Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

«Қарасай батыр» мешіті (Sýretter)

«Қарасай батыр» мешіті

«Қарасай батыр» мешіті Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылында салынып, 2000 жылы маусым айында Елбасының тікелей қатысуымен салтанатты түрде ашылды. Оған Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың 7-ші атасы Қарасай батырдың аты берілді. Ғимарат тұңғыш Президенттің дүниеге келген жері Үшқоңыр кентінің батыс бөлігінде, Қаскелең-Ұзынағаш тас жолының сол жағындағы Үш қоңыр тауының етегіне орналасқан. Жалпы аумағы 3 га. Онда жамағат пен шәкірттерге барынша қолайлы жағдай туғызылған. Табиғатына сай 2 га жеріне 100 өрік, 300 түп алма ағашы, 4500 түп раушан гүлдері отырғызылған. Айналасы жасыл желекке малынған. Мешіттің алдында 100 көлікке арналған автотұрақ бар, сондай-ақ ғимаратқа көрік беретін 70 түп жасыл шырша егілген. Бүкіл аумағы темір шарбақпен қоршалып, 2 жерінен қақпа орнатылған. Негізгі кіретін қақпа мен мешіттің сырты Финляндиядан арнайы алдырылған ақ кірпішпен өріліп, айналасына тас кілем төселген. Түнде ғимаратқа айнала жарық түсіріп тұратын 75 шам бар. Сонымен қатар ғимараттың алдыңғы жағына мешітке түнгі уақытта әсем көрік беріп тұратын 4 прожектор орнатылған.

Теріскей жағында 90 балаға арналған жалпы көлемі 700 шаршы метрлік медресе, жатақхана орналасқан. Онда оқу сыныптары, кітапхана мен ғұсылхана және спорт алаңы бар. Мешіт пен медресенің арасы шамамен 70 метрдей. Медресенің шығыс қапталындағы асханада ас дайындайтын бөлме мен наубайхана және бір мезгілде 90 адам еркін тамақтана алатын арнайы залы бар. Осынау бүкіл кешенді мешіт, медресе, асхананы, жатақхананы жылу жүйесімен және дәретханаларды жылы сумен газбен жұмыс істейтін 2 пеш қамтамасыз етеді.

Алла үйінің биіктігі 18,5, күмбезінің биіктігі 22,6 метр. Шеңбері 9 метр. Алтынмен апталған айшығының биіктігі 3 метр. 4 бұрышында ғимаратқа көрік беріп тұрған 15 метрлік 4 мұнара бар. Ерлер мен әйелдер үшін бөлек-бөлек 2 есік бар. Әйелдерге арналған намазханаға мешіттің шығыс жағындағы есіктен кіреді. Ғимараттың екі жағында екі бөлме бар, оның оң жақтағысында есепші отырса, сол жағындағысына шаруашылық бөлмесі алып жатыр. Ал негізгі кіретін есік емен ағашынан жасалып, беті ою-өрнекпен безендірілген. Негізгі есіктің кіреберісі – дәліз. Оған аяқ киім сөрелері қойылған. Едені мәрмәр. Дәліздің оң жағында имамның қабылдау бөлмелері және сол жағында жеке зал орналасқан. Мешіт үйі 1200 адам құлшылық етуге арналған. Ер кісілер мен әйелдердің намаз оқитын залдары ою-өрнектермен безендірілген Құран аяты жазылған шамамен 3 метрлік қабырға бөліп тұр. Залдар сутралармен бөлінген, қанық көк түсті жайнамаз-кілем төселген.

Ғимарат қазіргі заман талабына сай еден асты жылуымен қамтамасыз етілген. Батыс жағында қызыл ағаштан ойылып жасалынған 7 метрлік мінбер орнатылған. Михрабы алтын жалатылған кафельдер және де қасиетті Құран аяттарымен әсемдеп жасалған. Төбесіне 6 метрлік шынжырға ілінген 600 кг-дық 55 қола шам орнатылған, оюлармен өрнектелген, аустриялық хрустальдан жасалынған. Намаз оқитын үлкен залдың оң жақ қабырғасында 5, ал сол жақ қабырғасында күн сәулесі молынан түсіп тұратын 2 үлкен пластикалық терезе қойылған. Олардың әрқайсысының екі жағына, қабырғаға кіргізілген ұзынша шырақтар орналасқан. Алла үйінің орта тұсында күмбезді жағалай 4 тірек бекітілген. Ішінде жағалай 8 кішігірім терезе бар. Шеңберіне көркемделіп «Фатиха» сүресі жазылған. 

Осы облыстағы мешіттер