Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

СҮННЕТКЕ САЙ БАЛА ТӘРБИЕСІ

Өмірзақ қажы ҚАЗКЕНҰЛЫ muftyat.kz 03.06.2021 20780 0 пікір
СҮННЕТКЕ САЙ БАЛА ТӘРБИЕСІ

Соңғы кездері әлеуметтік желіде баласын ұрып-соққан, ұл мен қыздың көз жасын көлдей етіп әкесінен айырған оқиғалар жиі жарияланып кетті. Көрудің өзі қорқынышты. Жүрегің ауырады. Бұл – бала психологиясына жасалған үлкен соққы. Қаншама адам Құдайдан перзент сұрап, дұға етуде. Ал Алланың берген нығметіне шүкір етпей, оны қатыгездікпен ұрып-соғуды шүкірі аз адамның әрекеті деп айтар едім.

Баласын тепкілеп, тәрбие бергісі келген азаматтың араққа салынып кеткені туралы айтылып та, жазылып жатыр. Өкінішке қарай арақ деген әзәзіл қаншама отбасының шаңырағын шайқалтып, қаншама адамның тағдырына теріс әсер етуде...

Осы ретте баланы жазасыз тәрбиелеудің өнегелі үлгісін көрсетіп кеткен ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оқиғасы еске түсіп отыр. Бірде бір кісі бақшасында өсіп тұрған құрмасына тас лақтырған баланы Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алып келді. Құрма иесі шағымын айтып, қабағы қатулы күйде баланы қалай жазалау қажеттігін сұрайды. Сонда Алла елшісі жайдары жүзбен, күлімдеген кейіпте: «Балапаным, құрма ағашына неге тас лақтырдың?» деп сұрайды. Сонда әлгі бала: «Қарным қатты ашты. Құрма жегім келді» деп жауап береді. Жер бетіне мейірімділікті жаю үшін түсірілген Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) балаға: «Жерге түскенін жей ғой, бірақ енді құрмаларға тас лақтырма, жарай ма?» деді. Содан кейін баланың басынан сипап, оған былай деп дұға жасады: «Уа, Алла Тағалам! Бұл баланың қарнын тойдыра гөр!»

Біз осы оқиғадан бірнеше сабақ аламыз. Біріншісі – жұмсақтық. Бала ата-анасынан жылулық сезінбейінше, оның бойында мейірім-махаббат оянбайды. Қателігін бетіне басу – орынсыз. Өз қателігін өзі түсініп, көз жеткізуі ләзім. Бұрыс басқан қадамынан сабақ алған ол саналы түрде ендігәрі жат қылықты қайталамауға тырысады.

Мінезі қырсық баланы таяқпен түзеймін деу – әурешілдік. Кейде балаға қатты мінез көрсеткенде мәселенің себебін айтпай, тілін жұтқан адамдай үнсіз қалады. Өйткені себебін айтса тағы да айқайлап ұрсатынын сезеді. Ардақты Пайғамбар балаға «балапаным» деп тіл қату арқылы оның жүрегіне жылулық сыйлады. Бір хабарларда ол баланы қасына жақындатып, яғни бауырына жақын тартып, ерекше жылы сөзін арнағаны айтылады.   

Екіншісі – мәселенің себебін сұрау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жылы сөзбен не үшін құрма ағашына тиіскенін біліп, мәселенің анық-қанығына көз жеткізді. Сондықтан ұл-қыздарымызға бірден жекімей, не үшін ондай қадамға барғанын жылы сөзбен білгеніміз абзал. Сонда ол іштегі сыры мен мәселесі жайлы ағынан жарылып, ақтарыла сөйлейді.

Үшіншісі – балаға балама жол көрсету. Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жерге түскенін жей ғой, бірақ енді құрмаларға тас лақтырма, жарай ма?» деді. Қабырғаны сызу, үй заттарын сындыру т.б жайттар – балалы үйде болатын және күнде қайталанып тұратын табиғи құбылыс. Қабырғаны сызбау үшін басқа нәрсені балама ретінде балаға ұсынған дұрыс. Оны сызу-бүлдіруден тыю – дамуын тежеу деген сөз.

Төртіншісі – балаға дұға жасау. Игі ұрпақты, құлшылығы мен тіршілігі үйлескен үлгілі баланы Алладан тілеу – әр мұсылманның міндеті. Өйткені қайырлы ұрпақты пайғамбарлар да Жаратушыдан сұраған. «Бала бер, бала берсең сана бер. Сана бермесең ала бер» деген қанатты сөз – қайырлы ұрпақ тілеуден туған ниет. Дұға – мұсылманның қорғаны. Қасиетті хадис-шарифте айтылғандай, әр пендеге ниет еткен нәрсесі беріледі. «Жақсы сөз – жарым ырыс». 

Расында бала тәрбиесімен жүйелі түрде айналысу қажет. Балаға уақыт арнау оның тәрбесін жүйелі қадағалауға мүмкіндік береді.

Бала болған соң, бұзықтық жасайды, босаңсиды, теледидардан көргенін қайталайды. Бұл – бүлдіршінге тән табиғи құбылыс. Сондықтан оған ұдайы көңіл бөлген абзал. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Балаға бір рет көңіл көліп, тәрбие беру – бір сағ (бір сағ – 2120 граммға тең) көлемінде садақа бергеннен де жақсы», – деген.

Халқымыз қашан да ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағына үлкен жауапкершілікпен қараған. Әсіресе жас жеткіншектеріміздің ерте бастан, тіпті жөргегінде-ақ үлкен азамат болып қалыптасуына қам жасап, жол көрсете білген. Осы ретте Хәкім Абайдың: «Баланың жақсы болмағы бірінші – ата-анасынан, екінші – ұстазынан, үшінші – құрбысынан», – дегенін ескерсек, еркін ойлы, асқақ рухты, білімді де тәрбиелі, бәсекеге қабілетті, ұлтжанды ұрпақ тәрбилеуде аталған үш негіздің маңыздылығын көреміз. Тәрбиелі бала ең бірінші тәрбиелі ата-анадан шығады. Кейде замандастарымыз «қиын бала» деген қайдан шығады осы деген сауал қойып жатады. Оның жауабы жоғарыда айтылғандай, қатыгез бала қатыгез ата-анадан шығады.  

Адамзаттың екінші ұстазы ретінде мойындалған бабамыз, ғұлама-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі», – деген сөзі әрбір тәлімгер мен білім берушінің жүрегінде жазылып тұратын сөз. Мұндағы тәрбие деген сөзден үлкен-үлкен ұғымдарды аңғаруға болады. Яғни, тәрбие дегенде біз адамгершілік пен әдептілік, ар мен намыс, ұят пен ождан, ізгілік пен қайырымдылық, төзімділік пен сабырлылық сынды жақсы қасиеттерді түсінеміз.

Хадисте: «Әр қайсыларың бақташысыңдар және (барлықтарың) қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар. Ел билеуші бір бақташы және қоластындағылары (халқы) үшін жауапты. Ер адам отбасының бақташысы және солар үшін жауапты. Әйел ерінің шаңырағы мен бала-шағасының бақташысы және сол үшін жауапты. Қызметші де қожайынының дүние-мүлкінің бақташысы және сол үшін жауапты. Қысқасы әрқайсыларың бақташысыңдар және қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар» делінген.

Алланың елшісі: «Балаға әкенің берер ең жақсы сыйы – тәрбие», - деген екен. Ендеше, ұрпағымызға ең жақсы сыйымызды беруде табандылық пен тұрақтылық танытайық. 

 

Өмірзақ қажы ҚАЗКЕНҰЛЫ,

Қарағанды облысының бас имамы

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру