Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Таң сегіз нәрсені қалайды

17.11.2014 5294 0 пікір

Төрт мәзһаб имамдарының бірі имам Шафиғи бірде таң намазынан кейін үйіне қайтып келе жатып, бір кісімен кездесіп қалады.

Әлгі адам бірінші болып имамға сәлемін беріп, жақсы тілек-дұғасын жасағаннан кейін «қайырлы таң» деген мағынада «Қалай таңды атырдыңыз?» деп қалады. Сонда имам Шафиғи қалай таңды атырғанын былайша түсіндіреді: «Менен сегіз нәрсені қалаған күйде таңды атырдым».

Сұрақ қойған кісі имамның жауабына таңданып: «Уа, имам! Сізден кім сегіз нәрсені талап етуде? Сіздің ешкімде ақыңыз жоқ емес пе?!», – дейді.
Әңгіменің астарына түсінбеген адамға күлімсірей қараған имам: «Қараңыз, менен әр күні кімдердің нені қалап жатқанын айтайын», – дейді де төмендегілерді айтып шығады:

«Жаратқан Алла менен парыз амалдарын қалайды; Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар менен сүннетін қалайды; әйел, бала-шағам күнделікті нәпақасын қалайды; нәпсім өзіне бағынғанды қалайды; шайтан ізінен менің ергенімді қалайды; екі иығымдағы екі періште жақсы және жаман амалдарымды жазғанын қалайды; өткен күндерім қартайғанымды қалайды; жан алушы періште Әзірейіл (ғ.с.) болса, өлімге дайын болуымды қалайды…
Міне, осылармен бірге таңды атырамын. Әр күні осы сұрақтар менен жауап күтеді».
Хазреті Шафиғидің жауабын мұқият тыңдаған адам ойлана бастайды.
– Уа, имам! Мына санаған нәрселеріңізді сенен қалай ма, әлде менен де қалай ма? – деп сұрады.

Имам Шафиғи тағы да күлімсіреп:

– Оны мен айтпайын, өзің ойлан! – деді.

Әлгі адам басын салбыратып тұрып сөзін былайша жалғайды:

– Шынымды айтсам, әр таңның менен не қалайтынынан хабарым болмапты. Мен де бұларды түсінуім керек екен.

Сөз соңында имам Шафиғи ой үстіндегі адамға қарап:

– Не дейсіз? Сізден де осындай сегіз нәрсе қалай ма? – деп одан әрі ойландыра түскен екен.

 

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру