Үнемі бір жас жігіт қағбаның қасына келіп: «Ей, жақсылардың жолдасы болған Алла! Харамдардан сақтаушы Алла! Саған шексіз шүкір етемін. Мені ешқашан халал ризықтан айырма!» – деп дұға ететін еді.
Бұл жайт бір кісінің назарын өзіне қатты аудартады. Қасына барып: «Сен не үшін үнемі осы дұғаны айтасың әлде басқа дұға білмеуші ме едің?» - дейді таңырқап.
Сонда жас жігіт сұрақтың жауабын түсіндірмек үшін басынан өткен мына оқиғаны баяндай түседі. Иә, осыдан жеті-сегіз жылдай бұрын осы қағбадан іші алтын толы бір дорба тауып алдым. Ішінде мың алтыны бар екен. Ішімнен бір дауыс келіп: «Мына алтындармен өзіңе қажетті істерді жаса», - деді. Сосын өз-өзіме: «Жоқ, бұл алтын біреудің мүлкі. Менің пайдалануға еш хақым жоқ. Маған Алла тағала қолдануыма харам етті», - дей бергенім сол еді: «Дорба тауып алған адам бар ма?» деген дауысты естідім.
Ол кісіні жаныма шақырып: «Қандай дорба, ішінде не бар еді?» деп сұрадым. Дорбаның ішінде мың алтын бар екенін айтты. Дереу қолымдағы алтын толы қалтаны «Міне, мынау дорбаң», - деп қолына ұстаттым. Әлгі кісі риза болып, ішінен 30 алтынды алып, қолыма ұстатып кетті. Жүріп отырып базарға бардым. Ол жерден жүзі жарқын, көңілі таза бір жас жігітті құлдыққа сатып жатқанын көрдім.
Сатушыға қолымдағы 30 алтынды беріп, жас жігітті дереу сатып алдым. Бұл жігіт өте әдепті, тәрбиелі, ақылды еді. Алғаныма қатты қуандым. Ол да маған өзінің басынан өткендерін баяндап берді. Бірде маған: «Мырзам!» - деді. - Мен Фас мемлекетінің әмірінің ұлы едім. Алла тағала тағдырыма құлдықты осылай жазған екен, - деді ішіндегі шерін тарқатып.
Арада бірнеше ай өткен соң әлгі құлыммен бірге әдеттегідей базарға бардым. Жолда алдымыздан үш бейтаныс кісіні көзім шалды. Жанымдағы құлым әлгі адамдарды көре сала маған: «Мынау әкемнің адамдары. Мені сенен сатып алуы мүмкін. Сіз өте мейірімді адамсыз. Мүмкін болса, мені 30 мың алтыннан кем бағаға бермеңіз», - деді. Әлгі кісілер маған келіп: «Мына құлыңды сатасың ба?» деді. Мен де: «Иә», - деп жауап бердім. «Олай болса, алпыс алтын берейік», - десті. Мен келіспедім.
Бағаны өсіре-өсіре әлгі кісілер 20 мың алтынға жеткізді. Мен 30 мың алтыннан кемге бермейтінімді айттым. Олар амалсыз ұсынысымды қабыл етті. Осылайша 30 алтынды алып, кәсіп ашып, сауда жасадым. Байыдым. Бір күні достарым маған келіп: «Өте бай, өзі абыройлы бір кісінің қызы бар еді. Әкесі де жақында өмірден озды. Қызы өте тәрбиелі, ибалы. Сол қызды саған құда түсіп алып берейік», - десті. Мен де келістім. Некеміз қиылды.
Түйелермен қыздың жүгі келді. Жүктердің арасында тұрған бір дорба маған қатты ыстық көрінді. Әйелімнен: «Мынау не нәрсе?» - деп сұрадым. «Бұл ма? Мұнда 970 алтын бар. Әкем бұны қағбада жоғалтқан екен. Тауып әкелген адамға 30 алтынын беріпті. Қалғанын маған беріп, жүгіңе салып қоярсың», - деп берген еді», - деп түсіндірді.
Демек, қағбада тауып алған 1000 алтын менің рызқым екен ғой. Егер иесіне қайтарып бермегенімде, бұл алтын харам жолмен келер еді. Міне, сөйтіп тауып алған дорбам халал жолмен қайта айналып өзіме келді.
Маған жәрдем беріп, харамдардан сақтап, қаншалықты нығметтер берген Раббыма қалай шүкіршілік етпейін?! Ұлы Алла әрбір пендесінің рызқын әу бастан белгілеп қойған. Оны халалмен немесе харам жолмен табуы әркімнің өзіне байланысты, - деп сұрақ қойған кісіге ғибрат боларлық әңгімесін баяндап берген екен әлгі жігіт.
Түйін: Аллаһ Тағала жер бетіндегі барлық жаратылысты, ризық-несібені адам игілігі үшін жаратқаны белгілі. Құранда: «Алла жер жүзіндегі барлық жаратылысты сендер үшін жаратты», - деп баян етеді. («Бақара» сүресі, 29-аят) Бірақ осы жер бетіндегі нәрселердің бәрін адамзат пайдалануын да, ішім-жемге келгенде солардың ішінен халалына ғана ішіп жеуге тиісті. Алайда адам баласы қайсысының халал, қайсысының харам екенін біле алмайды. Ал, келесі аятта: «Жақсы нәрселерді халал, жаман нәрселерді харам қылды», - дейді «Ағраф» сүресінің 157-аятында.
Сондай-ақ, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүміндерге мейлінше харамнан сақтану керектігін өсиет етіп айтқан. Әбу Хурайра (р.а.) айтады: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні былай деді: «Әй, адамдар! Алла тағала кіршіксіз таза, сондықтан таза еместі қабыл алмайды. Алла пайғамбарларға бұйырғанын мүміндерге де бұйырған. Мәселен, «Әй, пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер» («Мүминун» сүресі, 51-аят) десе, мүміндерге: «Әй, мүміндер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172-аят) деп әмір еткен».
Олай болса, жоғарыдағы аят-хадистен және қиссадан түсінгеніміздей, кез келген харам нәрселерге қол сұқпасақ, Алла да нәсібімізді адалдан етіп, рызқымыздың берекесін арттырары күмәнсіз. Сол үшін харам нәрселерден бойымызды алшақ ұстап, адал нәрселерге мән бергеніміз жөн ағайын.
Қайырбек Отызбаев,
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру