Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

28 March 2024

18 Ramazan 1445 Хижра

  DINI MEREKELER

ПАЙҒАМБАРДЫҢ ӘЙЕЛ ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ ӘДІСІ

Алтынбек Ұтысханұлы muftyat.kz 21.10.2021 30802 0 пікір
ПАЙҒАМБАРДЫҢ ӘЙЕЛ ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ ӘДІСІ

Әйел – ер-азаматқа берілген аманат. Демек оның тәрбиесі де – аманат. Күйеуіне арқа сүйеу, оны ұстазы ретінде үлгі тұтып, тәлім алу, қамыққанда қамқорын сезіну, қуанғанда қолдауын күту – жаны нәзік әйел табиғатына тән көріністер. Әйелінің құлшылығына көмектесу, оны ізгі амалға тәрбиелеу, білмегенін үйрету – ер-азаматтың мойнындағы асыл міндеттің бірі.

Әйел тәрбиесіненемқұрайлықарау – отбасындағы келеңсіз оқиғалардың пайда болуына әкеп соғатан фактордың бірі. Осы ретте екі дүние сәруары, Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйел тәрбиелеудегі әдісі жайлы аз-кем ой бөлісуді жөн көріп отырмыз. 

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайын парыз амалдардан бөлек қосымша құлшылықтарға баулитын. Ол отбасын қасиетті Рамазан айында көбірек сауап алуға үндеп, түнгі намазға оятатын. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай деген: «Пайғамбар Рамазан айының соңғы он күні келген сәтте белін бекем буып, түндерін намаз оқумен өткізетін және отбасын намазға оятатын».

Адам жанын емдеуде «айтпа – көрсет, үндеме – үйрет» деген жақсы тәсіл бар. Өзің істемеген істі айналаңнан талап ету – өте сәтсіз әдіс әрі әділетсіз қадам. Осы тұрғыдан келгенде «айтпа – көрсет» деген психологиялық әсер ету әдісі сәтті қадамның бірі болары анық. Ардақты Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әуелі өзі амал етіп, одан кейін отбасын құлшылық жасауға шақыратын.

Халқымыздың көрнекті жазушыларының бірі Ғабит Мүсіреповтің: «Қазақтың білетіні аз емес – істей білетіні аз. Бір қазақ ең кемі екі ақыл айтып кетеді. Өз қара басы сол екі ақылдың біреуін орындап жүрген болса, әлдеқашан адам болып кетер еді» деген сөзінде жан бар. Отбасымызға әуелі өзіміз үйретіп, үлгі көрсетпесек, қалайша оларға кінә артамыз? Бұйрық раймен үн қатып, мәжбүрлеген түрде бір амалға итермелеген бұл ісіміз болашақта баянды болмайды.

Құлшылықта ықыласты болу – өте маңызды мәселе. Ықыласпен жасалмаған іс адамға әрқашан қиындық туғызады. Хадис шарифте: «...Алла Тағала тек шынайы ықыласпен және Оның разылығы үшін жасалған амалды ғана қабыл етеді» делінген. Отбасымызға осының маңызын даналықпен, көркем мінезбен жеткізсек, Алланың қалауымен кез келген істің орындалуы жеңілдейді.

Адам жанын тәрбиелеуде оның қолымен сауапты амалдар жасау – тиімді тәсілдердің бірі. Хақ елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) даналыққа негізделген тәрбиесінде осы әдіс көрініс тапқан. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) мына бір оқиғаны баяндайды: «Бірде бір кісі үйге садақа сұрап келді. Үйде Алла елшісі болды. Мен одан күте тұруын сұрадым да беретін нәрсені есептеуге кірістім. Сонда Алла елшісі: «Сен үйіңе кірген-шыққан нәрсені тек өзің біліп жүргенді қалайсың ба?» деді. Мен «Иә» деп жауап бердім. Сонда ол: «Әй, байқа Айша! Есептеме, Алла да саған есептеп бермесін» деді».

Бұл оқиғадан алатын сабақ мынадай: беретін садақаның мөлшерін, үйде қалатын нәрсенің көлемін есептемеу, Алланың бізге берген нығметінің есебі жоқ екенін білу, мүмкіндігіне қарай садақаны көбірек беру, т.б.

Біз көп жағдайда кез келген нәрсенің өзімізге көбірек қалғанын қалаймыз. Ризығымыздың азайып қалуынан қорқамыз, мал-дәулетіміз кеміп қала ма деп уайымдаймыз. Асылында Алла Тағала садақасын есептемей берген пендесін ойламаған жерден ризыққа, нығмет пен игілікке бөлейді екен.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әйелін садақаның көп бөлігін өзгелерге беріп, аз бөлігін өзіне қалдыруға үйрететін. Осы ретте мына оқиғаны баяндап кеткені абзал. Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасы қой сойып, оның етін садақа ретінде таратады. Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қойдың қанша бөлігі қалды?» деп сұрағанда Айша анамыз (оған Алла разы болсын):«Қойдың бір қолынан басқа ештеңе қалмады» деп жауап береді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қойдың бір қолынан басқасының бәрі қалды» деген өсиетін жеткізеді.

Осы оқиғадан алатын сабақ мынадай: садақа ретінде таратылған еттің барлығы Пайғамбар отбасында қалды. Үйде қалған ет өзімізге тиесілі емес деген сөз. Асылында жағдайы бар әр адам садақа беруге мұқтаж. Өйткені күллі мүлік – Аллаға тән. Алланың адам баласына берген байлық-несібесінде кедейдің ақысы бар. Сол ақыны әйелдің қолымен беру – тәрбие тетігінің бірі.

Әйел – нәзік жаратылыс. Сол үшін оған жұмсақ қарым-қатынас жасау қажет. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайына көркем мінезбен насихат айтып, оларды да жұмсақ болуға шақыратын. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әй, Айша! Алладан қорық және жұмсақ бол! Анығында жұмсақтық бір нәрсеге араласса, оны әшекейлендіреді. Егер бір нәрседен (жұмсақтық) алынатын болса, оған сызат түсіреді» деп ескертетін. Тағы бір хадис-шарифтерде: «Әй, Айша! Жұмсақ бол! Қатыгез немесе дөрекі болма. Әй, Айша! Үндеме. Анығында, Алла ұятсыздық пен әдепсіздікті әсте жақсы көрмейді» делінген.

Расында, жұмсақтық – әйелдің тұлғасын әшекейлендіріп, көркіне көрік қосатын сипат. Мінезі жұмсақ әйелдің күйеуінің алдында сүйкімі артып, сүйіспеншілігіне ие болады.

Алла Тағала баршамызды айналамызға, отбасымызға жұмсақ мінез танытқан, көркем насихат айтып, көп сауапқа ие болған пенделерінен еткей. Өзара сүйіспеншілігі артқан, өнегелі өмір сүруге ұмтылған отбасылардан еткей. Раббымыз әуелі өзімізді түзеп, одан кейін отбасы мен қоғамды ізгілікке үндейтін құлдарының қатарына қосқай. Әмин!   

 

Алтынбек ҰТЫСХАНҰЛЫ,

Атырау облысының бас имамы

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру