Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

26 April 2024

17 Sháýýál 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

Атырау: Ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы жамағатпен жүздесті

Атырау облыстық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі amin.kz 01.11.2021 2053 0 пікір
Атырау: Ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы жамағатпен жүздесті

Әсерлі уағыздарымен көпке танылған РАНТ мүшесі, ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы Атырау облысына арнайы жұмыс сапарымен келді. Дін қызметкері алдымен облыстың орталық «Иманғали» мешітінде жамағатпен жүздесті.

Кездесуде мұсылман арасындағы бауырмашылдық сипаттары, әрдайым шынайы ниетпен ихсан дәрежесінде құлшылық қылу керектігін насихаттады.

«Исламдағы бауырмашылдық сезім Алла Тағаланың ықыласты, тақуа мұсылман құлдарының бойына дарытатын иләһи қасиет. Алла Тағала Құран Кәрімде:

«Алла сол мүміндердің жүректерін жарастырды (һәм оларды саған мызғымас қорған қылды). Егер сен жер бетіндегі байлықтың барлығын осы жолда жұмсасаң дағы, олардың жүректерін дәл бұлай жарастыра алмас едің. Алайда Алла оларды жарастырды. Шүбәсіз Ол бәрінен үстем әрі ұлық және әр ісі мен әр үкімінде талай хикмет болған асқан даналық иесі» деген.

Шынайы мұсылман қоғамын мұсылмандар арасындағы өзара бауырмашылдық сезімінсіз суреттеу мүмкін емес. Мұндай сезімдегі бауырлар ағаштың бұтақтары іспеттес саны көбейген сайын қуаттала түседі. Бұтағы көп мықты ағашқа қатты жел әсер ете алмағандай ауызбіршілігі, бауырмашылдығы мығым елге ешқандай қара пиғылды күштер әсер ете алмайды. Әлбетте бұл ағаштың қажетті жеміс беруі имандылыққа тікелей байланысты» деді ол.

Бұдан кейін Қабылбек Әліпбайұлы «Иманғали» орталық мешітінің студясында «Amin.kz» подкаст жобасында қонақ болды. Еркін форматтағы сұхбат барысында отбасы құндылығы әңгіме өзегіне арқау болды.

«Ислам діні үлкенді сыйлауға үндейді. Жастарға үлкендердің ақылын тыңдап, оларға құрмет көрсетуді насихаттайды.

Отбасы бала тәрбиесінің ұйтқысы екендігіне ерекше тоқталады. Тәрбие бастауы отбасыдан басталады. Отбасы тәрбиесінің тамаша үлгісінен ұлағатты ұрпақ өсіп шығады.

Қазақта: «Отан – отбасынан басталады», «Өз үйім – өлең төсегім», «Екі жақсы қосылса аймен күндей» «Үйде береке болса, дастарханда берекет болады» деген ұлағатты сөздер бар.

Мұнда отбасы құндылықтары мен үлкенді сыйлау, береке мен ынтымақ мәселесіне зор баға берілген. Халқымыз тектілікке ерекше маңыз берген. Текті болу дегеніміз – өнеге мен әдептіліктің ғасырларға жалғасқан үрдісін сақтауға жатады.

Қазақ халқында ислам дінімен ұштасқан, тамаша қалыптасқан отбасылық тәрбиенің озық үлгісі бар. Тәрбиенің бұл тамаша озық үлгісі ғасырлар сынынан өткен, ұлағат пен өнеге сіңген зор тағылымдардың құндылығының жиынтығы деуге болады» деді РАНТ мүшесі.

Сондай-ақ подкастқа «Иманғали» мешітінің наиб имамы Ерболат Боханов та қатысып, қазіргі таңдағы өзекті болып отырған талақ, ажырасу мәселесіне қатысты да шариғат үкімдерін ортаға салды.

Қабылбек Әліпбайұлының жамағатпен жүздесуі одан әрі Атырау қалалық «Әт-тақуа» мешітінде жалғасты.

Әділ, шыншыл болудың маңызы туралы насихат айтқан Қабылбек Әліпбайұлы:

«Мұсылмандық мінездің ең маңыздысы әділдік, себебі әділдіктің ұғымы өте ауқымды және оның кіріспейтін жері жоқ, сенімде, ғибадатта, сөз бен істе, тіпті адам ойында да әділдік қажет.

Сондықтан да, әділдіктің Исламдағы алар орны өте биік. Жеке адам болсын немесе қоғам болсын әділдіксіз биік шыңдарға шыға алмайды.

Әділдіктің қарама-қайшы ұғымы зұлымдық, әділдік талап етілген жерде табылмаса, ол жерде міндетті түрде зұлымдық жүреді, сондықтан да әділдіктің пайдасын айтқанда зұлымдықтың зардабы қоса айтылады.

Әділдік – ұлы қасиет, оның ұлықтығы – Ол, Алла көркем есімдерінің бірі «Ал-Адл» (Әділетті), Алланың адамзатқа әділдігі имандымен имансызды ризықтандырды, көптеген елшілер жіберді, кітаптар түсірді, адасқан қателескен адамға тәубе есігін ашып қойды, туралыққа жол сілтеді» деп атап өтті.

Бұдан бөлек Қабылбек Әліпбайұлы Жылыой ауданы жамағатымен жүздесу үшін Құлсары қаласына арнайы барды.

Кездесу барысында «Муминун» сүресінің тәпсірін айтқан ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы жамағат тарапынан қойылған бірқатар сауалдарға жауап берді.

Зина, талақ, зекет, намаз, қажылық, неке тақырыбындағы сауалдарға жауап берген ұстаз Қабылбек Әліпбайұлы жұртшылықты екі дүние сардары болған Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен үлгі алуға шақырды.

«Мінезі Құран болған Пайғамбарымыз көркем, кемел мұсылман болды. Оның тілінен шыққан әр сөз жүрегінде, ісінде көрініс тауып жатты. Ол барлық адамды иманымен, жүректегі махаббатымен, көркем мінезімен баурап алды» деді Қабылбек Әліпбайұлы.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру