Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

"Майда тиындармен жәннатты сатып алмақшы"

03.03.2015 4538 0 пікір
Бүгінгі күннің ең соңғы сабағы бітіп, қоңырау шалынуға жақын қалған-ды. Оқушылар кітап, дәптерлерін жинап, қоңырауды сабырсыздана күтуде еді. Қоңырау үні естілісімен барлығы есікке қарай асықты.

Әли жайлап жиналып ең соңғы адамның сыныптан шығуын күтіп, көзінің астынан мұғаліміне бір қарап қояды. Мұғалім де бұл кідірісін байқап тұр.
– Әли, сен үйіңе қайтпайсың ба?
Әли ең соңғы оқушы шығуын күтіп жауап қатты.
– Сізбен сөйлесейін деп едім, ағай 
– Жарайды, не айтпақшы едің тыңдайын.
– Сыныптағы Ахмет досым бар ғой.....
– Ия, не болды Ахметке?
– Ол... ол біз үзілісте буфетке барып бір нарселер алып жеп жүрсек, бізден қашқақтап ұзақ жүреді, шамасы ақшадан қиналып жүреді ғой деймін.
– Ия, солай ма?
– Мен оған жәрдем етсем деп едім, бірақ ол менің бұл ісімді білсе, намыстанып қабыл етпеуі мүмкін, мен майда ақшаларымды жинап аптасына бір сізге беріп тұрсам, сіз Ахметке бере аласыз ба?

Ол қалтасынан бір уыс майда ақшаларын шығарып, мұғалімнің үстелінің үстіне қойды.
Мұғалімі ақшаға тиіспей, орындығына отырды. Әли туралы ойлана бастады. Оның білуінше, оның бұл үздік оқушысының жағдайы да Ахметтің жағдайынан алыс емес еді. Ол бір ауқатты жанұяның баласы емес еді. Ниеті неткен керемет, досына көмектескісі келеді және де мұны жасырын түрде жасамақ ойы бар. 

– Әли, тұра тұр, менің білуімше, сендердің жанұяларының да жағдайы асып-тасып тұрған жоқ, әлде мен қателесіп тұрмын ба?
– Дұрыс айтасыз, мұғалім, әкем қара жұмыс жасайды, кейде жұмыс болса, кейде болмай қалады, Мен де сабақтан кейін ақша табу үшін амал жасаймын.
– Не жасайсың ?
– Сабақтан кейін шемішке сатамын.

Мұғалімі Әлидің ниетінің жақсы екенін біледі, бірақ өзі қиналып қалмасын деп және оқушысын ренжітіп алмас үшін не істеу керек екенін ойлана бастады. Онымен біраз сөйлессе, мүмкін, бұл ойынан қайтар деп ойлады.
– Әли, сен кейін өскенде кім болғың келеді? - деп сұрады.
– Бай іскер адам болғым келеді.
– Неге бай болғың келеді?
– Көп адамдарға көмектесе алуым үшін.
– Әли, тыңда. Ахметтің жанұясының жағдайы жақсы емес білем, бірақ сендердің де олардан айырмашылықтарын аз. Сен ойлан асықпа, кейін байыған кезде адамдарға көмектессең болмай ма?
– Жоқ, болмайды қазірден жасауым керек.
– Неге болмайды?
– Үш себебі бар, мұғалім. Біріншіден, бұл ақшалар менікі емес. Жақсылық жасағаным үшін Алла мені жақсы көреді, адамдарға да жақсы көргізеді. Сондықтан жанымдағы сатушыларға қарағанда адамдар менен шемішкені көбірек алады. Екіншіден, «Ағашты шыбық кезінен отырғызу керек» деп айтады ғой. Кішкентайымнан жақсылық жасауды үйренбесем, үлкейгенде оны үйрену, жасау қиын болады ғой. Үшіншіден, үлкейгенде бай іскер адам болғым келеді. Уақытысында сауда жасай алмағандар ондай бола алмайды. 

Мұғалімі Әлимен қарсы алдында үлкен адаммен сөйлесіп отырғандай мұқият тыңдап отыр.
– Соңғысын жақсы түсінбедім.
– Ол былай ғой, мұғалім. Қазір бай болмағандығым үшін күніне тек 1 стакан шемішкелік қана жәрдем ете аламын. Бұдан көп бере алмаймын. Ал, Алла жәннатты қолынан келгенінше жақсылық істегендерге береді. Қазіргі қолымнан келгені осы болғандықтан, жәннәттің бағасы мен үшін сондай. Егер байымай өліп кетсем, 1 стакан шемішкенің бағасындай жақсылықпен жәннәтқа кірем. Бұдан артық қандай сауда болуы мүмкін. 
Мұғалімнің көзі жасқа толып, басын изеді. “Түсіндім” деген ишараты еді оның. Әлиді үйіне қайтарды. Өзі ұзақ отырды. Кетерінде Әлидің үстел үстіне қалдырған тиын-тебенін көрді, оны уысына алды. Оған қолында дүниенің ең қымбат маржан, жақұт, алмастарын ұстап тұрғандай сезілді.

Жо-жоқ, бұл олардан да қымбат. Бұл 1 стакан шемішкеден түскен майда тиындар – жәннәтты сатып алатын тиындар еді. Бұларды қолына қатты қысып отырып көп жылады. Өз-өзіне келгенде, ақшам уақыты болыпты. Сыныптан жайлап шығып «бұл майда тиындармен жәннәтті сатып алмақшы», «бұл майда тиындармен жәннәтті сатып алмақшы» деп қайталай берді. 

Мектеп қарауылының «не дейсіз?» деген сұрағын да естімегендей аузы жыбырлап, ақшам қараңғылығына сүңгіп кете барды.

Құрманың жартысындай садақа берсең де тозақ отынан сақтан. (Хадис)

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру