Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ШЫНАЙЫ ТӘУБЕ

Сейтбеков Смайыл Сүйерқұлұлы ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы 01.06.2017 21510 0 пікір

ШЫНАЙЫ ТӘУБЕ

Алланың жаратқан мақлұқтарының ішінде мүлде күнә жасамайтын жаратылыс иесі періште. Ал азғын, тәубесі қабыл болмайтын жаратылыс иесі шайтан. Адам баласы періште де емес, шайтан да емес, бірақ нәпсімен жаратылған. Нәпсі болғандықтан адам жақсы мен жаманды, күнә мен сауап амалды жасайтыны анық. Қателікке бой алдырмайтын, күнә жасамайтын пенде жоқ. Алайда жасаған күнәсі үшін тәубе етіп, Алладан кешірім сұрай білген адам жақсы адам болмақ. Яғни ардақты Пайғамбарымыз ﷺ былай деген: 

كُلُّ بَنِي آدَمَ  خَطَّاءٌ وَخَيْرُ الْخَطَّائِينَ التَّوَّابُونَ

«Адам баласының бәрі қателік жасайды. Солардың ішіндегі ең жақсылары жасаған қателіктері үшін тәубе ететіндері», - деген (Ибн Мажа, зуһд 30). Демек күнә істемейтін, қателікке бой алдырмайтын пенде болмайды. Өкінішке орай кейбір жандар өздерін күнәсізбіз деп санауы қателік екенін білуі тиіс. Адам күнәсіз болса, оның жаратылу мақсаты қалмайды. Себебі күнәсіз жаратылыс иесі періште. Адамның жаратылу мақсатының бірі күнә істеп, жасаған ісі үшін Жаратушыдан кешірім сұрап, тәубе ету. Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ бұл жайында былай деген: «Егер сендер күнә істемесеңдер Алла сендерді опат етіп, орындарыңа күнә істеп, істеген күнәсі үшін тәубе ететін құлдарын жаратады» (Муслим, Тәубе 9- 10).

Алла пендесіне тәубе ету мүмкіндігін берді. Яғни адамға жасаған күнәсі үшін кешірім сұрау мүмкіндігі берілген. Пенде қандай күнә жасамасын, үмітсіздікке салынбауы керек. Алланың рахымы шексіз. 

قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَى أَنفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِن رَّحْمَةِ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعاً إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ

«(Ей, Мұхаммед) айт: Ей, өз бастарына залал келтірген пенделерім! Алланың рахымынан үміт үзбеңдер. Алла (қалаған адамның) барлық күнәсін кешіреді. Ол өте кешірімшіл, асқан мейірімді» (Зумар сүресі, 53 аят).

Су қалайша кірді тазаласа, шынайы тәубеде күнәміздің кешірілуіне себеп болмақ. Жаратушы Алла пендесіне аса мейірімді. Пендесінің ақыретте күнәмен келуін қаламайды, тәубе етіп, күнәсіз келуін қалайды. Пендесін тозаққа тастай салатындай мейірімсіз емес. Бұл жайында Құранда былай дейді:

 .....وَتُوبُوا إِلَى اللَّهِ جَمِيعاً أَيُّهَا الْمُؤْمِنُونَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«Ей, мүминдер! Бақытқа жетем десеңдер, түп-түгел Аллаға тәубе етіңдер» (Нұр сүресі, 31 аят).

Хазіреті Омар мына бір оқиғаны баян етеді: Пайғамбарымыздың ﷺ құзырына хауазин тайпасынан болған тұтқындар әкелінеді. Тұтқындар арасында бала емізетін бір әйел бар еді. Бірақ баласын жоғалтып алған екен. Сол әйел омырауына жиналған сүтті сауып, өзге балаларға беріп, емізіп тұрады. Ол әйел тұтқындар арасынан баласын тауып алған сәтте дереу құшағына алып, аймалап, мейірленіп баласын емізе бастайды. Оны көрген Пайғамбарымыз ﷺ:

  • Анау әйел баласын отқа тастайды деп ойлайсыңдар ма? – деді. Біз:
  • Жоқ, лақтыруға күші жеткенімен тастамайды, - дедік. Сонда Пайғамбарымыз ﷺ:
  • Алла Тағала құлдарына бұл әйелдің баласына деген мейірімінен де артық мейірімді, - деді (Бухари, Әдәп, 18; Муслим, Тәубә 5).

Пенде жасаған күнәсі үшін өкініп, шынайы түрде тәубе етсе, тәубесі сөзсіз қабыл болады. Өйткені Алла тәубені қабыл етуші. Бұл жайында Құранда көптеген аятта баян етеді: 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا تُوبُوا إِلَى اللَّهِ تَوْبَةً نَّصُوحاً عَسَى رَبُّكُمْ أَن يُكَفِّرَ عَنكُمْ سَيِّئَاتِكُمْ وَيُدْخِلَكُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ يَوْمَ لَا يُخْزِي اللَّهُ النَّبِيَّ وَالَّذِينَ آمَنُوا مَعَهُ....

«Ей, мүминдер! Шын ниетпен Аллаға тәубе етіңдер! (Сонда ғана) Раббыларыңнан күнәларыңды жойып, іргесінен бұлақтар ағып жататын жәннатқа кірізу үміт етіледі. Алла ол күні пайғамбарды және онымен бірге иман келтіргендерді қорламайды...» (Тахрим сүресі, 8 аят)

وَهُوَ الَّذِي يَقْبَلُ التَّوْبَةَ  عَنْ عِبَادِهِ وَيَعْفُو عَنِ السَّيِّئَاتِ وَيَعْلَمُ مَا تَفْعَلُونَ

«Алла пенделерінің тәубесін қабылдап, күнәларын кешіреді, істегендеріңді біледі» (Шура сүресі, 25 аят).

وَمَن يَعْمَلْ سُوءاً أَوْ يَظْلِمْ نَفْسَهُ ثُمَّ يَسْتَغْفِرِ اللّهَ يَجِدِ اللّهَ غَفُوراً رَّحِيماً

«Кімде кім бір жамандық істесе немесе өзіне өзі кесір істесе, содан кейін (тәубе етіп) Алладан кешірім сұраса, Алланың асқан кешірімшіл, ерекше мейірімді екенін аңғарады» (Ниса сүресі, 110 аят).

Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ күнәдан пәк болғанымен үнемі тәубе мен истиғфар жасайтын. Ал біз күнакар пенде ретінде Пайғамбарымыздан ﷺ да артық етіп тәубе мен истиғфар жасауымыз қажет.

عَنِ الأغر بْنِ يَساَرٍ الْمُزَنِيِّ  قال : قال رَسُولُ اللَّهِ : يَا أيها النَّاسُ تُوبُوا إِلَى اللَّهِ وَاسْتَغْفِروُهُ فَإني أَتُوبُ فِي الْيَوْمِ مِائَةَ مَرَّةٍ

Әғар б. Ясар әл-Музәнниден риуаят бойынша Пайғамбарымыз ﷺ былай деген: «Ей, адамдар! Аллаға тәубе етіңдер, Одан жарылқау тілеңдер. Мен күнде жүз рет тәубе етемін» (Муслим, Зикр 42)

Тәубе ете білу үшін өзіндік шарты бар. Жай ғана «мен істеген күнәм үшін тәубе еттім» деп айта салумен тәубе етілген болып саналмайды. Адамның жасайтын күнәсі екі түрлі болады: 1. Адамның өзіне қатысты жасаған күнәсі. Мысалы, зина ету, ішімдік ішу. 2. Пенде ақысына қатысты жасаған күнәсі. Мысалы, ғайбат айту, ұрлық жасау, ұру секілді.

  1. Адамның өзіне қатысты жасаған күнәсіне тәубе ету үшін 3 шарт орындалуы тиіс. Қайшы жағдайда тәубесі шынайы тәубеге жатпайтын болады.

а) Жасаған күнәсін тоқтатуы;

ә) Жасаған ісі үшін өкіну;

б) Сол ісін енді қайталамауға уәде беру.

Бірде Жухайна тайпасынан бір әйел зина жасап қойып, аяғы ауыр халде Пайғамбарымыздың ﷺ құзырына келеді де:

  • Ей, Алланың Елшісі! Жазалауға лайық бір күнә жасадым. Жазамды беріңіз, - деді. Пайғамбарымыз ﷺ әлгі әйелдің уәлиін шақыртады да оған:
  • Мына әйелге жақсы қараңыз. Босанған соң маған әкелесіз, - деді.

Әлгі адам Алла Елшісі ﷺ айтқандай әйел босанған соң әкеледі. Пайғамбарымыз ﷺ әйелдің үстіне киімдерін жақсылап байлауын бұйырады. Содан кейін тасборан етіп өлтіріледі. Артынан Пайғамбарымыз ﷺ әйелдің жаназа намазын оқиды. Сонда Хазреті Омар (р.а.):

  • Ей, Алланың Елшісі! Зина жасаған бұл әйелдің намазын қалай оқисыз? – деп сұрағанда Пайғамбарымыз ﷺ:
  • Ол әйел сондай тәубе етті, егер оның тәубесі Мадина халқынан 70 кісіге бөлінсе, бәріне жетер еді. Сен Жаратушы Алланың разылығын алу үшін жанын беруден артық бір нәрсе білесің бе? – деді» (Муслим, Худуд 24; Әбу Даууд, Худуд 24)
  1. Пенде ақысына қатысты жасаған күнә: пенденің ақысына кіретін күнәні жасау тек шынайы тәубемен кешірілмейді, оразамен өшірілмейді, қажылықпен өтелмейді. Ондай күнә үшін тәубе етумен қатар сол адамнан кешірім сұралуы тиіс. Мәселен, біреуді ғайбаттаса, сол адамнан артынан ғайбат айтқаны үшін кешірім сұрап, кешірімін алса, сосын тәубе етсе ғана жасаған күнәсі кешірілмек.
Жан алқымға келмей тәубе ету керек

Шынайы тәубе етудің арнайы бір уақыты жоқ. Кезкелген сәтте тәубе ете аламыз. Бірақ екі жағдайда кеш қалатын боламыз: жан алқымға келгенде, күн батыстан шыққанда.

عَنْ أبي هُرَيْرَةَ  قال:  قال رَسُولُ اللَّهِ : مَنْ تَابَ قَبْل َأن تَطْلُعَ الشَّمْسُ مِنْ مَغْرِبِهَا تَابَ اللَّهُ عَلَيْهِ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят бойынша Алла Елшісі ﷺ былай деген: «Кімде кім күн батыстан шықпайынша тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етеді» (Муслим, Зикр 43). 

عَنْ أبي عبدا لرحمن عَبْدِ اللهِ بْنِ عُمَرَ بْنِ الْخَطّاَبِ عَنِ النَّبِيِّ  قال: إن اللَّهَ عز ورجل يَقْبَلُ تَوْبَةَ الْعَبْدِ مَا لَمْ يُغَرْغِرْ

Әбу Абдуррахман Абдуллаһ б. Омар б. Хаттабтан (р.а.) риуаят бойынша Алла Елшісінің ﷺ былай дегенін жеткізеді: «Жан алқымына келмейінше Алла пендесінің тәубесін қабыл етеді» (Тирмизи, Дағуат 98). 

Алла біздің тәубемізге мұқтаж емес. Алайда пендесіне аса мейірімді. Олай болса, мейірімі шексіз Алланың рахымынан үміт етіп, күнәларымыз үшін шынайы тәубе етейік.

Бірде Мұса (а.с.) пайғамбарға үмметінен бір кісі келіп:

  • Ей, Мұса! Раббыңа дұға етіп сұрашы, Раббымыздың құзырында ең жаман адам кім екен? Көрсетсінші, сол адамнан алыс жүрейік, - деп өтінеді. Содан Мұса (а.с.) пайғамбар Аллаға дұға етіп сұрағанда Алла Тағала:
  • Қазір өтетін адам менің құзырымда ең жаман адам, - деп бұйырады. Содан Мұса (а.с.) пайғамбар әлгі үмметі екеуі тағатсыздана күтіп отырады. Сәлден кейін баласын жетектеген бір адам теңізге қарай бет алады. Үмметіне мына адам Алла құзырында нендей жаман күнә жасады екен деген ой келеді.

Ертесіне кешегі үмметі тағы келіп:

  • Ей, Мұса! Раббыңа дұға етіп сұрашы, Раббымыздың құзырында ең жақсы адам кім екен? Көрсетсінші, сол адамға құрмет көрсетіп, жақын жүрейік, - деп өтінеді. Содан Мұса (а.с.) пайғамбар Аллаға дұға етіп сұрағанда Алла Тағала:
  • Қазір өтетін адам Менің құзырымда ең жақсы адам, - деп бұйырады. Содан Мұса (а.с.) пайғамбар әлгі үмметі екеуі тағатсыздана күтіп отырады. Біраз уақыт өткен соң баласын жетектеген кешегі адам өтеді.

Кеше ғана Алланың құзырында ең жаман адам болған адам бүгін қалайша ең жақсы адамға айналды екен деген ой еріксіз мазалайды. Мұса (а.с.) пайғамбар Раббысына:

  • Ей, Раббым! Кеше Сенің құзырыңда ең жаман адам кім екен, бізге көрсетші деп дұға еткенде ең жаман адамды көрсеттің. Бүгін Сенің құзырыңда ең жақсы адам кім, бізге көрсетші дегенімізде кешегі ең жаман адам деген адамды көрсеттің. Қалайша бір күнде ең жаман адамнан, ең жақсы адамға айналды? – деп сұрайды. Сонда Алла Тағала: «Кеше ол адам баласын жетектеп теңіз жағасына барды. Сонда баласы әкесіне қарап:
  • Әке, мынау не? – деп сұрады. Әкесі:
  • Балам, бұл теңіз деген болады, – деді. Баласы:
  • Әке, теңізден үлкен не бар? – деп сұрағанда әкесі:
  • Балам, теңізден үлкен мұқит бар, – деп жауап берді. Баласы:
  • Әке, мұқиттан үлкен не бар? – деді. Сонда әкесі:
  • Балам, мұқиттан үлкен жер шары бар, – дегенде баласы:
  • Әке, жер шарынан үлкен не бар? – деп тағы сұрады. Әкесі:
  • Балам, жер шарынан да үлкен мына бейбақ әкеңнің күнәсі, – деді. Баласы:
  • Әке, әкемнің күнәсінен де үлкен не бар? – дегенде әкесі:
  • Балам, бейбақ әкеңнің күнәсінен де үлкен бұл Алланың шексіз рахымы, мейірім бар, – деп жауап берді. Міне сол үшін Мен оның күнәсін кештім», – деп бұйырады.

Мейірімі шексіз Алладан үмітімізді үзбей, жасаған күнәларымыз үшін шынайы тәубе етейік бауырлар.

Сейтбеков Смайыл Сүйерқұлұлы

ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы

бойынша өкіл имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру