханАллах! Алғашқы оқ тиген кезде- ақ мені оятпадың ба?

 Аббад өзінің намазға, құлшылыққа деген құлшынысы мен тоятсыздығын көрсеткен мына керемет жауабын берді: 

- Жанымды жадыратар бір сүре оқып жатқанмын. Оны бітірмей намазымды бұзғым келмеді. Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы сүрені жатқа оқуға бұйырған еді. Сүрені ортасынан қалдырып, намазды бөлгеннен өліп кеткенім артық болды.  

Аббадтың Құранға деген сүйіспеншілігі оның Раббысы болған Аллаға, оның елшісіне (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) және Оның дініне деген сүйіспеншілігінің айғағы еді. Бұл сахаба құлшылықта да тұрақтылығымен, теңдессіз ерлігімен және Алла жолындағы жомарттығымен де танымал сахаба болған. 

Өзін - өзі құрбан ету мен өлімге бас тігу қажет болғанда ең алдыңғы қатардан табылатын. Ал соғыстан түскен олжаны бөлісер кезде оны зорға тауып алатын еді (яғни, ол олжалы болуға тырыспайтын). Мұсылманның мүлкіне сақтықпен қарайтын.   

Әз пайғамбардың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жары Айша анамыз (ол кісіге Алла разы болсын) бірде:

«Ансарлардың ішінде жақсылық жасауда ешкім тең келмейтін үш адам бар: Саъд ибн муаз, Усайд ибн Худайр және Аббад ибн Бишр»,- деген.

Аббад (ол кісіге Алла разы болсын) Йәмәм шайқасында шейіт болып өмірден озған. Шайқас кезінде ол өзінің өліммен қауышатынын және азапталып өлетінін сезген екен. Ол мухажирлер мен ансарлар арасындағы сенімсіздіктің орын алғанын айтқан әрі жағдайдың бұлай болғанына қатты қиналған. Мухажирлер мен ансарлар осылай бөлініп жүрген болса, араларында сенім мен бірлік болмаса, ауыр шайқас кезінде жеңіске жете алмаймыз деп қорықты.

Шайқас басталып, түс ауған кезде Аббад ибн Бишр (ол кісіге Алла разы болсын) төмпешіктің үстіне шығып: «Уа, ансарлар, маған жақын келіңдер. Қаруларыңды шайқас соңына дейін тығып жүргенше, жерге тастаңдар. Алайда Исламды тәрк етпеңдер»,- деп айқайлайды.

Аббад маңайына төрт жүз адамдай жиналғанша осылай деп айқайлай берді. Жиналған адамдардың басында Сәбит ибн Қайс, әл-Бара ибн Мәлік және пайғамбардың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қылышын қорғаушы Әбу Дужанмен бірге Аббад қарсыластарына қарай лап берді. Дұшпаны оны жерге жыққанша шайқасты. Денесінің кескіленіп тасталғаны соншалықты Аббадты әрең танитындай еді. Оның өмірі де, ерлігі де нағыз мұсылманға тән болған еді.

Алла Тағала Аббадтың (ол кісіге Алла разы болсын) және өзге де сахабалардың сауаптарын арттырсын. Біздерге осы саңлақ сахабаның Құранға деген махаббатын, намаздан алған ләззатын және де Алла жолындағы батылдығын үйренуді нәсіп етсін.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру