Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ХАБАШИТТЕР

ҚМДБ Діни оңалту бөлімі muftyat.kz 08.04.2023 2217 0 пікір
ХАБАШИТТЕР

«Хабашия» жамағатының негізін қалаған – эфиопиялық Абдулла Һарари Хабаши (1910-2008). Ол 1950 жылы Ливанға қоныс аударып, сонда өзінің діни ұстанымын тарата бастайды. Оның неохарижиттік (уаһабилік) қозғалыстарға қарсы көзқарастары жұртшылықтың қызығушылығын тудырып, аз уақыттың ішінде жақтаушыларының саны күрт өседі. 1983 жылы «Ислами қайырымдылық жобалар қауымдастығы» («The Association of Islamic Charitable Projects») атты діни ұйым құрады.

Абдулла Һараридің уаһабилік ілімін терістейтін және ислам дініне қатысты көптеген еңбектері бар. Атап айтқанда, «Насиха әт-тулләб», «Ас-сират әл-мустақим фит-таухид», «Аддалил әл-кауим алә ас-сират әл- мустақим фи ат-таухид», «Шарх әлфия ас-суюти фи мұсталах әл-хадис», «Ат-тағаққуб әл-хасис алә ман тағана фи ма сахха мин әл-хадис», «Буғят ат-талиб ли мағрифат әл-илм ад-дини әл-уәжиб» және басқалар.

Хабашилер өздерін сүнниттік бағытындағы ашғари сенім мектебі мен шафиғи мәзһабын, ал сопылық ілімі бойынша рифағи мен қадари жолын ұстанатындығын айтады. Бірақ, сенім мәселесінде Хабаши ұстанымдары әшғари ақидасымен үйлесе бермейді. Мысалы, хабашилер Ибн Тәймия, Ибн Қайим, Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб, Сайд Құтыптың жолын ұстанушыларымен қатар, осы заманның белгілі ғалымдары Мутәуәлли Шағрауи, Юсуф Қардауи, Рамазан Бутиді де күпірлікте айыптаған, Жамал және Сиффин соғыстарында Айша (Алла оған разы болсын) анамыз және өзге де сахабаларды әзіреті Алиге (Алла оған разы болсын) қарсы келгені үшін пасықтықта кінәлаған.

Хабашилер мүтәшабиһ (астарлы мағынадағы) Құранның аяттарын заһири (сыртқы) мағынасымен аударып түсінушілерге қатысты, сондай-ақ псевдосәләфилік бағыттағы ағымдар, «мұсылман бауырлар», «мұсылман жамағаты», «хизбут-тахрир», «тәкфир және һижра» секілді радикалдық сипаттағы ағым- дарға «тәкфир» (діннен шықты деп айыптау) үкімін жариялаған. Сонымен қатар олардың лоторея ойыны, өзге дін өкілдерінің мүлкіне қол сұғу, қағаз ақшаның зекеті сынды заманауи мәселелер бойынша шығарған пәтуалары көпшілік ғалымдар тарапынан сынға ұшыраған.

Абдулла Һарари қайтыс болған соң жамағат ісін оның ізбасары Низар Халәби жалғастырады. Бұл кісінің белсенділігімен хабаши идеологиясы Ливан, Мысыр, Иордания, Сирия секілді араб елдеріне кең таралады. Тіпті, АҚШ, Канада, Австралия және Азия мен Еуропа елдерінде ерекше қарқын алады. Қазақстанда да оның жақтаушылары жоқ емес.

Араб елдерінде хабаши жамағатының көсемдері ретінде Ахмад Бейрути, Мұстафа Ғалайини, Низар Халаби және Хисамуддин Қарақира секілді азаматтарды атап өтуге болады. Сол секілді Украина мүфтиі Ахмет Тәмим де хабаши ретінде танылған.

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру