Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖҮСІП ПАЙҒАМБАРҒА ҰҚСАЙТЫН ЖІГІТ

ИБРАҺИМ Мұстафа www.nurgasyr.kz 11.10.2017 6163 0 пікір

Бұл сонау халифа Омар бин Хаттаб заманында болған оқиға. Әлқисса ізгі жігіт жайлы.

Мұсылмандар әміршісі Омар әлігі жігіттің бойындағы бекзаттық пен тақуалықты байқап ерекше жақсы көреді екен. Жігіт көпшілік арасынан көрінбей қалса, қайда деп халифа іздеп тұрады екен. Күндердің күні ол жігітке хас сұлу қыздың көзі түсіп, көңілі байланады. Жатса-тұрса ойынан кетпей, қыздың мазасы қашады. «Әйелдің қулығы зор» демекші, жігітті уысына түсірудің амалын іздей бастайды. Бойжеткеннің арам пиғылын сезген кемпір: «Бұл істі маған бер. Жігітті өз аяғымен сенің алдыңа алып келмесем, қарап тұр», - деп тұзақ құруға кірісіп кетеді.

Кемпір жігітке келіп: «Мен қарт әйелмін. Қой-ешкімді сауатын қауқарым жоқ. Осы шаруама көмектессең, саған да сауап болар еді», - дейді. Ол заманның адамдары сауапты іс десе, қарап тұрмайтын. Содан жігіт кемпірдің үйіне келсе, ешкі тұрмақ лағы да жоқ екен. Қарт әйел кенеттен: «Қазір, ешкіні алып келейін», - деп шығып кетеді.

Кенет көктен түсті ме, әлде жерден шықты ма белгісіз, айдай сұлу қыз пайда болды. «Қоқыста өскен әдемі гүлден сақ болыңдар» демекші, сырты сұлу болса да, іші сұмдық екен. Жақындамақ боп әрекет жасаған еді, жігіт маңайына жолатпады. Шарасы таусылған қыз ызаланып: «Ойбай, кім бар!? Мынау маған зорлық көрсетпекші», - деп бай-балам салды. Маңайдағы көрші-қолаңдар жетіп келіп, әй-шайға қарамастан жігітті сабап тастады. Келесі күні жігіт көрінбегендіктен, халифа хал-жағдайын сұрастырған еді, құлағы еріксіз бір сұмдық жағдайды естіді. Өз аузынан естиін деп шақыртты.

Жігіттің аяқ-қолы байлаулы күйінде халифа құзырына келтірілгенде, Омар: «Уа, Алла ол жайлы ойымды қате ете көрме», - деп дұға етіп, жігітке: «Маған тек шындықты айт», - деді. Болған жайтты жігіт аузынан естіген соң, көршілері мен кемпірлерді шақыртты. Қамшысын қолына ұстап тұрып кемпірге: «Қане, шыныңды айт!» - деп еді, барлығын жайып салды. Сонда, халифа Омар (Алла оған разы болсын) да қуанып: «Біздің арамызда Жүсіп пайғамбар сияқты жігіттің болғанына Аллаға мыңда бір шүкір», - деген екен.

Ақиқатында, Алла Тағала адамдардың сырт бейнесін сұлу да сымбатты етіп жарақтан. Бұл – Жаратқанның шеберлігі. Алайда, ішкі сұлулық болмайынша, сыртқы сұлулықтың құны мен қадірі болмайды. Ал, жан дүние сұлулығына ие болу үшін көп тер төгу керек.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру