Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТАЛҚАНДАЛҒАН БІР ТАҒДЫР

21.04.2016 5098 0 пікір

Студент кезім. Шамамен екінші немесе үшінші курс оқитын уақыт. Қалтамның жұқалығына байланысты сағаттап жүрсем де жаяу жүремін. Сонғы пардан шығып, Байзақов көшесімен үйді бетке алып бара жатырмын. Ыстық күнде таңдайым кеуіп, шөл қысты. Алайда, су аларға ақшам жоқ. Әлім құрып, аялдаманың көлеңкесіне ыңғайланып жайғаса кеттім. Әлдекім балам: «Балам темекің бар ма?»,- деген сөзі оятып жіберді. Отырған орнымда қалғып кеткен екенмін. Ішімнен шамалы шошынғаным да рас.

- Жоқ көке, шылым шекпеймін. Үсті-басына қарасам, бет-аузының сау жері қалмаған, жұпыны киінген жасы егде тартқан кісі екен. Жаныма келіп жайғасып:

- Балам, сен маған ренжіме «Мен қазір кетемін»,-деді. Сұрағым қанша орынсыз болса да, бұл жағдайға қалай тап болғанын сұрадым. Терең күрсініп:

- Менің екі перзентім бар. Қызым тұрмыста, ұлым үйленген. Немерелерім де бар. Бұрыннан аздап ұрттайтынмын, әйелім дүние салған соң араққа салынып кеттім. Бәрі өзімнен. Мен кінәлімін... тағдырдың тепкісіне шыдап тұра алмадым–деді. (Үнсіздік)

- Далада панасыз жүргеніңізге қанша уақыт болды?

- Бес жылға таяды.

- Бетіңізге не болған?

- Кеше түнде қоқыстың арасынан жеуге жарамды бірдеңелер іздеп жүрсем, үш жас жігіт келіп менен ақша сұрады. Жоқ дегенім сол еді тепкінің астына алды. Оларға ермек керек. Әйтпесе менде ақша жоқтығын өздері де жақсы біледі емес пе? Оның үстіне мені іздейтін ешкімім жоқ, қаңғыбас екенім айтпаса да түсінікті.

- Балдарыңызды көріп тұрасыз ба?

- Ұлым мені іздемейді. Маскүнем әке кімге керек. Алайда оған кінә артпаймын. Кезінде әкелік мейірімге бөлей алмаған екенмін. Бүгін міне соның опығын жеп отырмын. «Не ексең, соның жемісін жейсің» деген осы шығар шамасы. Бұрындары қызым тамақ, жылы киімдер алып келіп тұратын. Қыздың жүрегі жұмсақ қой. Қызымның барған жері менің жағдайымды естіп, қызымды табалар деген оймен бұрынғы тұрып жатқан жертөлемнен ұзап кеттім. Балам, арақ ішпе. Мені құртқан осы – деп, қойнындағы түбіне жеткен дұшпанын көрсетті.

Ертеңгі күннен үміті жоқ бір пенде бағыты белгісіз жаққа кетіп бара жатты.

Қожахмет Кеңесбеков

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру