Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өміріңізге бақыт тілеймін!

27.02.2014 6794 0 пікір

Бәріміздің де бақытты болғымыз келеді. Сіздің өміріңізге де мол бақыт тілеймін. Ақылдың ақыны болған дана Абай атамыз бір өлеңінде   Еңбегің мен Ақылың сені екі жақтап бақытқа жеткізеді, жұртқа сенбе, тек Өзіңе ғана сен деп ақыл айтқан екен. Ендеше, сізге  бір ертегі айтып берейін, мархабат етіңіз!

Баяғы өткен заманда бір Тас қалаушы жігіт болыпты. Ол бірде  Саудагердің үйінде жалға жұмыс істеп жүріп Саудагердің көздің жауын алатын мол байлығын және  халық  оны қаншалықты сыйлайтынын көріп таң қалыпты. Саудагердің өміріне  қатты қызыққан Тас қалаушы дәл осындай болсам екен деп тілепті.

Құдайдың құдіретімен  арманы орындалып Тас қалаушы жігіт  кенеттен  Саудагер болып, үлде мен бүлдеге малынып шыға келіпті. Есесіне өзіне кедейлердің күндестігі өршіп, қастандық жасаушылар мен жаулық  ойлайтын адамдардың саны көбейіп кеткенін біледі.

Бір күні ол көп қызметшілермен  әскерлерінің  ортасында келе жатқан жоғары билігі бар үлкен Әкім адамды көреді. Барлық адамдар елдегі  жоғары мәртебелі бұл Әкімнің алдына келіп тізе бүгіп, еңкеңдеп-тоңқаңдап жатады. Саудагер болып алған Тас қалаушы енді осындай көп қызметшілері мен қорғаушылары  бар  Әкім болуды тілейді.

Құдайдың құдіретімен тілегі тағы орындалып ол Әкім болып шыға келеді. Бірақ  есесіне  оны  халықтың көбі  жақтырмайтын, мүмкіндігі болса оны Әкімдіктен тайдырғысы келетінін, елдегі  өте көп адам өзін жек көре бастағанын біледі. Сол үшін де оны көп әскер қорғап, күзетеді екен. Оның үстіне оттай ыстық Күн төбеден қыздырып ыстықтатқаны соншалық, оның Әкім екендігіне де қарамай күйдіріп, қара терге түсіреді. Өзінің Әкім болса да күйкі тірлік кешіп жүрген  көптен айырмашылығы жоқ екендігіне көзі жетеді.

Сосын ол от боп ысып тұрған Күнге қарап «Неткен күш пен қуат!  Мен енді Күн болғым келеді», - депті. Осыны айтып үлгермей жатып-ақ  ол барлық алапты аптапқа бөлеген Күн болып  шыға келеді. Кенет қатты Жел шығып Жерді бұлт басып, Күннің көзін көлегейлейді.

Сол кезде Күн болып өзгерген Тас қалаушы «Мен енді Желдей күшті болсам екен», - деп тіледі.  Айтып үлгермей жатып тас қалаушы Жел болып өзгеріп Аспан мен Жердің арасындағы барлық нәрсенің ұйқы-тұйқысын шығарып, ағаштарды тамырымен қопарып, ауыл, қалаларды ойран-топыр етіп  келе жатып үлкен Жартасқа тіреледі де еш нәрсе істей алмай қалады. Жартас  Желді елең құрлы көрмей, мізбақпай тұра берді.

«Бұл Жартас неткен күшті еді. Мен дәл осындай берік әлі мызғымайтын болсам», - деп тілегін айтар-айтпастан-ақ ол Жартас болып өзгерді де, «Енді бақытты болатын шығармын»,-деп ойлады. Бірақ  балғамен қашаудың «тарс-тұрс» еткен дыбысы шығып  Жартасты жарықшақтап бөле бастапты. «Менен де күшті бұл кім болды екен»,-деп еңкейіп қараса таудай биік Жартастың етегінде бір Тас қалаушы жігіт  маңдай терін сүртіп қойып, жартасты енді қай жағынан қашап жарықшақтаса оңай әрі тиімді болатыны туралы ойланып тұр екен дейді.

Өміріңізге тағы да мол БАҚЫТ тілеймін!

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру