Бір ғұлама кісі шәкірттеріне ілім үйретіп жатады.Ол шариғаттағы ұзақ бір мәселені түсіндіріп жатқанда, бір кісі есікті ашып ішке енеді.
Сол сәтте ұстаздың «Есектің даусы естілсе, намаз бұзылады» дегенін ести сала жұлқынып тысқа шығып жүгіре жөнеледі. Сол кеткеннен қазының құзырынан бір-ақ шығады. Қазыға былай деп шағым етеді:
– Қазы ием, пәленше ұстазсымақ шәкірттерін адастырып жүр.
– Е, не деп адастырып жүр екен?
– Оның айтуынша, есектің даусы намазды бұзады екен.
– Бірақ, оның бұлай айтуы мүмкін емес қой. Жаңылыс есіткен шығарсың.
– Жоқ, қазы ием. Мына өз құлағыммен естідім.
– Ееее, Олай болса, оны құзырыма шақыртайын.
Нөкерлері әлгі ұстазды қазының құзырына алып келеді. Қазы сөз бастап:
– Мына кісі сенің, шәкірттеріңе «есектің даусы намазды бұзады» деп айтқаныңды өз құлағыммен естідім дейді. Айтқаны рас па? – дейді.
– Иә, рас.
– Біздің білуімізше, намазды бұзатын мәселелердің ішінде есектің даусы болмауға тиіс.
– Қазы ием, бұл жерде бір түсініспеушілік болғанға ұқсайды. Мен бұл мәселені шәкірттеріме былай түсіндірген едім. Шөл далада есегін жетектеп жол жүріп бара жатқан кісі абайсызда есегін жоғалтып алып, дәрет суы сол есегінің үстінде дорбада қалып қойса, намазын (су болмай) тәйаммуммен оқиды. Намаз оқып жатып, есегінің даусын ести қалса, намазы бұзылады.
Әсілінде, намазды есектің даусы емес, дорбадағы су бұзады. Өйткені, су бар жерде тәйаммумға жол жоқ. «Есектің даусы естілсе, намаз бұзылады» дегенімнің мәнісі осылай еді, – дейді ғұлама қазыға.
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру