Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ФОРЕКС САУДАСЫМЕН АЙНАЛЫСУҒА РҰҚСАТ ПА?

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі muftyat.kz 19.10.2021 1383 0 пікір
ФОРЕКС САУДАСЫМЕН АЙНАЛЫСУҒА РҰҚСАТ ПА?

 

Форекс – биржадан тыс валюта нарығы (ағылшын тілінде foreing exchange деген сөзден қысқартылып, «шетелдік валютаны айырбастау» дегенді білдіреді).

Форекс нарығының негізгі қатысушылары – банктер, брокерлік компаниялар және жеке трейдерлер. Брокерлік компаниялар клиенттің тапсырысы бойынша форекс нарығында валюта саудасын жасайды.

Форекс маржа (мargin) мәмілесі арқылы іске асады. Яғни тұтынушы (трейдер) брокерлік компаниялардың бірінен есепшот ашып, кепілдік ретінде белгілі бір капиталды салады. Оның есесіне оған форекс брокері валюта саудасын жасауға қарыз береді. Трейдер валюта жұптарының (мысалы, EUR/USD бірін таңдап, сатып алған валютасының көтерілуін немесе төмендеуін күтеді. Егер трейдердің болжамы іске асса, пайдасы кепілдікке қойылған капиталына қосылады. Ал сәтсіздікке ұшыраса,брокер өзіне тиесілі соманы капиталынан ұстап қалады(«Форекстің шариғаттағы үкімі» атты пәтуа, Еуразия пәтуа кеңесінің ІІІ отырысы, Стамбұл қаласы, 21-22 желтоқсан, 2018 жыл)

Форекс нарығында валюталарды алып-сатуға шариғи тұрғыдан тыйым салынады. Оның негізгі себептері төмендегідей:

1) Форекс нарығында өсім бар.

Брокердің трейдерге сауда жасауға ұсынған финанстық леверидж (брокердің трейдерге берген қарыз қаражаты. Несие сомасы клиенттің салым сомасынан 10, 20, 100 есе немесе одан да көп болуы мүмкін) қарыз болып есептеледі. Сондықтан брокердің қарыздың үстінен тапқан ролловер(позицияны келесі күнге ауыстырғаны үшін шоттан алынатын комиссия), спрэд (валюта жұбының «сұрау» бағасы мен «ұсыныс» бағасы арасындағы айырмашылық) және т.б. төлемдеріөсімге жатады. Төрт мәзһаб ғұламалары қарыздың үстінен пайда табуды шарт етудің дұрыс емес екенінебірауыздан келіскен (әл-Кәсәни, «Бадаиу әс-санайығ», 7/395. Мәуәһибу әл-жәлил шәрху мухтасар Халил, 4/546. Фәтху әл-уәһһаб, 1/327. Әл-муғни, 4/211).

Ислам фиқһы академиясының 1985 жылғы екінші отырысында қабылданған №10 (2/10) қарарында: «Борышкер қарызды уақытында өтей алмай қалған жағдайда оның үстінен көрген пайда немесе қосымша ақша, сондай-ақ келісімшарттың бастапқы уақыттан қарыздың үстінен қандай да пайданы көздеу немесе пайызды шарт ету шариғи тұрғыдан харам етілген риба (өсім) болып есептеледі» делінген(Ислам фиқһы академиясының журналы, №2, 2/735).

2)  Валютаны сатып алу және сату барысында қолма-қол айырбастау жүйесі жүзеге аспайды.

Форекс нарығында валюталарды айырбастау электронды жүйе арқылы іске асқандықтан оны шынайы түрде қолма-қол жүзеге асыру мүмкін емес. Ал үкім жағынан қолма-қол принципі іске асу үшін банктік аударымдар жасалғанда қаржы клиенттің шотына сол сәтте түсіп, оны қалағанынша жұмсауға, кез келген уақытта шығарып алуға мүмкіндігі болуы шарт (Ислам фиқһы академиясының журналы, №6, 1/453).

Бұл шарттар форекс саудасында ескерілмеген. Өйткені форекстеклиенттің тек валютаны сатып алып, сатудан басқа құқығы жоқ. Ол есепшотына түскен қаржыны салған валютасымен ғана ала алады. Сатып алған шетел валютасын қолдана алмайды. Теконы сатып транзакцияны жапқаннан кейін ғана ақшаны шығарып алуға мүмкіндігі болады. Бірақ қаражатты компаниядағы өз есебінен тікелей шығармай, тек чек арқылы компания есепшоты бар банктен ғана алады.

3) Форекс нарығы клиентке және жалпы экономикаға зиян.

Форексте көп мөлшерде қарыз беру, алдау, жалған ақпарат, қауесет, монополия, алаяқтық, бағаның тез өзгеруі, тез баю мақсатында біреудің жинақтарын шариғатта рұқсат етілмеген жолмен алу қамтылған. Бұл әрекеттер біреудің мүлкін харам жолмен жеуге итермелейді. Сонымен қатар мұндай сауда түрі қоғамға үлкен шығын келтіреді және экономиканың құлдырауына алып барады(Ислам фиқһы академиясының журналы, №22, 229).

4) Брокердің кепілге қойылған капиталды қолдануы өсім саналады.

Көпшілік ғалымдар«қарыз беруші қарыз алушы тарапынан берілген кепілдік затты қолдана алмайды» деген(Хашияту ибну Абидин, 10/83. Бадаиу әс-сәнайығ, 6/120-121. Ибну әл-Бәрр, Әл-кәфи, 414. Нәуәуи, Рәудәту әт-толибин, 2/181. Әл-Бәһути, кәшшәфу әл-қанағ, 5/1585).Өйткені Убай ибн Кағб, Абдулла ибн Сәләм, Ибн Аббас (Алла ол кісілерге разы болсын): «Қандай да бір қарыз өзімен бірге үстеме пайда әкелсе – ол риба (өсім)», – деген (Бәйһақи, әс-сунәну әл-кубра, 5/349-350). Сондықтан брокердің кепілге қойылған капиталды пайдалануы өсім болып саналады (Абдулазиз Фәрәж Мухаммад Муса, Әхкәму әл-мутәжира бил-һәмиш (дирасатән фиқһиятән муқаранатән), 1381-1383).

5) Форексте сауда жасау құмар болып есептеледі.

Форекс нарығында трейдер мен брокер арасында нақты сауда-саттық жоқ. Тараптар кепілдікке қойылған капиталды ставка ретінде тігіп, валютаның көтерілуін немесе төмендеуін ғана күтеді. Бұл құмарға жатады. Шариғатымызда оған тыйым салынған(«Форекстің шариғаттағы үкімі» атты пәтуа, Еуразия пәтуа кеңесінің ІІІ отырысы, Стамбұл қаласы, 21-22 желтоқсан, 2018 жыл).

Осыған орай форекс нарығында өсім, құмар, біреудің мүлкін арам жолмен жеу орын алғандықтан әрі мұндай сауда клиентке және жалпы экономикаға зиян келтіретіндіктен, бұлайша табыс табуға тыйым салынады.

Мысыр елінің пәтуа комитеті, Еуразия мұсылмандарының пәтуа шығару кеңесі («Форекстің шариғаттағы үкімі» атты пәтуа, Еуразия пәтуа кеңесінің ІІІ отырысы, Ыстамбұл қаласы, 21-22 желтоқсан, 2018 жыл), Ислам фиқһы академиясы (2006 жылғы 8-12 сәуірде Мекке қаласында өткен Ислам фиқһы академиясының 18-отырысындағы Форекске қатысты қарары) т.б. форекске тыйым салған.

 

Үкім:

Форекс саудасында өсім, құмар, біреудің малын харам жолмен жеу орын алғандықтан, онымен айналысуға болмайды. Сонымен қатарвалютаның қолма-қол (шынайы әрі үкім жағынан) жүзеге аспауына, жеке тұлға мен экономикаға зиян келтіруіне байланысты форекс нарығында табыс табуға тыйым салынады.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Sońǵylar

Musylman dіnı kúntіzbesі