Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

САЛЫНҒАЛЫ ЖАТҚАН ТҰРҒЫНҮЙДІ САТУ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі muftyat.kz 13.01.2022 2737 0 пікір
САЛЫНҒАЛЫ ЖАТҚАН ТҰРҒЫНҮЙДІ САТУ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?

Қазіргі таңда көптеген тұрғын үйлер құрылыс картасы арқылы сатылуда. Бұл картада құрылыс нысанының сипаты, орныжәне т.б. баяндалады. Сатып алушы құрылыс басталмай жатып пәтердің құнын қалай төлейтініне алдын-ала келісім жасайды. Бұл келісімшартта екі тарапқа да үлкен жеңілдік бар.

Салынғалы жатқан үйлерді сатып алудың шариғаттағы үкіміне келсек, заманымыздың ғалымдары бұл келісімшартты «Истиснағ» [1] саудасына негіздеп, рұқсат берген [2]. Алайда төмендегі шарттардың табылуы тиіс:

1. Құрылыс нысанының сипаты (қолданатын материал, үйдің мекен-жайы, жалпы ауданы т.б.) анық көрсетілуі; Егер келісімшартта көрсетілген сипаттарға сай болмаса, салымшы бас тартуына немесе өзара келісім жасауына болады. Ал сипаттары толық болса, бас тартуына құқығы болмайды[3].

2. Мерзімінің нақты көрсетілуі. Яғни құрылыс компаниясы нысанды белгіленген уақытта аяқтауы керек [4]. Егер құрылыс нысаны белгіленген уақыттан кешіккен жағдайда айыппұл салуға рұқсат етіледі. Ал салымшыға төлемақысын кешіктіргені үшін айыппұл салу өсім болып саналады [5]. Салымшы аяқталған құрылыс нысанын қабылдап алуды белгіленген уақытынан кешіктірсе, онда компанияныөзінің атынан мүлікті сатуға уәкіл етеді. Компания одан өз үлесін алып қалады. Артылғанын салымшыға қайтарады. Жетпей қалса, салымшыдан өндіріп алады.

3. Құрылыс нысанының құны белгілі болуы. Құнын қашан, қалай төлейтініне өзара келіседі. Сонымен қатар тараптар келісім барысында материалдар қымбаттаған немесе арзандаған жағдайда нысанның жалпы сомасы өзгеретініне де келісуіне болады.

4. Нысанның жауапкершілігі, жөндеу ісі салымшыға тапсырмай жатып құрылыс компаниясының кепілдігінде болуы;

5. Салымшы мүлікті толықтай меншігіне алмайынша сатпау. Өйткені ол оның толыққанды мүлкі емес [6].

 

ҮКІМ:

Салынғалы жатқан құрылыс нысанын төмендегі шарттарға сай сатуға және сатып алуға рұқсат етіледі:

  • Құрылыс нысанының сипаттамасы (шаршы метрі, көлемі, сапасы т.б.) анық болуы;
  • Құрылыстың басталуы мен аяқталу мерзімі толық көрсетілуі;
  • Жалпы құны, бастапқы және ақырғы төлемінің мерзімі анық болуы;
  • Салымшы мүлікті толықтай меншігіне алмайынша сатпауы;
  • Форс-мажордан тысзиян келтірген тарапорын алған шығынды өтеуі шарт.

 

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

 

[1]Истиснағ – белгілі бір сипаттағы затты жасатуға тапсырыс беру келісімшарты.

[2]Әл-Муфассал кітабы, 2-том, 235-бет.

[3] Мухаммад Тақи әл-Усмани. Фиқһу әл-Буюғ: 1-том, 602-бет.

[4]Уәһбату әз-Зухайли. Әл-Фиқһу әл-ислами уә әдилатуһу: 4-том, 633-бет.

[5] Мажмағу әл-фиқһу әл-ислами: №65 (3/7).

[6]Мухаммад Тақи әл-Усмани. Фиқһу әл-Буйуғ: 1-том, 604-бет.

 

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру