Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Ақтөбе қалалық мешіті (Sýretter)

Ақтөбе қалалық мешіті

Мен 2011 жылы ескі қаланың Берсиев көшесі бойындағы екі қатарлы Ақтөбе қалалық орталық мешітіне бас имам болып тағайындалып келген болатынмын. Сол  кезде байқағаным: мешіттің намазхандар бөлмесі өте тар  – небәрі 500-ге жуық адам сияды екен.

Сондықтан, жұма және Айт намаздарына келген мұсылмандар мешітке сыймағандықтан, мешіт жанындағы алаңқайда, ашық аспан астында, далада намаз оқитын. Басқа амалдары жоқ болғандықтан, ескі қала аймағында тұратын мұсылмандар қаһарлы қыстың үскірік аязды күндерінде де қар үстіне кілем жайып, намаздарын оқып, Аллаһ Тағалаға құлшылық қылатын.

Мешіт ішінде әйелдерге арналған арнаулы бөлме жоқ болатын. Сауат ашу курсына келіп, білім алуға талпынған шәкірттер үшін де жағдай жоқ еді: олар бесін намазына дейін және бесін намазынан кейін екі аусымда мешіттің жоғарғы жағында немесе төменгі жағында дәріс алатын.

Мешіттің тарихын білетін адамдармен әңгімелесіп, түрлі ақпараттармен тереңірек танысқан кезімде, бұл ғибадат үйінің іргетасы 1901 жылы жаз айында қаланғанын, оның облыстағы саусақпен санарлықтай тарихи мешіттердің бірі екенін білдім. Қала мұсылмандарының  мешіт  салу жөніндегі 1901 жылы өткен  Кіші Құрылтайының шешіміне сәйкес, мешіт құрылысына ақтөбелік Шахбулат бай мен Мырзақай бай, орынборлық саудагер Ибрагимов Махмуд бай мұрындық болып, қаланың сол  кездегі «Татарская слабодка» аймағында тұратын Ғ.Сағдиев, Ғ. Околаев сияқты көптеген дәулетті адамдар мен 500-ден астам мұсылмандар қаржылай көмек көрсеткен екен.

1903 жылы 27 маусымда екі қатарлы мешіт құрылысы толық аяқталады. Мұсылмандар   мешіт  төңірегіне: мешіт қызметкерлеріне арнап үш үй,  медресе  және   қонақ үй салады. Осылайша, бұл мешіт 1903 жылдан 1929 жылға дейін   халыққа мінсіз рухани  қызмет көрсетеді. Кеңес үкіметінің  солақай саясатының  кері әсерінен, мешіт 1929  жабылып, қоймаға айналады. Ал, 1932 жылдан бастап, өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін мешіт ғимаратын облыстық баспахана пайдаланды. Кейін ғимарат 1991 жылға дейін тағы да облыстық баспахананың қоймасына айналады.

1991 жылы қала мұсылмандарының көптеген өтініштері бойынша, қала әкімшілігінің шешімімен, мешіт ғимараты қайтадан Ақтөбе қаласының мұсылмандарына қайтарылып, күрделі жөндеуден өткізіліп, қала халқына рухани қызмет көрсете  бастайды.

Жүз жылдан кейін, яғни, 2003 жылы мешітке тағы да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бірақ, мешіттің ішкі-сыртқы жақтары жаңартылып, пластикалық есік-терезелер қойылып, жаңадан таһарат орны салынса да, тарихи мешітті сол күйінде сақтап қалу мақсатында, ғибадат үйінің  көлемі сол жүз жыл бұрынғы қалпында қалған болатын.

Жоғарыда айтылған қиындықтарды қала мен облыс басшыларына жеткізіп, тарихи мешітті бұзбай, сол қалпында сақтай отырып, көлемін  үлкейпіп, қазіргі заман талабына сай қайта салу жөнінде ұсыныс білдірген едім. Басшылар менің бұл ұсынысымды мақұлдап, архитекторлар жаңа үлгідегі мешіт жобасын сызып, ол жоба бекітілгеннен кейін, 2012 жылы маусым айында құрылыс жұмыстары басталып кетті.

Қазіргі құрылысы аяқталған қалалық орталық мешітінің ішкі-сыртқы келбеті бұрынғы тарихи мешіттен мүлдем бөлек. Мешіттің алтын жалатқан екі күмбезі мен биік екі мұнарасы алыстан «мен мұндалап», өткен-кеткен адамдарды өзіне шақырып тұратын, қазіргі заман талаптарына сай салынған көлемді ғибадат үйі әсем де көрікті ғимаратқа айналды.

Бұл мешітте бұрынғыдай қысылып-қымтырылмай, бір мезгілде 5000 (бес мың!) адам қатар тұрып еркін намаз оқи алады. Енді ер адамдар мен әйелдер бөлек намаз оқитын болады. Сауат ашу курстарына арналған бөлмелер парталармен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, мұнда да ерлер мен әйелдер бір мезгілде бөлек-бөлек оқиды. Мешіттің төменгі бөлігінде жүз орынға арналған асхана, таһарат бөлмелері орналасқан.

Бір сөзбен айтқанда, Ақтөбе қалалық орталық мешіті халыққа діни қызмет көрсетуге дайын. Келіңіздер, көріңіздер, сауат ашу курсында оқып діни білім алыңыздар, бүкіл әлемді жоқтан бар қылып жаратқан құдіреті күшті Аллаһ Тағалаға құлшылық қылыңыздар! Келем деушілерге есігіміз ашық!

Бахытбек ТӘЖІМБЕТ,
Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы

Осы облыстағы мешіттер