Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Кешіріңіздер, кешігіп қалдым

06.11.2014 4499 0 пікір

Бір кісі біреуді өлтіріп қойып, өлтірілгеннің балалары оны мүміндердің әміршісі Омардың (р.а) алдына алып келеді де: “Бұл кісі біздің әкемізді өлтірді” - дейді. Омар одан: “Шынымен сен өлтірдің бе?” - деп сұрайды.

Әлгікісі:  “Иә, екеуміз құрма бұтағының үстінде отырып, ерегісіп қалдық. Бұлардың әкесі мені балағаттап жіберді. Мен ашуыма ерік беріп қойып, оны қолымдағы балтаммен жіберіп ұрдым.

Балта оның басына тиіп, ол өліп қалды. Бірақ мен оны өлтірейін деп ойлаған жоқ едім” - дейді. Омар (р.а) олардан: “Құн төлетуге келісесіңдер ме?” - деп сұрайды. Өлген кісінің балалары құн төлетуге келіспейді. Сонда Омар оны өлім жазасына кеседі. Сонда әлгі кісі: “Менің жас балаларым мен әйелімнің ешнәрсесі жоқ. Ең болмаса, оларға қолымдағы қаражатымды барып беріп келейін, рұқсат беріңіз!” - дейді.

Сонда Омар (р.а): “Саған кепіл болатын адам бар ма?” - деп сұрайды. Ол: “Мен бұл жерден ешкімді танымаймын” - деп жауап береді. Омар (р.а) айналасындағы адамдардан: “Бұл кісіге кім кепіл болады?” - деп сұрайды. Сол кезде Әбу Зар (р.а): “Мен кепіл болам” - дейді. Әлгі кісі: “Үш күннің ішінде ақшамға жетпей келемін” - деп кетіп қалады.

Арада үш күн де өтеді, шам уағы да келіп жетеді. Әлгі кісі көрінбейді. Сонда Омар (р.а) Әбу Зарға (р.а): “Дайындал, Әбу Зар!” - дейді. Шариғат бойынша кепіл болған адам оның жазасын мойнына алады екен. Сол мезетте әлгі кісінің қарасы көрінеді.

Ол алыстан асыға басып жетеді де: “Кешіріңіздер, жаяу адамға аралық алыс екен. Кешігіп қалдым. Міне, мен енді дайынмын” – деп, өлімге дайын екенін білдіреді. Омар (р.а): “Сенің қашып кетуіңе әбден болатын еді. Сені ешкім танымайтын еді” - дейді. 

Сонда әлгі кісі: “Ұят емес пе? Мен өйтсем, басқалар өйтсе, онда дүние орнында тұра ма?” - деп жауап береді. Мұны естіген өлген кісінің балалары: “Біз бұл кісіні кешірдік. Тіпті құн да сұрамаймыз” – деп кетіп қалыпты.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру