Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚАРА БАЛА (ҒИБРАТ)

Мұнайдар Балмолда www.muftyat.kz 13.06.2017 5745 0 пікір

Болған оқиға ізімен...

Шығыс Африка елдерінің ішіндегі ең ірісі саналатын Кенияның астанасы Найроби қаласы бұл күнде құжынаған халыққа толы. Шамамен 4 миллионға жуықтап қалар осы нөпір халықтың ішінде тұлдыр жетім Жон да бар. Әке-шешесінен айырылған осы бір африкалық қара баланың шыр етіп дүниеге келгелі көргені жетімдік, сәби болып еркелеп, бала болып ойнап көрмепті. Сөйтіп жүріп үлкен қаланың есепте жоқ тұрғыны «қайыршы бала» атанды. Таңнан кешке шейін көше кезіп, әр кімге алақан жаяды, қайғы толы қарашығы қара пақыр түссе қуанады. Бірақ оны көп адамдар ұры ма деп ойлап, полицияға ұстап беріп, немесе балағатап, ұрып-соғып кететіндері бар. Ондайдың бәріне еті өлген Жонның тіршілік ету үшін басқалай амал іздейтін мүмкіндігі тағы шамалы, тіпті жоқ қой. Балиғат жасына ілікпеген бала түгілі, тепсе темір үзетін жігіттер бос жүр. Иә, бұл Найроби шаһарында жұмыс табу деген өте қиын. Қылмыс өршіп тұр. 2001 жылы БҰҰ Найроби қаласына «С» таңбалы мәртебе берді, оның несі мәртебе, ол дегеніңіз әлемнің ең атышулы қылмыс жайлаған мекені дегенді білдіретін қара таңба ғой. Мұнда адамның адаммен шаруасы жоқ. Жон секілді жетімектер Найробидың аудандарында өріп жүр. Басқасын айтпағанда Жонның тіршілік ету аумағы болып кеткен Кибера мен Карен ауданында бір күн өмір сүру үшін күресуің қажет. Шаһардың тұрғыны көп әрі бай аудандары саналғанымен ұрлық-қарлық осы екі ауданда үзілмейді, былай қарағанда кішкентай Жонға ұры, қарақшы болудан басқа таңдау қалмағандай. Бірақ Жон бұзықтарға қосылмады, күн көрісін аяғымен, алақанымен тауып жүр...

Ерсілі-қарсылы шұбырған көліктерді жағалап, алақан тосқан қара балаға көзі үйренгендер тиын-тебен ұстатып жатады, ал кейбірі балағаттап, қуып жібереді. Ондай сәтте аппақ тісін көрсетіп ыржиған қара бала қолын екі жағына жайып, «Мен сіз ойлағандай ұры емеспін» деп ишара жасап ұзай береді. Бүгін де біраз көліктің иесі алақанына ұсақ ақша салып шығарып салса, біразы есік-терезесін жауып, қымтанып, тастай қамалға айналды. Бағдаршамнан асып, жол жиегіне тоқтай қалған сұр түсті жеңіл көлік Жонның назарын бірден өзіне аударды. Рөлде бітімі толық келген әйел адам отыр екен. Сыртқа шыға қоймады. Біреуді күтеді ме, әйтеуір көлігін өшіріп, уақытша аялдаған. Жон жаймен басып көлікке жақындады. Бірден қолын жайып ақша сұрайтын үйреншікті әдетінен жаңылып қалғандай әуелі әдемі көлікті сипап, қызықтап тұрып алды, сосын жүргізушіге таяп, күлімсіреді. Әйел де күлімсірегісі келетіндей, алайда мойны әлдебір орамамен таңулы, әрі көліктің рөлге тақау тұсында түсініксіз, ішінде сұйықтығы бар шыны ыдысы бар қондырғы орнатылыпты. Одан шыққан жіңішке түтікшелер әйелдің кеудесіне жалғанған екен. Баланың жүзіндегі күлкі тарқай қоймаған. Ол сол қалпы көлік терезесі жанындағы «жұмбақ аппаратқа» қарап мынандай әңгіме өрбіді:

- Мынау немене?

- Бұл ма, бұл менің өкпем...

- Өкпем?! Сонда қалай болғаны? Өкпе осындай болады ма екен?-деп сұрақ жамаған Жонның қарашығы үлкейіп, қондырғыға үңіле түсті.

- Мұны жай өкпе емес, өмірім десем де болады, балам. Сенің атың кім?-деп таңырқаған балаға әйел де қарсы сауал қойды.

- Менің есімім Жон. Ал сіз кім боласыз?

- Гледис Каманде, менің толық аты-жөнім осылай. Ал сенің атың әдемі екен, толық қалай атайды?

- Менде бары Жон ғана. Болды. Сіздің де аты-жөніңіз әдемі, көлігіңіз де... Найробидің тұрғынысыз ба? Сізді бұл арадан бұрын-соңды көрмеппін...

- Иә, осы қаланың тұрғынымын. Мені бұл жерден көрмеуіңнің себебі, осыған шейін Момбас қаласында болдым, ал астанаға денсаулығыма байланысты көшіп келдім.

- Айтыңызшы, сонда мына көлігіңізге жабысқан нәрсемен не істейсіз? Ол неге сіздің көкірегіңізге жалғасып жатыр?-деп ағарған, жіңішке түтікшелерге қызықтай әрі шошына қараған жәудір көзге Гледис Каманде сәл езуін тартып, өзінің жай-күйінен қысқаша хабар берді. Жан адамға ашылып сырын айта бермейтін әйел тап осы сәтте көзі мөлдіреп, өзіне сүйсініспен әрі балаға тән сондай тазалықпен, жылылықпен таяп келіп, осындай сұрақтарын үсті-үстіне қойып, қызықтаған Жонға пешенесіне жазылған ауыру жағдайын еріксіз жая бергенін өзі де аңғармағандай. Әлдебір күш айтқызып тұрғандай. Жарқыншақтанып шыққан үнінде көп жылдардан бергі азаптың табы сезіледі. Әр сөзінде «маңдайға жазғаным осы, бұл менің өмірім, енді осылай өтемін» деген табыттай зіл салмақ бар...

- Жон, балам-ай, сұрадың ғой айтайын. Бұл қондырғыны мен біресе «өкпем», біресе «өмірім» дедім, негізі мұны неғыл деуші еді әлгі, иә, есіме түсті, «оттегін беретін қосымша матор» дейді ме, сондай бәле өзі,-деп күлген болды,-мен мұнсыз бір минут та өмір сүре алмаймын ғой, Жон... Осы арқылы ауа жұтамын. Қарағым-ай, өкпе дертінің ең ауыры менде көрінеді... Жә, ештеңе емес, өстіп те біз өмір сүреміз. Бұл жарықта әйел көтермеген ауыртпалық бар ма екен?..-деп іштегі шерін асықпай тарқатқанда, оны үнсіз тыңдап тұрған қара баланың қарақаттай қап-қара қарашығынан ып-ыстық жас моншақтап төгілді... Оң қолымен Гледис Каманденің қолынан қысып, ұстап алған балақай егіліп тұрып:

- Құдайым-ай, Құдайым-ай, сен өте қайырымдысың ғой, «жасанды жүрекпен»  тыныс алып отырған апатайыма жәрдеміңді бере гөр! Мұндай аурумен ол қалай өмір сүреді? Көмектесші! Өтінем! Мейірімдім, қайырымдым, бірдеңе істеші!.. Көмектесесің ғой!..Сен мені, қайыршы Жонды тыңдайсың ғой! Жонды аштықтан да, жаман адамдардан да, ыстық пен суықтан да қорғап, өз аяғыммен жүргізіп, өз өкпесімен демалтып, өмір сыйлаған сен емессің бе? Құдайым-ай, көмектесе көрші. Жонды жылатпашы. Гледисті жылатпашы,-деп өксігенде оған қосылып, өз тағдырына әбден көнбіс болып кеткен, мен де адаммын ғой деп өзін аяуды ұмытып кеткен, өмірден түңілмесе де денсаулығына байланысты жылт еткен үміттен баяғы да күдерін үзген, әйтеуір өлместің күнін көріп, бірақ мейлінше қайрат танытып жүрген Гледис Каманденің де жанары жасқа толып, үнсіз жылады.

Алланың әмірі. Нақ осы сәт көшедегі жүргіншілерді бейжай қалдырмаған екен. Кениялық бір фотограф бұлардың әңгімесін манадан тыңдап тұрса керек, «сырт» еткізіп аппаратына түсіріп ала қойыпты. Ал екі мұңлық бірін-бірі қимай қоштасқанмен Найробидің бұл көшесінде әлі талай кездесуге жазсын деп тілек айтысты. Ауру әйел Жонмен әңгімеден соң біртүрлі бойы жеңілдеп, көлігін «дүр» еткізіп от алдырып, өз жөніне кетті. Екі иығы солқылдап, өксігін баса алмай, Гледис Каманденің артынан қолын бұлғап қала барған біздің қара балақай да ию-қию ағылған көліктер арасымен өз жолына түскен... Иә, Жон бұл жарық дүниедегі ең сорлы, ең бақытсыз адамдардың санатында өзім де бар болармын, менің көше кезген қайыршылық өмірім ең ауыр деп ойлайтын, жасанды матормен демалып, әр сәті қылға ілінгендей өмірдің жалына жармасқан ауру әйелдің тағдырымен салыстырғанда, өзінікі шүкір екен, ол ұзақты күн осыны ойлады. Найробидің кедейлер тұратын ауданы жағындағы уақытша бір қуыс-тұрағына барып, тағы егілді. Келесі бір күні осыған шейін бар жиған қаражатын алып шығып, Гледис Камандені іздеді. Құдай оңдап, сол даңғылдың бойынан тауып алды. Амандасты.

- Мен сізге адал ақша алып келдім. Өткенде айтып едіңіз ғой, бұл дерттен құтылудың бір жолы ота жасату деп. Міне, сол отаны жасатыңыз. Мұнда өзім үнемдеп жинаған біраз ақша бар. Алыңызшы, өтінемін. Маған алаңдамаңыз. Мені Құдай өлтірмейді,-деп ботадай көзі мөлтілдеп, бүкіл тапқанын Гледиске ұсынғанда әйел қапелімде не дерін білмеді, Жонның қолынан мұндай қаражат алу дегеніңіз... Ал ол болса көзінен жасы сорғалап өтінеді келіп,- алыңызшы деймін, бұл адал ақша, адамдар мені аяп, әрі Құдайдан қорқып алақаныма салғандары ғой, мұнда еңбексіз келген арам тиын жоқ. Алыңызшы, өтінем сізден. Осыдан сіз ем жасатсаңыз, жазылып кетесіз. Құдай сізді мұндай күйде қалдырмайтынына мен сенемін,-деп Жон қоярда-қоймай дорба толы жиғанын ауру әйелге ұстатып кетті.

Ал осы аралықта өткенде бұларды суретке түсіріп алған адам оны әлеуметтік желіге салып, екеуі жайлы жазыпты. Содан не болды дейсіздер ғой, қызық болды. Екі мұңлыққа әлемнің назары ауды. Мұқымын айтпағанда Шығыс Африка елдерінен, тіпті еуропадан, тағы басқа құрлықтардан небәрі төрт күннің ішінде 3 миллион шиллинг, яғни 30 000 доллар жиналып, ол қаражат Жонның ақшасына қосылып, Гледис Каманденің Үндістанға барып, қатерлі сырқаттан емделіп, аман-есен еліне оралуына зор көмек болды.

Қара баланың әрекеті мыңдаған жүректерді елжіретті, адами сезімін оятты, бұл дүниеде басты байлық – иман, денсаулық, адам баласының бір-біріне деген бауырмалдығы екенін ұқтырды.

Ауруынан ада болған Гледис Каманде Жонды бала қылып асырап алды. Бұл күнде көше кезген қара бала Жонның анасы мен жылы үйі бар. Кениялық балалармен бірге мектепке барып, ұрланған балалықтың орнын толтыруда. Болашақта Жон Найробидегі Кениата университетіне оқуға түспек. Әлде одан басқасына. Әйтеуір, үлкен азамат болуға талпынады. Туған шешесіндей болған Гледис Каманде екеуін бүгінде ешбір кениялық «жалғыз басты ауру әйел» не «қайыршы бала» деп атамайды. Алла адам баласын сынайды. Кейде қатты да сынап алады. Бірақ өзін есіне алған құлдарын ұмытпайды, олардың дәрежесін көтеріп, екі дүниесіне нұрын түсіреді, тәрбиелейді, алға жетелейді. Күніне тоқсан тоғыз пәле төнсе де Бір Алладан үмітіңді үзбе, адам баласы!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру