Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

13 November 2024

11 Jumadál áýýál 1446 Хижра

  DINI MEREKELER

ПАЙҒАМБАРҒА ДЕГЕН МАХАББАТ

muftyat.kz 23.09.2023 3936 0 пікір
ПАЙҒАМБАРҒА ДЕГЕН МАХАББАТ

Қиындыққа ұшырап,

Өтіпті нелер басынан.

Үмбет үшін жылаған,

Жаңа туған жасынан (Балмағамбет Балқыбайұлы).

Адам – пенде. Жақсы көрген, шын сүйген ғашығына бой ұсынғыш келеді. Тіпті ақ дегенін алғыс, қара дегенін қарғыс деуге әзір тұрады. Һәм махаббат – жүрек ісі. Оны бақылаудың өзі адам баласының қолынан келмес. Сондықтан хадисте: «Жүректер Рахман Алланың иелігінде», – деп айтылған (имам Мүслим).

Жүректі күпірлік пен күнәның қалың күйесі баспаса Құдай салған шын сезімді ешкім алдай алмас. Өзгені ден қойып тыңдамаса да әлемді таңқалдырған ғашықтық жырларды сағаттап оқыса да адамның тағаты таусылмайды. Хакім Абай айтпақшы: «Ғашықтық құмарлықпен – ол екі жол». Біз айтып отырған шын сезімнің құр құмарлықпен еш байланысы жоқ. Бұл сезім қара түнек басқан әлемді нұрға бөлеген Әз Елшіге – Мұхаммед Мұстафаға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арналады. Адамзатты қараңғылықтан жарыққа, бұралаңнан тура жолға шығарған – Нұр Мұхаммед.

Үмметім

Сира (тарих) кітаптарында Әз Елшінің өз үмметін өзінен артық жақсы көретіндігі айтылады. Тіпті өле-өлгенше «үмметім» деп өткен Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақыретте де үмметін ойлап, қиынқыстау сәттерде шапағат ететініне мына бір хадис айғақ болады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір пайғамбардың сұраған мезетте қабыл болатын бір дұғасы бар. Барлық пайғамбарлар өз дұғаларын бұ дүниеде сұраса, мен дұғамды үмметке шапағат ету үшін ақыретке сақтадым. Шапағатым Аллаға ортақ қоспай дүниеден озған үмметіме тиеді», – дейді (имам Бұхари, Таухид, 31).

Үмметін бір сәтке де естен шығармаған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ерекше халін Жаратқан Алла қасиетті Құранда былай деп баяндайды: «Сендерге өз араларыңнан (яғни, араларыңда туып-өскен) хақ Пайғамбар келді. Оның сендерге жанашырлығы соншалық (азапқа немесе қиын жағдайға душар болғандарың былай тұрсын), тіпті болмашы бір қиындыққа тап болғандарыңның өзі оған өте ауыр тиіп, жанына қатты батады. Ол сендерге тым ынтық, өте ынтызар (сендер үшін қатты қорқады, сендерді ойлап көп уайым жейді). Ол мүминдерге сондай жанашыр өте мейірімді» («Тәубе» сүресі, 128-аят).

Қай заманды алып қарасақ та, Хақ Мұстафаны өз жанынан артық сүйген мүминдерді көреміз. Әзиз Елшіге деген махаббат көңілді шаттыққа бөлеп, талай жыр тарландарының көкейінен өлең болып ағылған. Олардың ең алғашқылары – Пайғамбарды асыға күткен Мәдина халқы. Әлқисса, хазреті Әбу Бәкір мен Әз Пайғамбарымыз алғаш Мәдина шаһарына бет алған уақытта, халық тағатсыздана күтеді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шаһарға таяп қалды деген хабарды естіген жұрт, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін бірі қалмай көшеге шығады. Түс ауған сәтте алыстан екі кісінің сұлбасы көрінгендей болды. Шынымен алыс сапардан қажыған екі кісінің төбесі көріне бастады. Жұрт күбірлесіп: «Пайғамбар кім? Досы кім?» – деп аң-таң болды. Иә, Пайғамбардың қарапайымдылығы мен кішіпейілдігі қияметке дейін күллі адамзатқа өнеге болып қала бермек. Мәшһүр Жүсіп айтқандай: «Жігітке жарасады құла жирен, дін ұстансаң, топырақ боп аяққа илен!». Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түйеге мінген сәтінде ғана ансарлар оны таниды. Әз Елшісін көрмесе де тағатсыздана күткен халық оған деген ыстық ықыласын, ынтызар көңілін мынадай өлең жолдарымен жеткізеді:

Толған айдай жүзіңнен,

Қыр асқанда көрінген.

Жаратқанға шақырдың,

Шүкір дейміз көңілден.

 

Ай да, Күн де бір өзің,

Жүзінен нұры төгілген.

Көктің Сурая жұлдызы,

Жай таптың жүрек төрінен!

Бір өзінің иманы күллі мұсылманның иманынан асып түскен, Пайғамбардан шыққан әр сөзді хақ деп білген ардақты Елшінің жан жолдасы, қимас досы хазреті Әбу Бәкір Сыддықтың да (Алла оған разы болсын) досына деген кіршіксіз пәк көңілі кез келген мүмин баласының жүрегін тебірентпей қоймас.

Тәбук жорығына әзірлік жүріп жатқан кезде кейін мүминдер бауырларына, жан жолдастарына өзінде барын беріп жатты. Әбу Бәкір қолында бар дүниені мүмин бауырларына үлестіріп берген уақытта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, адал дос! Өзіңе не қалдырдың?» – деп сұрайды. Сонда хазреті Әбу Бәкір: «Алла мен Оның Елшісін қалдырдым», – деп жауап берген екен. Мұны көрген, әділ Омар (Алла оған разы болсын): «Ізгілікте Әбу Бәкірмен қанша жарыссам да шаңына ілесе алмайтыныма нақ бүгін көзім жетті», – дейді. Әрине бұндай жанкешті әрекет Пайғамбарға деген сүйіспеншіліктен туындаған.

Ішіндегісін бүкпей айтатын хазреті Омар Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі! Сізді қатты жақсы көретінім рас. Бірақ, әуелі өз жанымды жақсы көремін», – дейді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз: «Мені өз жанынан, ата-анасынан, бала-шағасынан һәм күллі адамзаттан артық жақсы көрмейінше мүминнің иманы толық болмайды», – дейді. Мұны естіген Омар (Алла оған разы болсын) дереу ішкі халін Алла Елшісіне деген махаббатқа бұрып: «Енді сізді шыбын жанымнан һәм күллі жан иесінен артық жақсы көремін»,– дегенде әзиз Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Міне, енді иманың толық болды», – деген екен.

Иман тек сөзбен шектелетін нәрсе емес. Иман махаббатпен толық болмақ. Махаббатсыз иман ашылмаған гүлге, бүршік жармаған ағашқа ұқсайды. Демек иманның жемісі Аллаға және Әзиз Пайғамбарға деген кіршіксіз махаббаттан тұрады. Ал махаббатқа бастар жол – ихсан. Шариғатқа бекем болып, ихсанды ту еткен адам ғана бұдан мақұрым қалмақ емес.

 

Махаббаттан болды Мұхаммед пайда,

Мұхаммедсіз махаббаттан не пайда? 

Бірде аузын ашса жүрегі көрінген шөл арабы мешіттен шығып келе жатқан Әзиз Пайғамбардан: «Уа, Алланың Елшісі! Қиямет қашан?» – деп төтеден сауал қояды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сұрағына сұрақпен жауап беріп: «(Қиямет қашан дейтіндей) О күнге не дайындап едің?» – дейді. Әлгі араб: «Айтарлықтай намаз оқып, ораза ұстап, садақа беріп көргем жоқ. Тек жүрегімнің төрін Алла мен Оның Елшісіне бердім», – деген екен. Жауабына тәнті болған Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кісі қашан да сүйгенімен бірге болады», – дейді (имам ән-Нәуәуи, «Риядус Салихин»). Бұл сөзді естіген Әнас қуаныштан жүрегі жарылардай халде болды. Себебі ол Пайғамбарды сондай қатты жақсы көретін. Ол сөзді дәл өзіне қаратып айтылғандай сезімде күй кешеді. Мәдина халқы бұған дейін де, бұдан кейін де Мұхаммед пайғамбарымыздың аузынан жанды жадыратар бұдан артық сөзді есіткен емес. Мүмин адам Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қауышуды аңсамай қоймас. Тіпті кей кездері «Алла мені он төрт ғасыр бұрын сахаба етіп дүниеге келтіргенде ғой», – деген тілектерді естиміз. «Сахабалар өз үлесін алды, алайда қияметке дейін күллі әлемге рақым етіп жіберілген Алла Елшісінің махаббатына үлескер бола аламыз ба?» – деген сауал көкейді кернейді. Ешқашан үмметін ұмытпаған, ұмыту былай тұрсын сол үмметін ойлап өзін ұмытқан Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүйіншісі – сонау он төрт ғасырдан бері мүминдерге жұбаныш, қаяу түскен көңілге демеу.

Бір күні сахабаларының қасында отырған Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бауырларымды сағындым», – деп іштегі шерін тарқатады. Мұны естіп, құлақтары елең ете қалған сахабалар: «Сіздің бауырларыңыз мына біз емес пе?!» – дейді. Сонда Алла Елшісі: «Сендер менің жанкешті сахабаларымсыңдар. Әзиз бауырларым, менің қазамнан кейін келеді. Мені көрмесе де иманға келеді, естімесе де айтқандарымды бұлжытпай орындайды. Әрі мені шын сүйеді. Мен де оларды жақсы көремін», – деген екен.

Міне, Пайғамбарды сағындырған осы бауырлары әр заманда болған. Бұл махаббаттың ұшқыны, сағыныштың сар самалы сахабаларды көрген табиғиндерге де жетті. Бірде Куфа қаласынан бір кісі келіп, сахаба Хузайфадан (Алла оған разы болсын): «Пайғамбарға дос болу бақытына кенелдіңдер. Оған деген құрметтерің қандай болды?» – деп сұрайды. Сахаба: «Құдай ақы! Барымызды салып қадірлейтін едік», – дейді. Сонда Пайғамбарымызға деген сағынышын баса алмай жүрген табиғин: «Алланың атымен ант етемін! Сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрак табанын жерге тигізбей, иығымызға көтеріп жүрер едік», – дейді. Иә, Хакім Абай айтпақшы «махаббаттың өтеуі – махаббат».

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің қазамнан кейін келетін үмметімнің маған деген сезімдері басқалардан ерекше ыстық болады. Тіпті мені бір сәт көру үшін барын беруге дайын болатындары да бар», – дейді (имам Мүслим).

Пайғамбарды ерекше сүйген сондай ерендердің бірі – күллі түркі жұртының қамын ойлаған, әлемге хазреті Сұлтан деп танылған Қожа Ахмет Яссауи да Әзиз Пайғамбарымызды жырына қосып былай дейді:

Он сегіз мың ғаламға сардар болған Мұхаммед

Отыз үш мың асхабқа бағдар болған Мұхаммед.

Қанағатқа қалыбы құрбан болған

Мұхаммед Жамағатқа жалыны нұрдан болған Мұхаммед...

 

«MUFTIYAT» баспасының «Ихсан рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру