Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Құмырсқа өміріне сабақ болды

19.09.2014 5433 0 пікір

Бір шәкірт Құран жаттауды мақсат тұтып, қарилық жолына ден қояды. Алайда ол күнделікті жаттаған аяттарын ұмытып, есінде сақтай алмайды. Мұнан еш нәтиже шығара алмаған шәкірт амалсыздан еліне қайтуға мәжбүр болады.

Еліне сапар шегіп, ұзақ жол жүреді. Жол үстінде шаршағандықтан бір тасаға отырып демала бастайды. Сол отырғанда көзі әлденеге түсіп кетеді. Қараса тастың жоғарысына қарай тырмысып жатқан кішкентай құмырсқаны байқайды. Құмырсқа алға жылжимын деп артқа кетумен әлек. Жыбырлағанның бұл әрекеті қайталана берді. Сағы сынған шәкірт құр отырғанша құмырсқадан көзін алмай, әуреленген қылығын санады. Отызыншыға келгенде құмырсқа да тасты бағындырып биікке шықты.    

Қари боламын деп шыққан шәкірт басын шайқап: «Мен мына құмырсқа құрлы болмағаным ба? Мен де бір аятты жиырма тоғыз рет оқып жаттай алмасам да, бәлкім отызыншы оқығанда жаттармын», - деген ойға қалады.

Жарты жолдан кері қайтып ұстазының алдына келеді. «Мен Құранды жаттай алмайтын шығармын деген ниетпен сізден ауылыма рұқсат алып кеткен болатынмын. Алайда, бір әлсіз құмырсқаның табанды әрекеті жігер беріп, мені жолдан қайтарды», - дейді кешірім сұрап.

Осылайша шәкірт Құран ілімін сабырмен бастап, Алла сөзін бастан-аяқ жаттау бақытына ие болған екен. 

Түйін. Кейде жақсы амалдарға келгенде табандылық таныта алмай қалатынымыз бар. Әрине, оның түрлі себебі болары сөзсіз. Десе де, қолымыздан келгенше игі істерде тосылмастан тәуекел етер болсақ, өмір асуларын аларымыз ақиқат.  

Қайырбек Отызбаев, 
«Иманғали» орталық мешітінің
наиб имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру