Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы биыл қажылыққа баратын имам ұстаздармен кездесіп, олардың біліктілігін арттыруға арналған семинарға қатысты.
Бас мүфти бес парыздың бірі саналатын қажылыққа аса мән беру керектігін, үлкен дайындықпен бару қажеттігін айтты. Одан бөлек қажылардың білім деңгейін көтеру, оларды осы сапарға тыңғылықты дайындап, ықыласын арттыру қажеттігіне тоқталды.
«V республикалық имамдар форумында бірнеше маңызды құжатты қабылдап, көпшілікке ұсындық. Оның ішінде «Қажының рухани келбеті» құжаты да бар. Көпшілік қажылыққа дайындықсыз барып жатады. Қажылыққа барар кезде оларға сабақ беру, үйрету, ниетті туралау, рухани дайындалу, Аллаға деген сенімді күшейту сабақтарын біз өткізуге тиіспіз. Олардың рухани дайын, сабырмен, шыдаммен баруын үнемі айту керек. Қажылық мәдениетін көтеруге тиіспіз. Аллаға шүкір, елімізде қажылық парызын өтеп келушілердің саны жыл сайын артып келеді. Діні мен дәстүрін ардақтай білген ата-бабаларымыз қажылық сапарын ұлықтап «Ұлы сапар» деп атаған. Оған барып, мұсылмандық парызын өтеп келген адамды «Қажы» деп сыйлап, батасын алуға тырысқан. Бұл – қазақ халқының Алланың хақ дініне деген құрметі мен ыстық ықыласының дәлелі. Қажылық құлшылығының артықшылығы мен адам баласына берер пайдасы өте көп. Алайда қажылық жай ғана саяхат емес. Оның рухани және шариғи тұрғыдан өзіндік ережелері мен әдептері, талаптары бар. Сол үшін қажылық құлшылығын жасайтын адам алдын ала жан-жақты дайындалуы қажет. Осы ретте Сіздер секілді имам ұстаздарымыздың айтар насихаты, берер бағыты мықты болуы керек» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Жиын барысында уағыз-насихаттың жүйелі болуы, қажыларға ықыласпен қызмет көрсету, қазірден бастап рухани дайындықты күшейтуге мән беру қажеттігі айтылды. Сондай-ақ ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы биылғы қажылық маусымына дайындық барысын, әр өңірден баратын имам ұстаздарды таныстырып, атқарылатын негізгі жұмыстарды баяндады.
Айта кетейік, уағызшылардың біліктілігін арттыруға арналған семинар толық бір күнге жалғасады.
Pіkіrler (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру