Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

15 June 2024

9 Zýlhıjja 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

ПІРГЕ РАБЫТА ЖАСАУ ҚАНШАЛЫҚТЫ ДҰРЫС?

Хасан Аманқұл muftyat.kz 04.05.2023 12818 0 пікір
ПІРГЕ РАБЫТА ЖАСАУ ҚАНШАЛЫҚТЫ ДҰРЫС?

«Рабыта» сөзі қазақ тілінде «байланыс» деген ұғымды білдіреді. Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Сабырлық танытыңдар. Барынша сабырлы болуда табанды болыңдар. Бір-біріңе сүйеу болыңдар. Тақуалық аясында өмір сүріңдер. Міне, осылайша құтыласыңдар», – деп бұйырады («Әли Имран» сүресі, 200-аят). Аяттағы етістіктің бұйрық райындағы «рабыта» сөзі «бір-біріңе сүйеу болыңдар» деген мағынада қолданған.

Сопылық ілімінде рабыта деп мурид (шәкірт) зікір жасағанда қиялда өз шейхымен байлану, бейнесін көз алдына елестетіп, рухани қуаттану түсініледі.

Шейх Халид ан-Нақшбанди (Алла оны рақым етсін) «Мактубат» кітабына жазған кіріспесінде: «Адам баласы қандай да бір байланысты қажет етеді. Мысалы, ол мал-дүниесі, кәсібі, отбасы, достары және басқалармен қиялда байланады. Ал сопылық іліміндегі байланыс – жоғарыдағы дүниелік байланыстарды жүректен шығарып, оны белгілі бір шейхқа бұру және өзімен бірге деп, көз алдына елестету», – деп жазады. 

Адам баласы өзінің қалаған, жақсы көрген адамын ойлаған кезде, еріксіз түрде оның бейнесін көз алдына елестете бастайды. Бұл жағдайды хадистермен де дәлелдеуге болады. Әнас ибн Малик (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш рет Мәдинаға келген кезін еске алып: «Мен Алла елшісінің түйеге мініп келгенін, артына Әбу Бәкірді мінгестіріп алғанын және айналасында Бану Нәжжар қауымының шоғырланып тұрғанын әлі көз алдыма елестетемін», – деген (Бұхари). Амр ибн Харистің әкесі (Алла оған разы болсын): «Мен дәл қазір Алла елшісін көріп тұрғандаймын», – деп айтқан (Нәсаи).

Негізінде рабыта жасау үш кезеңде жүзеге асады. Яғни зікір бастаған кезде мүрид алдымен өлімді, қабірді және Қияметті көз алдына келтіріп рабыта жасауды бастайды. Өлімнің, қабір мен қияметтегі қиындықтарды, азапты және өзінің сондағы жай-күйін ойлайды. Бұл рабыта бір межеге жеткенде өзінің шейхымен рухани байланады. Кейін Алла елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көз алдына елестеді. Соңында Алла Тағаланы көріп тұрғандай сезініп, хузур (естіп, көріп, біліп тұру) рабытасына кіріседі. Бұл дәрежені «ихсан дәрежесі» деп те атайды.

Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Ихсан дәрежесі) – Алланы көріп тұрғаныңдай Оған ғибадат ету, егер Оны көріп тұрғандай сезінбесең, онда Ол мені көріп тұр ғой, деп ойлау», – деп түсіндіреді (Бұхари).

Мұнда айтылған өлім рабытасы мен хузур рабытасы жайында сопылар арасында келіспеушілік орын алмаған. Бірақ шейхқа рухани байлану туралы пікірталастар осы күнге дейін тоқтаған жоқ. Кейбіреулері оны дұрыс деп санаса, басқалары шариғатқа қайшы деп бағалайды. Кейбір ғалымдар, рабытаны уасилә (жол, тәсіл, құрал) етудің бір түрі, сол арқылы пенде Алла Тағалаға жақын болуға жол табады деп түсіндіреді.

Фиқһ қағидаларының бірінде: «Уәсиләның үкімі оның мақсатына қарай белгіленеді», – делінген. Яғни мурид (сопы) рабытаны Алла Тағалаға жақындай түсудің бір тәсілі (уәсиләсі) ретінде қолданса, онда ол осы мақсаттың үкімін алады. Демек мақсаты дұрыс болғаны үшін оған жету (уәсилә) жолы да дұрыс болып саналады.

Сопылық ілімінің көрнекті шейхы, Ханафи мәзһабының өкілі Мұхаммед Хаққи ан-Назилли (1884 жылы қайтыс болған) өзінің «Хазинату әл-асрар әл-кубра уә жәлиләту әл-азкар» кітабында: «Алламен бірге бол! Алламен бірге бола алмасаң, онда Алламен бірге болатын кісілермен бірге бол! Себебі онымен болсаң, ол сені Аллаға жеткізеді», – деген. Тағы бір мәтінде: «Адамдар арасындағы шейх – үмбеттің ішіндегі пайғамбар іспетті», – деп келтіреді («Хазинатул асрар әл-кубра уә жәлилатул азкар», Мұхаммед Хаққи ан-Назилли, 227 б.).

Сопылар шейхқа рабыта жасаудың шариғатқа қайшы еместігіне дәлел ретінде мына аятты келтіреді: «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар (тақуа болыңдар). Оған уәсилә (жақындай түсудің жолын) іздеңдер және Оның жолында аянбай күресіңдер. Сонда (екі дүниеде де) мақсат-мұраттарыңа жетесіңдер» («Маида» сүресі, 35-аят). Олар шейхқа рабыта жасауды Аллаға жетудің бір уәсиләсі (дәнекер байланысы, тәсілі, жолы) деп есептейді. Алайда ешбір тәпсірші ғалым аяттағы «уәсилә» сөзін «шейхқа рабыта жасау» деп түсіндірмеген.

Бұл мәселеде зор ыждағат көрсеткен нақшбанди тариқатының өкілдері Қожа (Ұбайдулла) Ахрар Уалидің (Алла оны рақымына алсын) сөзін мысал ретінде келтіреді. Ол кісі мына аяттың мағынасын түсіндіру барысында шейхқа рабыта жасаудың хақ екенін былайша жеткізеді: «Уа, иман келтіргендер! Аллаға тиісінше тағзым етіңдер әрі Оған қарсы келуден барынша сақтаныңдар, сондай-ақ (ісі де, сөзі де түзу, Аллаға берген уәдесіне берік) шыншылдармен бірге болыңдар!» («Тәубе» сүресі, 119-аят ). 

Алайда «Рашахат айнул хаят» кітабында «шыншыл жандармен бірге болудың» екі түрге бөлінетіні туралы айтылған: бірі – олардың сұхбатына қатысу, екіншісі – олармен әрқашан рухани байланыста болу. Шейхтың суретін көз алдына еселестетіп зікір ету туралы айтылмаған (Тасаввуф хақида тасаввур, шейх Мухаммад Садық Мухаммад Юсуф, 181-182 б.).

Қадири тариқатына негіз салған шейх, Ханбали және Шафиғи мәзһабының өкілі Абдулқадир Жәйләни (1078-1166 жылдар): «Біздің жолымыз Құран және сүннетке құрылған. Кім осыған қарсы болса, ол бізден емес», сондай-ақ «Шариғатсыз айғақталған кез келген ақиқат – дінбұзарлық. Құран және сүннетті екі қанат етіп Алла Тағалаға ұмтыл. Алла елшісінің қолынан ұстап, Алланың құзырына кір. Парыз етілген ғибадаттарды тәрк ету – дінбұзарлық, ал тыйым салынған істерді істеу – күнә», – деген (Әл-фатх ар-раббәни уә әл-файд ар-рахмани, Абдулқадир әл-Жәйләни, Заһаран баспасы, 1958 жыл, 44-мәжіліс, 181-бет).

Белгілі ғалым, Малики мәзһабының өкілі Әбу Исхақ аш-Шатыби (1388 жылы қайтыс болған): «Көптеген білімсіз адамдар сопылықты, шариғатта келмеген нәрсені ұстанып, оп-оңай еріп кете беру деп біледі. Әрине, олай емес.  Сопылардың жолы ең алдымен, сүннетке еру және оған қайшы келген нәрселерден сақтануға негізделген», – деп түсіндірген (Әл-иғтисам, Әбу Исхақ аш-Шатыби, «Сағадат» баспаханасы, Мысыр, І том, 89-бет).

Нақшбанди-мужаддиди тариқатының көрнекті өкілі, Шафиғи мәзһабының ғалымы Халид ибн Ахмад ибн Хусейн ан-Нақшбанди (1779-1826 жылдар): «Рабыта – Құран мен сүннетті толық ұстанғаннан кейінгі Аллаға жетудің үлкен себептің бірі», – деп айтқан (Әр-рисалә әл-халидия фи ат-тариқат ан-нақшбандия, Халид әл-Бағдади, 25-бет).

Түйіндеп айтқанда, Алла Тағаланың аса мейірімді, күнәларды кешіруші, білуші, қаһарлы секілді көркем есімдерін ойлап, Онымен байлануға, сондай-ақ өлімді, қабірді, Қияметті және сол кездегі қиындықтарды, есеп беруді көз алдына елестетіп рабыта жасауға шариғат қарсы емес.

Дегенмен рабыта жасаған кезде мына шарттарға назар аударған дұрыс:
  1. Ниетін түзеу, яғни Алла Тағаланың разылығына жету, шын тәубе ету мақсатында жүрегін артық ой-қиялдардан тазарту;
  2. Ұстанатын сопылық жолы мен рабыта жасау әдісі Құран және сүннетке негізделген болу;
  3. Рабыта жасауды арнайы бір ғибадат деп танымау, оны жақсылыққа, рухани тазаруға жетелейтін құрал деп білу;
  4. Рабыта жасау себебімен бес уақыт намаз, отбасы ақысы, туыстық қатынас және басқа да парыз және уәжіп істерінен бөлек сүннет амалдарын да қалдырмау;
  5. Рабыта мұстахаб (ерікті іс) болғандықтан, өзге адамнан оның орындауын міндеттеп, талап етпеу.
Ал шейхқа (пірге) рабыта жасайтын болса, қосымша мына шарттарды да есепке алуды ұмытпау керек:
  1. Рухани байланысқа (рабытаға) түсетін шейхтың (пірдің) халі мен ахлағы Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) халі мен ахлағына ұқсас болуы, рухани кемел адам болуы.
  2. Әһлі сүннет уәл жамағат ақидасына қайшы іс-әрекет жасамау. Мысалы, шейхқа рабыта жасағанда оны құдай немесе пайғамбар деп санамау, мұсылман ғалымдарының бірауызды келісімі (ижмағ) болмаса, оны Мәһди немесе Иса деп есептемеу, шейхтың суретін немесе мүсінін қолданбау және басқалар.

Дегенмен шейхты асыра ұлықтап немесе суретіне қарап, онымен рухани байланыс жасау иманы әлсіз адамды ширкке (Аллаға серік қосуға) алып баруы әбден мүмкін. Сондықтан діни сенімде адасып кетпеу үшін барынша шейхқа рабыта жасаудан сақтанған дұрыс. 

Алла Тағала баршамызға Өзін көріп тұрғандай құлшылық етуді немесе өзімізді әрдайым Алланың бақылауында екенімізді сезініп ғибадат етуді нәсіп еткей!

 

Хасан АМАНҚҰЛ,

ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі

«Мұнара» газеті, №8, 2023 жыл  

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру