Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Жауап беру» мен «қабыл етудің» арасындағы айырмашылық

23.04.2014 7795 0 пікір

Хақ Тағалаға қол жайып, тілек тілеу, дұға жасау, басын сәждеге қойып іштей жалбарыну – қауқарсыз жұмыр басты пенденің шынайы құлшылығы. Құранда:

قُلْ مَا يَعْبَأُ بِكُمْ رَبِّي لَوْلَا دُعَاؤُكُمْ 

«Егер дұғаларың болмаса Раббым сендерді не деп бағаласын?» деп айтылады. Басқа аятта да:

ادْعُواْ رَبَّكُمْ تَضَرُّعاًوَخُفْيَةً إِنَّهُ لاَ يُحِبُّ الْمُعْتَدِينَ

«Раббыларыңа жалбарынып, құпиялай тілек тілеңдер. Ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді»[1] дейді. Пайғамбарымыз да:«Дұға – құлшылықтың нағыз өзі»[2] дейді.

Құранда Аллаһ Тағала:

وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ

فَلْيَسْتَجِيبُواْ لِي وَلْيُؤْمِنُواْ بِي لَعَلَّهُمْ يَرْشُدُونَ

«(Мұхаммед) Егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса мынаны жақсы білсін: «Мен оларға өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегіне жауап беремін. Ендеше, олар да шақыруыма жауап берсін. Және Маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді»[3]дейді. Аятта «қабыл етемін» демейді, «жауап беремін» дейді. Хақ Тағала ешбір құлының тілегін жауапсыз қайырмайды. Сондықтан да пенденің «Аллаһ Тағалаға дұға еттім, бірақ тілегімді Аллаһ қабыл етпеді» деуі дұрыс емес. Пайғамбарымыздың: «Кез келген адамның дұғасы асықпау шартымен қабыл етіледі. Бірақ асыққан адам: «Раббыма дұға еттім, дұғамды қабыл етпеді» дейді»[4]. Мұсылман кісі Құдай Тағаладан тілек тілеп, тілегі сол кезде орындалмаса, онда ол жерде төмендегідей жағдайлар бар:

Бірінші: Дұғаның қабыл болмауына мұсылманның өзі кінәлі болуы. Яғни, дұғасында ықылас болмаған. Яки киген киімі мен ішкен-жегені харам. Пайғамбарымыз: «Ішкені харам, жегені харам, кигені харам, үсті-басы шаң-тозаң келіп қолып жайып «Я, Раббым, я, Раббым!» деп дұға етеді. Оның дұғасы қайдан қабыл болсын» дейді. Сондықтан дұға қылушы харамнан аулақ болуы ләзім.

Екінші: Құранда Аллаһ Тағала қабыл етемін демейді, «жауап беремін» дейді. Кейде мұсылман бір нәрсені қалап, Хақ Тағаладан тілек тілесе, қабыл етілмеуі мүмкін. Бірақ өзі адал, таза жүрген тақуа адам болуы да  мүмкін. Ендеше, мұнда бір сыр, хикмет бар деген сөз. Яғни, Аллаһ Тағала құлының жақсылығы үшін сол тілегін жаратпауы ықтимал. Өйткені Құранда: «Сендердің ұнатпаған кей нәрселерің негізі жақсы болуы мүмкін. Һәм кейде жақсы көрген нәрселерің жаман болуы да мүмкін. Аллаһ біледі, сендер білмейсіңдер»[5]. Иә, пенде ненің жақсы, ненің жаман екенін біле бермейді. Бүгінгі жақсы деген тілегі ертең жаман болып алдынан шығуы мүмкін. Мысалы, бір жарлы адам бай болуды аңсап, дұға етуі мүмкін. Ол «мен бай болсам, кедейлерге жәрдем етер едім, мешіт салар едім» т.б. деп қиялдайды. Бірақ бай болса бәрін де ұмытып, тіпті діннен де безіп кетуі ықтимал. Мұндай ауыр сынақты көтере алмай құламақ. Осыны білген Аллаһ Тағала пендесіне бұл тілегіне жауап қана бермек. Оның бұл тілегін қабыл етпеуі – пенденің жақсылығы үшін ғана. Мысалы, операциядан шыққан науқас есін жиған кезде қатты шөлдейді. Бір жұтым су оның қол жетпес арманына айналады. Тексеруге келген дәрігерден жалынып тұрып, бір жұтым су сұрайды. Ал, науқас операциядан кейін бір тәулікке дейін су ішсе қатерге ұшырайды. Сол себепті дәрігер оның бұл өтінішін қабылдай алмайды. Бар-жоғы «Бұл сізге зиян. Біршама уақыт сабыр етіңіз» деп жауап қана қайырады. Міне, Аллаһ Тағала да сол тәрізді. Пендесінің көтере алмайтын яки оның бұ дүниесі мен ақыретіне зиян тілегін қабыл етпейді.

Пайғамбарымыздың заманында Мәдинада Сағлаба деген сіңірі шыққан кедей адам болған еді. Бірақ өте тақуа, көбінесе мешітте құлшылық қылатын. Осы тақуалығы үшін оны жұрт «Мешіттің құсы» деп атап кеткен еді. Бір күні ол ішінен бай болуды ойлады. Сол-ақ екен жатса да тұрса да сол ой мазалап, бой бермей қояды. Ақыры ол осы ойын Пайғамбарымызға жеткізді: «Пайғамбарым! Бай болғым келеді. Аллаһ Тағалаға дұға етіп, қол жайып батаңды берші?!». Аллаһ Тағаланың Елшісі: «Шүкіршілік ете білген аз малың, шүкіршілік етпеген көп малдан әлдеқайда қайырлы»,- деп жауап береді. Осы сөз оған қатты әсер етті. Ұзақ уақыт бойы санасын мазалаған ойын осылай жеңе білді. Бірақ басылып қалған баяғы ой күндердің күнінде қайта бой көтеріп, санасын сергелдеңге түсіреді. Бір күні қайта Пайғамбарға келіп: «Пайғамбарым, бай болғым келеді. Аллаһ Тағалаға дұға оқып, қол жайып батаңды берші?!»,- дейді. Бұл кезде қатуланып, ашына сөйлеген Аллаһ Елшісі: «Мен саған жетерлік үлгі емеспін бе? Мен де сендей емеспін бе? Аллаһ Тағалаға ант етейін, қаласам мына таулар алтын мен күміске айналып табанымның астында жатар еді. Бірақ мен бай болуды қаламаймын»,- дейді. Иә, қолында осыншама мүмкіндік бола тұрса да Аллаһ Елшісінің үйінде апталап құр сорпа да қайнамайтын. Өзі көп ауыз бекітіп, ораза ұстайтын. Ауызашарда көбінесе бірер құрма мен арпа нанын ғана жейтіні елге таңсық емес-ті. Сағлаба осыны ойлап, біршама уақыт райынан қайтады. Бірақ бойында жатқан әлдебір бұқпа ой мұны қайта қайта түртіп, «Бай болсам кедейлерге көп жәрдем етіп, көп сауапқа кенелем» деген дәме оны бір күні Аллаһ Елшісінің құзырына қайта сүйреп әкелді. Ол оған тілегін айтып: «Сені пайғамбар етіп жіберген Аллаһ Тағалаға ант етейін! Егер бай болсам кедейлерге қол ұшын беріп, ақиқатқа болысам»,- деп уәде береді. Оның қыстауына шыдай алмаған Аллаһ Елшісі «Я, Раббым! Сағлабаны қалаған малына жеткіз!» деп дұға қайырды.

Осыдан кейін ол қой алып баға бастайды. Күн өткен сайын қойлары көбейе бастайды. Сағлаба бұдан бұрын бес уақыт намазды жамағатпен мешітте оқитын. Ал бірақ осыдан кейін ол мешітте бесін мен асыр намазын ғана оқып, қалған намаздарды қой бағып жүріп яки қаза қылып оқитынды шығарды.

Аз уақытта дәулеті асып-тасып көбейген Сағлаба-ның қойлары Мәдинаның маңайына сыймайтын жағдайға жетті. Сахараға жаймақ болған Сағлаба күндердің күнінде бесін мен асыр намаздарына да келмейтінді шығарды. Ол енді тек жұма намазына ғана келетін болды. Ақыры малдың әлегі оның жұмаға баруына да бөгет жасады. Ол сахарада жалғыз мал бағып жүріп, өткен-кеткеннен ғана қалада не болып жатқанын сұрайтын халге жетті. Ол бұдан кейін қоғамды ойлауды қойып, тек қана жеке басының қамын жеп, қойларын отты жерлерге жаю керектігін ғана ойлай бастаған еді. Бір күні Аллаһ Елшісі: «Сағлаба көрінбейді ғой. Қайда жүр өзі?»,- деп сұрағанда: «Қой алып бақты. Ақыры малы маңайға сыймай сахараға бағатын болды. Қазір сол жерде қой соңында жүр»,- деп жауап береді. Сонда Аллаһ Елшісі: «Сағлабаға қиын болды. Өкінішті-ақ, қайтейін»,- деп үн қатады. Осы кездері зекет пен садақаға байланысты аят түсіп, жағдайы төмен мұсылман бауырларына қол ұшын беру жарлығы дүйім жұртшылыққа жария етілді. Аят түсісімен мұсылмандар бір-бірлеріне жанын салып қол ұшын берді. Сағлаба ғана: «Бұл барып тұрған орынсыз салық»,- деп зекет жинаушыларды құр қол кері қайтарады. Осыны естіген Аллаһ Елшісі: «Сағлабаға қиын болды» деген сөзін қайталайды. Сағлабаның бұрын: «Бай болсам ақиқатқа болысам» деген антын бұзғанына қатысты «Бәрағат» сүресіндегі мына аят түседі: «Мұнафықтардың кейбіреулері де: «Аллаһ бізге кеңшілігінен мал берсе, әрине, садақа беріп, игілерден болар едік» деп Аллаһ Тағалаға серт берді. Сонда Аллаһ оған өз ілтипатымен байлық берген кезде, Оның бергеніне сараңдық қылды. Сөзінен айныды. Олар негізінен екіжүзділер»[6].

Осы аяттан Сағлабаның мұнафықтардың қатарына қосылғанын білген оның бір туысқаны қатты қайғырып Сағлабаға хабарды жеткізеді. Ол оған дереу мұнафықтық халінен айығуды үгіттейді. Сағлаба Пайғамбарға барып жоқ-жітіктерге көмектескенін айтқанмен Аллаһ Елшісі қатты реніш білдіріп: «Бұдан кейін сенің бергендеріңді алмаймын. Ал қане, жолыңнан қалма!»,- дейді. Арада көп жылдар өтіп, Пайғамбарымыз дүниеден озғанда, ол зекетін Әбу Бәкірге әкеледі. Ол: «Пайғамбардың алмағанын мен неге алайын?!» деп кері қайтарады. Кейіннен Әбу Бәкір де бақилыққа аттанып, хазіреті Омар халифа болғанда, зекетін соған алып барады. Ол да: «Пайғамбар мен Әбу Бәкірдің алмаған зекетін мен қайтіп алмақпын?! Зекетің өзіңе. Ендігәрі келуші болма»,- деп зекетін алудан үзілді-кесілді бас тартады. Хазіреті Омардан кейін хазіреті Оспан халифа болғанда Сағлаба зекетін бұған да ұсынады. Бұл да: «Бір Пайғамбар мен екі халифаның алмағанын мен қайдан алайын»,- деп зекетін қабыл етпейді. Осылайша бір кездері «Мешіттің құсы» атанған тақуа Сағлаба енді міне мал соңынан еріп, жолдан адасады. Ол сол бір өзіне бәле болып жабысқан байлықтан айыға алмай, халифа Оспан заманында дүниден көз жұмады. Бәлкім, өлер алдында құлағында қасиетті Пайғамбардың: «Ей, Сағлаба, шүкіршілік ете білген аз малың, шүкіршілік етпеген көп малдан әлдеқайда қайырлы емес пе?!» деген сөзі жаңғырып тұрса керек.

Міне, ендеше, адам Аллаһ Тағалаға қол жайып, дұға етіп, тілегін айтып болған соң: «Аллаһым! Мен Сенен осыларды тілеп отырмын. Бірақ бұның ақыры немен бітерін білмеймін. Сондықтан осы тілегім менің бұл өмірім мен ақыретіме пайдалы болса бер. Сен маған өміріме пайдалы, Өзіңнің ризалығыңа лайық жақсылықтар бер» деп бата қайыру – ең игі іс.

Дұғаның қабыл болуы үшін төмендегідей шарттарды да ескергеніміз абзал:

1. Дұғаны Аллаһ Тағалаға мадақ пен тәсбих-пәктеу арқылы бастау.

2. Жасаған күнәларына тәубе етіп, Хақтан кешірім тілеп, истиғфар ету.

3. Дұғаның әуелі мен басында Пайғамбарымызға салауат айту. Өйткені айтылған салауаттар Пайғамбарымыз үшін жасалған дұға болғандықтан, Аллаһ оны қабыл етеді. Қабыл етілген екі дұғалы салауаттың ортасында айтылған тілек те қабыл болуы мүмкін. Пайғамбарымыз: «Аллаһтан тілек тілегенде маған салауат айтыңдар. Өйткені, Аллаһ Тағаладан екі тілек тілегенде бірін қабыл етіп, бірін қабыл етпей қоймайды. Ол – жомарт иесі» дейді.

4. Дұғада шынайы ықылас болуы. Яғни Аллаһ үшін ғана дұға жасауы.

5. Дұғаның абзалы – аят пен хадистердегі дұғаларды айтып жалбарыну. Өйткені олар ең көркем дұғалар. Әрі онда таңғажайып тылсым-сырлар бар.

6. Дұғаға толық сенуі. Яғни, жаратылыстың тізгінін басқарған Ұлы Жаратушының құзырында тұрып, Одан тілек тілеп тұрғанын білу. Сондықтан Аллаһтан үлкен тілек тілеу қажет. Пайғамбарымыз: «Дұға оқығанда үлкен үміт күтіп үлкен нәрсе тілеңдер. Өйткені, Аллаһ Тағалаға еш нәрсе қиын емес» дейді. Басқа хадисте: «Қабыл болатынына анық сеніп Аллаһ Тағаладан тілек тілеңдер. Мынаны жақсы біліңдер! Аллаһ селқос, құлықсыз жүрекпен тілеген тілекті қабыл етпейді» дейді.

7. Дұғада табандылық таныту. Бір рет қолын жайып қоя салу емес, үнемі жалбарыну.

8. Дұғаны түннің ақырғы мезгілінде және парыз намаздардың соңынан жасау. Бірде сахабалар Пайғамбарымыздан «Қандай дұға жылдам қабыл болады?» деп сұрағанда, түннің ақырғы мезгілі мен парыз намаздардан кейін жасалған дұғаның қабыл болатындығын ескерткен.

9. Пайғамбарымыздың бір хадисінде жұма күнінің бір уақыты бар, кімде-кім сол уақытта тілек тілесе сөзсіз қабыл болатындығы айтылады. Яғни, не тілесе де сол сәтте қабыл болып, тілегі орындалмақ. Оның аз ғана сәт екендігі себепті Пайғамбарымыз саусақтарының ұшын ғана көрсетеді. Бірақ ол жұма күнінің жиырма төрт сағатының қай сағаты яки қай сәті екені бізге жұмбақ. Бұдан басқа мүбарак түндерде, Рамазан айында, Қағба, Мәдина мешіті, Ақса мешіті, Арафат тәрізді қасиетті жерлерде, жауын жауып тұрғанда да дұғаның қабыл болу ықтималы мол. Өйткені, жауын – Хақтың жерге төккен рақымы.

10. Біреуге сырттай дұға етуі. Пайғамбарымыз мұсылман адам өзге мұсылман бауыры үшін тілек тілесе, қабыл болатынын айтып сүйіншілеген.

11. Аллаһ Тағаладан тілек тілеген соң Оның ісіне араласпауы керек.

 М. Исаұлы
«Пейішке жетелер пейіл» кітабынан

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі