Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Раббың сен үшін сауда жасап жатыр. Ал, сен...

26.05.2015 5803 0 пікір

Бірде бір әйел Дәуд Пайғамбардың (ғ.с.) үйіне келіп:

«Уа, Пайғамбар! Айтшы! Раббың осы әділ ме әлде залым ба???» дейді.

Дәуд Пайғамбар (ғ.с.): «Ей, әйел! Тарт тіліңді! Ол Алла еш зұлымдық жасамайтын әділдің әділі!» деп, әлгі әйелден бұлай деуіне не себеп болғанын сұрайды.

Сонда әйел: «Мен үш қызым бар жесір әйелмін. Жүн иіріп, оны жіп қылып, мата тоқумен қыздарымды бағып-қағып, асырап келемін. Кеше де бір қызыл мата тоқып едім. Оны базарға сатып, бала-шағама қажеттерін алу үшін жолда кетіп бара жатқан болатынмын. Кенет бір құс келіп маған тап берді де қолымдағы мата мен есілген жіпті алды да кетті. Міне осылай, бала-шағаға алып барар ештемем болмай күйінішті халге тап болдым» дейді.

Осылай Дәуд (ғ.с.) пен әйел әңгіме қылып отырғанда есік қағылып, үйге кіруге рұқсат сұрап он саудагер келеді. Олардың әрқайсысы 100 динардан шығарып, Дәудке (ғ.с.): «Уа, Алланың пайғамбары! Мына ақшаны мұқтаждарға садақа қылып берерсің!» деп, 1000 динар табыстайды.

Дәуд Пайғамбар (ғ.с.) олардан мұнша ақшаны  садақа етуінің себебін сұрайды. Олар: «Біз кеше теңізде келе жатқанбыз. Кенет жел өршіп, толқындар соғып қайығымыз тесіліп, су астына кете жаздадық. Сол мезетте қайдан екенін белгісіз бір құс келіп, ішінде есілген жібі бар қызыл мата тастап кетті. Сол жіп пен мата арқылы қайықтың тесіктерін бітеп әрең аман қалдық. Аман қалғанымыз үшін әрқайсымыз 100 динардан садақа береміз деп Аллаға нәзір еттік. Мінеки, қолыңдағы ақшаны енді қалаған адамыңа садақа етерсің!» деп, бастан кешкен осы бір ғажап оқиғаны жеткізеді.

Дәуд (ғ.с.) әлгі әйелге бұрылып: «Раббың сен үшін теңізде де құрлықта да сауда жасап жатыр. Ал, сен болсаң оны залым қыласың» дейді де 1000 динарды қолына ұстатады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру