Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әппақ үй

25.02.2014 5578 0 пікір

Бұл әңгіме-естелік көптен бері ойымда болған, мені толғандырған мәселе еді. Түрлі басқа шаруалар шығып, жазылмай кейінге қала беретін. Енді, міне, сәті түскен сияқты. Көп ойландым. Анам көз алдымда. Өзін сағындым. Осы бір сағыныш сезімі Анам туралы оның бойындағы қазақ әйеліне тән қасиеті туралы жазуыма себепкер болғандай. Әрі Анаға деген перзенттік парызым ретінде оған деген құрметімді білдіруді міндет санадым. Мүмкін менің осы бір жазғанымды оқыған басқа бауырларым да Анамызға деген ішкі жан әлеміндегі өз сағыныш-махаббаттарын сездірер деп үміттендім. Себебі, мен өзім ана туралы ән айтылса, өлең оқылса, сол авторлардың менің жан күйімдегі сезімімді бейнелегендей әсерде болып, ерекше күйге бөленер едім.

Анамыздың аты – Миллиан. Дөңгелек жүзді, қыр мұрынды, сабырлы кісі болатын. Мейірімді, жомарт жан еді. Барлық ауыл-аймақ «Дәу апа» дейтін. Анам туралы ойлай бастасам, ол кісінің бойынан қазақ әйелдеріне тән ұстамдылық, шынайылық, сыпайылық сияқты асыл қасиеттерді көремін. Өз балалары түгіл өзгенің балаларына да мейірімі жететін анамның жомартығы да кісі таңғаларлықтай. Ешуақытта «жоқ» деп кісі қолын қайтармайтын. Ойлап қарасам, менің анам сияқты қазақ әйеліне тән үлгі болатындай қасиетке көбіміз кедей екенбіз. Қазіргі кейбір әйелдерге қарап, көңіліміз толмайды.

Анам тоғыз баланың анасы. Қазақ әйелінің тағдыры өте күрделі. Тағдырдың талай тауқыметін көрді десем болады. Бірақ ешқашан өз тағдырына налып, ренжіп, жылап-сықтағанын көрмеппін. Ешқашанда біреуді біреуге жамандап, біреуді біреумен шағыстырып жатқанын көрмек түгілі естімеппін де.

Тоғыз бала, тоқсан түрлі қылық, тоғыз түрлі мінез, тоқсан дауыс… Күнделікті келімді-кетімді қонақтар, көрші-қолаң, ағайын-туыс, жекжаттар, тағысын тағылар. Сызданып, көгеріп, сазарып отыратын кейбір әйелдер сияқты оғаш қылықтары жоқ анамның жүзінен әрдайым мейірім, жылылық көретінбіз. Кейде осы жайдары мінезінен опық жеп те жататын. Себебі кісілігі жоқ адамдар кісілікті кемшіліктей көретін де, анамды көзге ілгісі келмей, жәбірлеуге дейін баратын. Осындайда қазақтың: «Ақылы жоқты аға тұтпа, кішілігіңді ерсіліктей көрер, кісілігі жоқты қадір тұтпа, кісілігіңді кемшіліктей көрер» дегені еске түседі. Анамның алты қызы бар. Өзін ренжіткен адамдарды айтып шағымданып жатса, алтауымыз алты жақтан шықсақ, «қытай қорғанындай» қорған болмас па едік, жоқ ол кісі ешуақытта біздерге шағымданбақ түгілі, біздерді араластырмайтын да, себебі, кеткен қыз өз жөнімен жүруі тиіс деп санайтын.

Өзім де ана болып, бала өсіріп отырмын. Бары-жоғы бір бала. Сол баланың тағдыр талайы кейде қажытып, шаршатқанда жан анам есіме түсіп, неткен қажырлық, неткен шыдамдылық деп ойға кетемін. Өзіммен салыстыра бастасам, анамды арқама салып, көтеріп жүргім келеді, бірақ мұның барлығы тек сөз күйіндегі сезім толқындары ғой. Сондықтан да болар, анамның бір түнгі ұйқысының өтеуін өтей алмадым-ау деген оймен, сағыныш сезімі санамды сан саққа жүгіртеді. «Басқа түссе баспақшыл» дегендей мүмкін басымызға түскен өмір күйзелістері ана қадірін білуге себеп те болған шығар. Өмір атты дүние тіршіліктің біз білмеген сырларын түйсіндіріп жатса, осының да артында анамның үлесі барлығын сезінемін. Себебі, өмірдің қиындықтарына деген ұстамдылықты, тазалықты, адалдықты анамнан берілген қасиет ретінде бағалып, Жаратушыға деген шүкіршілігімді сан рет қайталаймын.

Жаныма медет болар бір қуанышымды ерекше атағым келеді. Ол анамның басын сәждеге қоюы. Ауылдағы молда құдамыздың молда баласы жазып берген Құран аяттарын қағазға қарап отырып намазға жығылғанда бәріміз күлген едік. Енді ойлап отырсам, Анамның сәжде жасап, намаз оқығаны Жаратушыға деген сеніміне адалдығының куәсі секілді. Бұл мен үшін, артында қалған ұрпақтары үшін үлкен мәртебе. Қанша адам басын сәждеге қойып, Жаратушыға деген сенімін көрсетпек түгілі, ондай ой санасында болмай өмірден өтіп кетіп жатыр. Енді біздің тілегіміз – анамыздың Жаратушының ықыласына бөленіп, азды-көпті жасаған құлшылығы қабыл болса екен дейміз. Болатынына көңілдегі бір «сәуле» сенім білдіретін секілді. Себебі, ауылға бір барып қалғанымда, анам қатты ауырып қалды. Таңертеңгісін оянған анамның тілі күрмеліп, сөйлей алмай қалғанын көрдік. Бірдеңелерді айтады, бірақ түсініксіз. Бір-екі күннен соң сөздері түсінікті бола бастады, сондағы айтқаны: «Біздің ана жақта үлкен аппақ үйіміз бар екен. Өте үлкен, аппақ, аппақ», – деп қуана күлімсірейді. О баста жаратылу болмысында рухпен жүрекке орныққан сенім құбылысымен байланысқан түйсік арқылы анамның айтқан «Аппақ үлкен үйі» жалған дүниедегі жан тазалығына, адалдығына, имандылығына арналған сый шығар деген үмітпен анама деген сағынышты Аллаға ғибадат етумен шүкіршілік айтамын.

 Жұлдызай Қаржаубайқызы,
«Нұр» Қазақ Египет Ислам
университетінің оқытушысы,
философия ғылымдарының
кандидаты, доцент

Материал islam-orkeniet.kz сайтынан алынды 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру