Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ислам тарихынан: "Халифаны жылатқан әкім"

12.11.2014 4388 0 пікір

Хазіреті Омар (р.а.) өзінің халифалық кезеңінде Химс қаласының беделді азаматтарына арнап хат жазады. Ол хатта халифа айналасындағы кедейлердің хал-қадірін білдіруін сұрап, өз тарапынан жәрдемдесетіндігін білдіреді.

Халифаның хатына жауап ретінде Химстықтар Шам қаласының және айналасында тұратын кедейлердің мұң-мұқтаждықтарын, талап-тілектерін қағазға түсіріп, мұсылмандардың әміршісі Омарға жібереді.

Хазіреті Омар (р.а.) қолындағы хаттан жағдайы жоқ, тұрмысы төмен кедейлер тізімінің ең басында қала әкімі болып тағайындалған Сағд бин Амрдің есімін көреді. Сосын хатты жеткізгендерден қала әкімінің хал-жағдайын сұрай бастады. Олар ақиқатты айтып былай десті:

- Әкіміміз шынында кедей кісі. Ол кісі парақорлық болып кетер деген қорқынышпен біздің ұсынған азғантай сыйлығымызды да еш қабыл етпейтін жан.

Әкімнің бұл іс-әрекеті халифа көңілінен шықты.

Әлгі кісілер сөздерін жалғастырып, әкімдерінен шағымданатын жағдайлары бар екенін және кейбір әрекеттеріне көңілдері толмайтындығын айтып:

- Алладан мұнша қорқатын әкіміміздің көңілімізге жақпайтын жағы да бар. Біріншіден, әкіміміз өзінің тиесілі қызметіне күнделікті таң намазынан кейін бастау қажет болса да, ол кісі онан ерте күн шықпастан келіп кетеді.

Екіншіден, әкімімізді ешқандай кеш қараңғылығында арамыздан кездестіре алмаймыз. Ол өзімен-өзі үйінде болып, халықпен тығыз қарым-қатынас жасамайды.

Үшіншіден, тіпті аптада бір мәрте үйінен сыртқа шықпай қояды. Есігін іліп алып, іште болса да бар-жоғын білдірерліктей дауысын шығармайды.

Төртіншіден, ол кісінің басынан кешкен бір оқиғасы бар. Сол оқиға есіне түсіп кетсе, дереу талып қалады. Оның қайғысынан сырқаттанып сала береді. Бұл оқиға сахабалардың бірі болған Хубайбтің өлімі еді, - дейді.

 Химстықтардың шағымын аяғына дейін мұқият тыңдаған хазіреті Омар (р.а.) қазынадан қаржы және киетін киім-кешектер беріп елдеріне қайтарады.  Мұнан соң қала әкімі Сағд ибн Амрдің үстінен түскен шағымдардың себебін білу үшін оны құзырына шақыртады.

Сағд ибн Амр (р.а.) хазіреті Омардың алдына келеді. Халифа ол кісіге Химстықтардың шағым жасағандарын айта келіп, төрт кемшіліктің себебін сұрайды. Сонда Сағд ибн Амр:

Бірінші кемшілігіме тоқталсам, жанұямда сырқат кісілер болғандықтан үйдің бүкіл жұмысын күндіз өзім жасаймын. Сол себепті, әкімшілік жұмысына түн қараңғысында ерте келетінім сондықтан. 

Екіншісі, күндізін халық үшін қызмет жасағандардың кешкі уақытын Хаққа арнасын деп еркіндік жасағаным болатын. Өйткені, мен  кеш батқаннан кейін күн бойы халыққа жасаған жұмыстарымның есебін жасаймын. Жасаған істерімнің кемшілігі бар ма, жоқ па деп іздестіре бастаймын.

Үшіншісі, мына үстімдегі киімімнен басқа ауыстырар киімім жоқ. Аптада бір рет осы киімдерімді жуып, тазалау үшін уақытымды арнаймын. Тіпті үйімде жуылған киімнің орнына ауыстырып киерім болмаған соң кепкенге дейін ешкімге көрінбегенді қалаймын.

Төртіншісі де рас нәрсе. Хубайбтың шәһид етілгені ойыма түскенде есімді жоғалтып, талып қалатыным бар. Өйткені, мүшріктер Хубайбты дарға асып жатқанда мен олардың қастарында болатынмын. Мен оларға қарсы бола алмадым. Ол кезде исламда болмағандықтан сол бір қайғылы оқиғаны тек көзбен көріп тұрдым. Осы оқиға ақылыма түсе қалса, талықсып ауырып қаламын, - деп төрт жағдайды халифаға баяндап береді.

Сағд ибн Амрдің сөзін тапжылмай тыңдап отырған халифа Омар (р.а.) көз жасын тыя алмай ақиқатқа көз жеткізе бастайды. Осы кездесуден кейін хазіреті Омар Сағдты есіне түсірсе болды: Иә, Сағд! Аллаға деген қорқынышың сенің дәрежеңді қаншалықты көтерді екен?!, - дейтін еді.  

Әзірлеген Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру