Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Уахиға себепкер болған зағип сахаба

Әйгерім Есқожаева www.muftyat.kz 04.12.2017 7542 0 пікір

 

Абдуллах ибн Умм Мактум (ол кісіге Алла разы болсын) мүміндердің анасы Хадиша бинт Хуайлидтің (ол кісіге Алла разы болсын) ағайынды бауыры болған. Әкесі – Қайс ибн Зейд, анасы – Атика бинт Абдуллах. Анасын Умм Мактум, яғни «жасырынның анасы» деп атаған, себебі ол ана дүниеге зағип нәресте әкелген болатын.

Меккеге Ислам дінінің келуіне куә жандардың бірі Абдуллах болды. Әрі Исламды бірінші болып қабылдағандардың қатарынан еді. Ол көп құдайшылардың түртпегіне тап болып, өзге сахабалар секілді қиыншылықты басынан өткерген. Оның дін жолындағы табандылығы мен қайтпас қайсарлығы үлкен жанқиярлықтың үлгісі болып қалды. Оның ықыласы мен иманы құрайыштықтардың зұлымдығынан әлсіреп қалған жоқ. Керісінше, Алланың дініне мықтап жармасуға және де Оның елшісіне (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бой ұсынуын күшейте түсті.

Абдуллахтың ардақты пайғамбарымызға (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адал болғаны соншалық, Құранның жаңа түскен аяттарын жаттап алу сәті туар болса, жіберіп алмауға тырысатын. Оның табандылығы кей кездері адамды ашуландыратын дәрежеде болатын, себебі ол білімге талпыну арқылы пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) назарын өзіне аударуға тырысушы еді.

Бұл кезең ардақты пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болын) құрайыш тайпасының көсемдерін Исламға шақыруға ден қойған шағы еді. Бірде ол Утба ибн Рабийә, оның ағасы Шайба, Әбу Жаһил деген атпен танымал Амр ибн Хишаммен, Умай ибн Халаф және Сайфуллаһ (Алланың қылышы) деген атқа ие болған болашақ сахаба Халид ибн Уалидтің әкесі Уалид ибн Муғирамен кездеседі. 

Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл адамдарға Ислам жайлы айтуды бастайды. Әз елші олардың Исламды қабылдағандарын қатты қалаған еді, тым болмаса соңынан ерген сахабаларын жайына қалдырса деген еді. Пайғамбар әңгімесін бастаған кезде Абдуллах ибн Умм Мактум қасына келеді, ол пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) маңызды шаруамен айналысып жатқанын білмеген еді. Қасына келіп Құранның соңғы аяттарын оқып беруін сұрайды.

«Уа, Алланың елшісі»,- деді ол, - «Алла саған үйреткенді маған да үйретші?». Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оны көре сала көңілсіздік танытып, қабағын шытып, теріс бұрылып кетеді. Себебі әз елші құрайыштың көсемдері Исламға келіп, оны күшейтер деген үмітпен бар назарын соларға аударған еді.

Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әңгімесін аяқтай сала көзі қарауытып, самай тамырының қаны бүлкілдеп соғып тұрғанын сезеді. Бұл уахи келуінің бір белгісі еді. Осы жолы оған мына аяттар түседі:

«Қабақ шытты да, теріс айналды. Өзіне соқырдың келгені үшін. Ал сен қайдан білесің, бәлкім, ол соқыр күнәсынан тазарар. Немесе үгіт алып, оған сол үгіт пайда берер. Ал енді иманды қажетсінбейтін байлар болса, сен оған бұрыласың. Егер ол тазармаса, сенде кінә жоқ болса да. Ал енді саған ақиқат үшін асыға жеткен әрі Алладан қорыққан біреу болса, сен одан бет бұрасың. Жоқ! Шындығында, аяттар бір үгіт және кім қаласа, оны есіне алар, Алланың құзырында ардақты нұсқаларда сақтаулы, мәртебесі де биіктелген, саф таза нұсқаларда, жазушылардың қолдарымен көшіріп жазылған, ардақты да бойсұнғыш періштелердің» («Ғабаса» сүресі, 1- 16 аяттар) 

Осы кеп түскен он алты аят ардақты пайғамбарымыздың ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адал сахабасы Абдуллах ибн Умм Мактум жайлы еді. Бұл аят сол күннен бері біздің күнімізде де оқылуда әрі Қиямет күніне дейін оқылмақ.

Осы күннен бастап Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Абдуллахқа жомарттық танытуын тоқтатқан емес, оның қажетін сұрап және алдына келген сайын оның өтінішін орындаудан бас тартпаған.

Кейінгі жылдары Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ибн Умм Мактумді көбінесе: «Раббымнан сөгіс естіртуші, қош келдің»,- деген сөздермен қарсы алатын болды.

Құрайыштар мүбәрак пайғамбарымызды (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) және оған иман еткендерді аңдуды күшейткен кезде Алла тағала олардың көшуіне рұқсат береді. Абдуллах бірден шешімге келеді де Мусъаб ибн Умайр екеуі Мединаға алғаш қоныс аударған сахабалардан болады. Қос жанары зағип бола тұра, қауіпті сапарға шығуға бел байлаған ер жүрек еді.

Ясрибке жеткен соң Мусъаб екеуі адамдарға Құран оқып және Алланың діні жайлы айтып, адамдарға дінді үйрете бастайды. Кейін Меккеге пайғамбарымыздың (ол кісіге  Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі келген соң Абдуллах пен Біләлді Алланың Жалғыздығын жар салып, адамдарды жақсы амал жасау мен құтылуға шақыру міндетіне, яғни мұсылмандардың азаншысы етіп тағайындады.

Көптеген адамдар қазірге дейін осы зағип сахабаның әз елшінің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Біләлмен теңдей азаншысы болғанын біле бермейді. Біләл намазға азан шақырса, Абдуллах қамат түсірген. Кей кездері орын ауыстыратын болған. Рамазан айында бірі адамдарды сәресіге ояту үшін азан шақыратын болса, бірі таң рауаны білінгенін және оразаның басталғанын жариялау үшін азан шақырған. 

Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Абдуллах ибн Умм Мактумға жүктеген міндетінің бірі – өзі жоқ кезде Мәдинада орнына өкіл етіп қалдыруы еді. Осылайша Абдуллах ибн Умм Мактум он шақты рет өкіл болып қалған, соның бірі – пайғамбарымыз  (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларымен Меккені азат етуге кеткенде болған.

Бәдір маңындағы шайқастан кейін Алла елшісіне (ол кісіге  Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйінде қалғандардан гөрі, шайқасқа шыққандардың дәрежесі жоғары болғандығы жайлы уахи келеді. Бұл шайқасқан сахабаларды марапаттау мақсатында әрі әрекетсіз жатқандарды ынталандыру үшін түскен аят болатын. Бұл уахи Ибн Умм Мактумға қатты әсер етті, шайқасқа қатыса алмағандықтан жоғары дәрежеге жете алмауы жанына қатты батты. Ол пайғамбарымызға (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың елшісі! Егер мен шайқасқа қатысқа алғанымда, әрине, оны (ерлік) жасар едім»,- дейді. Осыдан соң ол Алладан оның нақты жағдайы және сол секілді науқасына байланысты шайқасқа қатыса алмағандар жайлы уахи түсіруін тынбай сұрайды. Оның дұғасы қабыл болып, жоғарыда айтқандай, науқастығына байланысты шайқасқа қатыса алмаған мұсылмандардың жағдайын нақтылайтын аят түседі. Толықтай аят мынандай:

«Мүміндерден үзірсіз (ақсақ, соқыр, ауру болса бір басқа) соғысқа шықпағандар мен Алла жолында мал-жанын қиып соғысқа шыққандар тең емес. Алла жолында мал-жанын атап соғысқандарды Алла соғысқа шықпағандардан бір дәреже үстем қылады. Алла осы екі түрлі адамдарға (соғысқа шыққандарға да, себеппен соғысқа шыға алмағандарға да) жақсылық бағыштауға уәде қылды. Бірақ, соғысқа шыққандарға үйде отырушылардан ерекшелеп ірі сыйлық арнады». («Ниса» сүресі, 95- аят)

Осылайша Абдуллах соғыстан босатылғанымен, үйде қалуына қанағат етпеді. Ол өзін мұсылмандардың туын алып жүруші етіп тағайындауын өтінді: «Мені екі қатардың ортасына қойыңдар да туды маған беріңдер. Мен оны алып жүремін әрі қорғаймын. Көзім көрмегендіктен қаша да  алмаймын»,- дейді.

Хижраның 14- ші жылы мұсылмандардың әділ халифасы Омар (ол кісіге Алла разы болсын) парсыларға қарсы соғысқа аттанбақ болады. Ол өзінің қол астындағы басшыларына: «Маған қару-жарақталған атты адамдар немесе қолынан келгенше жәрдем бере алатындарды тездетіп жіберіңдер»,- деп хат жазады.

Халифаттың әр тарапынан Омардың шақыртуына мұсылмандар топ- топ болып ағылып, Мәдинаға жиналды. Ішінде зағип жауынгер Абдуллах ибн Умм Мактум (ол кісіге Алла разы болсын) де болды.

Омар халиф Саъд ибн Әбу Уаққасты әскердің қолбасшысы етіп тағайындап, насихат айтып, қоштасады. Әскер Қадисиге келіп жеткен кезде Абдуллах ибн Умм Мактум дулығасын киіп, шайқасқа әзір болады. Ол мұсылмандардың туын ұстап, оны қорғап жүруге я болмаса осы шайқаста мерт болуға серт етеді. 

Мұсылмандар дұшпан әскерімен жолығып үш күн бойы шайқасады. Бұл шайқас ислам тарихындағы ең ауыр шайқастың бірі болып қалады. Үшінші күні мұсылмандар жеңіске жетіп, әлемдегі ең үлкен империя күйрейді.

Осы жеңіс жүздеген шейіттердің жанын қиды. Олардың арасында жауынгер әрі ғалым Абдуллах ибн Умм Мактум де жан тәсілім етеді. Оның денесі шайқас алаңында мұсылмандардың туын қапсыра құшып жатқан күйде табылады. Осылайша зағип сахаба шайқас алаңында шейіт болып, Раббысымен құрметті дәрежеге ие болған халде жолықты.

 

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру