Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өнегелі өсиеттер

10.03.2015 5654 0 пікір
Алланы жақсы көретін адамның белгісі – Алла жақсы көретін нәрселерді жақсы көреді.

Суфиян ибн Уяйна

 Алла бойұсынушы пенде құл болса да дәрежесі жоғары, қанағатшыл құл аш болса да бай.

***

Дүние ақыретіне азық дайындаған адам Қияметте Алланың азабынан аман болады. Қызғаншақтықтан ада адам, Қияметте мақтаулы болады. Осы дүние рахатынан бас тартқан адам Қияметте шаттық халде болады. Өзінің қабірде жалғыздық көрмеуін ойлаған адам, түнде тұрып намаз оқиды. Амал есебі жеңіл болуын қалаған адам, дін бауырларына жақсы насихат айтып жүреді. Екі дүниенің абыройын қалаған адам, дүниені ақыретке айырбастамайды.

Уаһб ибн Мунаббиһ

 Дүние мен ақыреттегі бүкіл ізгіліктің түп негізі – Алладан қорқу. Дүниенің кілті – тоқтық, ақыреттің кілті – аштық.

Әбу Сүлеймен Дарани

 Ғибадат дегенміз жеке кәсіпке ұқсайды: қаржылық қоры – тақуалық, жұмысы – құлшылық, соңғы нәтижесі – жәннат.

***

Нағыз мүміндерден болуың үшін үш нәрсені үш нәрсемен қайтар: тәкаппарлықты – кішіпейілдікпен, сараңдықты – қанағатпен, қызғанышты – насихатпен.

Мәлік ибн Динар

 Алланың тыйымдарынан тыйылмай – Алланы жақсы көрем деу өтірік. Жарлы-жақыбайларды ұнатпай тұрып – Пайғамбарды жақсы көрем деу өтірік. Садақа бермей тұрып – жәннатты жақсы көрем деу өтірік. Күнәлардан тыйылмай тұрып – тозақтан қорқамын деген өтірік.

***

Бес нәрсеге асығу керек: қонаққа ас беруге, мәйітті жерлеуге, бойжеткен қызды ұзатуға, қарызды қайтаруға, күнәға тәуба жасауға.

 Хатим әл-Асам

Өзіңе пайда бермейтін білім жинама және қандай жағдайда да мал-мүлкіңмен  мақтан ба!

Абдолла ибн әл-Мүбәрәк

 Байлық – дүние жинауда деп ойлаушы едік, сөйтсек нағыз байлық қанағатта екен. Жанның тыныштығы – бай-қуатты өмір сүруде емес, мал-мүліктің аздығында екен. Дүние ләззатын – нығметтерден іздеп жүрсек, ол деннің саулығында екен. Ризықты біз жердің бетінен іздеп жүрсек, оның кілті аспанда екен.

Хамид әл-Ләффаф

 Ауырған жүректің дауасы: салих адамдармен мәжіліс құру, Құран оқу, қарынның бос болуы, түнгі намаз, таңғы мінәжат.

Абдолла әл-Антаки

 Қолдан келгенше Аллаға ғибадат етіңдер, дүниеден керектіні қанша өмір сүретіндеріңе қарап алдыңдар, азабына шыдай алсаңдар күнә істеңдер, қабірде қанша болатыныңа қарап дүниеде ізгі амалдарды сонша көп істеңдер, жәннаттан қандай дәрежесін қаласаңдар сондай лайықты амал етіңдер.

Шақиқ әл-Балхи

Алты нәрсе күллі дүниенің бақыты – халал тамақ, жақсы бала, адал жар, деннің саулығы, ақылдың кемелдігі және тілдің шын сөйлеуі.

***

Алладан қорықпаған адам – тілін тыймайды, жүрегі харам күдіктен құтылмайды, өзін риядан құтқармайды, өзіне-өзі тамсанумен болады.

Әбу Зу-Жимһир

Ақпарат көзі: www.namys.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру