Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Дәл бұлай асықпас болар...»

03.12.2014 4444 0 пікір

(Түнгі әңгіме)

Зерделеп ойлы көзбен қарағанға бұл күнде кейбір мұсылманның бір-бірімен таласатындай жетпейтіні не нәрсе өзі? Құран ба? Жетеді. Сүннет пе? Жетеді. Мүмкін жұмақ па екен? Оны Алла біледі.

Кейде ізін аңдып кейбіреулер бір-бірінен тырнақ астынан кір іздейді. Бір мәселеде тартыса қалса сөз арасынан дұрысын емес, бұрысын бағып тұрады. Бір сөзден сүрінсе болды соны құстай қақшып алып ұзақ шайнап жатқаны.

Мұсылманның жаманы жоқ, жаманнан аманы жоқтың қамытын тағып жүрген жоқпыз ба осы? Көктен періште түсіп адамға айналса оған да айдар тағып «көктегішілер» дер ме екенбіз? Ал, кәпірдің жайы бір басқа. Мұсылман аман қалмаса, оның да сау қалуы бей мүмкін. «Е, е кәпірден мұсылман шығушы ма еді? Баратын жері тозақ сол баяғы», - дей ме? Сонда Құран не үшін, кім үшін түсті? Құран қайда, біз қайда? деген ойлар жан жарасын ұлғайтқаннан басқа пайдасы болмай жүр. Әлқисса:

Бір деректе перғауын өзі «тәңір» санамай тұрып өзіне арнап сарай салдыртады. Сол сарай біткенде есігінің маңдайшасына: «Бисмилла» деп жазуды әмір етеді. Кейіннен өзін «тәңір» санаған кезде Алла Тағала оған хазіреті Мұсаны жібереді. Хазіреті Мұса (аләйһис-сәләм) оны қанша туралыққа шақырса да оның көнетін сыңайы жоқтығын байқап Аллаға: «Я, Алла! Қанша дінге шақырсам да одан ешбір пайда болмады», - деп дұға қылады. Алла Тағала: «Ей, Мұса! Сен оның құрдымға кетуін қалайсың ба? Сен оның күпірлігіне қарап тұрсың, ал Мен оның есігінің маңдайшасындағы жазуға қарап тұрмын», - деп аян береді.

Осыны жазған Имам Рази өз сөзін жалғап: «Мұнан ғибрат аларымыз: кімде-кім есігінің маңдайшасына осы сөзді жазатын болса кәпір де болса бұл өмірде құрдымға кетуден аман болады», - дейді.

Осы орайда тағы бір әңгіме ойыма оралып отыр. Ілгеріде сәби баласы бар бір ана болыпты. Үйдің бітпейтін, бітсе де өнбейтін күйкілжіл тірлігімен жүріп баласына кейде қарауға мұршасы болмайды екен. Сәби баланың қарны тез ашатын олардың әдеті. Ал, қарны ашатын болса оның жылауына тоқтау салу мүмкін емес. Сонымен, әлгі әйелдің сәбиі қарны ашып шырылдап жылапты. Анасы бір ісін бітіргеннен соң бармаққа ниеттенсе де әлгі сәби бала болмай қойыпты. Амалсыз ісін шала тастап анасы әлгі сәбиінің қасына келіпті. Құшағына алып жатып ашуланып: «Не болды сонша жылап? Аш қаламын деп ойладың ба? Әлде мен сені ұмытып кетеді деп ойладың? Сонша асыққаның не? Алла Тағала бір елді жермен-жексен етемін десе дәл бұлай асықпас болар», - депті. Міне осы кезде Қаһһар Тағала бұзылған сол елді жермен-жексен етуге періштелерін жіберген екен. Әлгі ананың әлгі сөзінен соң Хақ Тағала періштелерін кері қайтарып, сол елге рақымшылдық жасаған екен. Иә, рақымды Алла Тағала біздей бір-бірімізге сөзіміз өткен күнәкарларды жазалауға асықпайды, ал біздің бір-бірімізге сын тағуға тіпті кейде артық кетіп «мұсылман емессің» деуге асыққанымыз қаншалық жөн екен өзі?

Мұхиддин Исаұлы,
Нұр-Мүбарак университетінің аға оқытушысы,
теолог, PHD докторы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру