Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Арсыздық

18.06.2014 4359 0 пікір

Сотта бір әйел мен ер кісінің дауы қаралады. Қазы орнына жайғасам дегенше, айтыс-тартыс басталып  та кетеді. Алғашқы сөзді алған әйел еркекті нұсқап:

– Бұл кісі мені зорлап, арымды аяққа таптады, – деп жылай бастайды.

– Өтірік айтып отыр, қазы мырза. Мен сатқан қойларымның ақшасын санап жатқанымда, осы әйел келді де, жағдайының қиын екенін айтып, ақша  сұрады. Мен бере қоймағаннан соң, өзінен-өзі айқай шығарды, – дейді ер кісі.

Қазы олардың сөзі мен әрекеттеріне қарап, іштей барлығын түсінді. Бірақ мұнысын ешкімге сездірмей ер кісіге:

– Қане, қалтаңдағы ақшаны дереу оған бер. Немесе сені қамап тастаймын, – деп ашуға басты.

Қазының бұл әрекетіне барлығы таңырқай қарасты. Ақшаны қуана-қуана алған әйел  шығып кетті. Сол кезде қазы ер кісіге әйелдің артынан барып, ақшаны қайтадан алып келуін бұйырды. Түсінбей қалған байғұс сыртқа жүгіре жөнелді. Көп ұзамай екеуі қайта оралды. Еркектің беті тырналғаны соншалық – қаны сорғалап ағып тұрды. Алғашқы сөз тағы да әйелге берілді. Ол ашулы кейіпте:

– Қазы мырза! Мына оңбаған бұл жолы сіздің маған берген ақшаңызды тартып алуға тырысты, – дегенінде, қазы:

– Жарайды. Ақшаны ала алды ма? – деп сұрады. Әйел ыржиып:

– Мен мына ілмиген бәлеге ақшамды беріп, қарап тұрамын ба? – дегенде, қазы қатуланып:

– Ей, ұятсыз! Жазықсыз жанға жала жауып, зорлады деп дауласасың. Ақшаны қайтармау үшін барыңды салғанша, одан да арыңды таптатпау үшін жанталаспадың ба? Дереу қайтар ақшасын өзіне! – деп арсыздықтың жолын  кесіпті.

Файзулла Тайтелиев

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі