Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ОРАЗАНЫҢ СЫРЫ

Гүлмира СҮЛЕЙМЕНОВА muftyat.kz 23.04.2022 5536 0 пікір
ОРАЗАНЫҢ СЫРЫ

Он екі айдың сұлтаны болған Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай. Рамазан айында ораза ұстау – мұсылманға міндеттелген парыз амалдардың бірі.

Құранның «Хаққа» сүресінің 24-аятында: «Өткен күндерде атқарып, осы жерге жолдаған игі де сауапты амалдарыңның қарымы ретінде тәбетпен ішіңдер, жеңдер, ас болсын!» – деп айтылған. Бұл аятта пәни дүниеде пайдалы да сауапты амал жасап, ақыретте ізгілігінің сыйын үміт ететіндер жайлы айтып тұр.

Ибн Аббастың (Алла оған разы болсын) шәкірті Мұжахид (Алла оған разы болсын): «Аят ораза тұтушылар хақында түскен. Олар Алла разылығын көздеп, Жаратқанның сыйын үміт етіп ас пен судан, ерлі-зайыптылық рақаттан тыйылғандар», – деп тәпсірлейді. Алланың разылығын ниет етіп бір нәрседен тыйылған кісіге, әлдеқайда жақсы нығмет берілетіні ақиқат.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәннатта ораза тұтқандарға арналған қақпа бар. Ол – Раййан деп аталады. Одан ораза тұтқандардан басқа ешкім кірмейді. Ең соңғы ораза ұстаған адам кірген соң қақпа жабылады. Ол қақпадан кірген жанға сусын беріледі. Сол сусынды ішкен адам мәңгілікке шөлдеу дегенді ұмытады», – дейді. Міне, бұл аятта оразаның маңызы айтылуда. Сонымен қатар осы құлшылықты орындағандарға берілетін Алланың сыйы баяндалуда. Ал мына хадисте: «Жәннатта сарайлар бар. Әсемдігінен сыртынан іші, ішінен сырты көрінеді. Алла бұл сарайларды жұртты тамақтандырған, сөзі жұмсақ болған және оразасын тұтқан әрі адамдар ұйқыда жатқанда намаз оқыған құлдарына әзірлеп қойды», – делінген (Ахмад). Ораза – ықыласпен байланған, көзбояушылық кіре алмайтын жалғыз құлшылық. Хадисте төрт амал айтылуда: дастарқан жайып дәм беру, дөрекіліктен сақтанып әр сөзінде жұмсақ болу, оразасына берік болу және түнде намаз оқу.

Яқұб бин Юсуф (Алла оған разы болсын): «Алла Қиямет күні сүйікті құлдарына: «Уа, достарым! Жалған дүниеде еріндерің қабарып, әлсіредіңдер. Бүгін нығметтеріңді еселеп алыңдар», – деп айтады дегенді ұстаздарымыздан естідік», – дейді. Ораза тұтқан адам періште табиғатына енеді. Ондай мұсылман періште сияқты тамақ жемейтін, сусын ішпейтін күйде құлшылық етеді. Сондай-ақ он екі мүшесімен күнә атауынан аулақ болғандықтан, күнәні ойламайтын періштелердей болмақ. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза тұтқан кісінің ауызашар сәтінде кері қайтарылмайтын бір дұғасы болады», - деген (Ибн Мәжа). Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөзіне ерекше мән беріп, ауызашар уақыты таяғанда ізгі тілектерді сұраған жөн екенін аңғаруға болады. Сондай-ақ жоғарыдағы хадисті мына риуаят қуаттай түседі: «Үш кісінің дұғасы кері қайтарылмайды: әділ басшының, ораза тұтқан адамның ауызашар кезіндегі дұғасы және жәбір көрген жанның наласы...».

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбарак сөздерін жаттауға өмірін арнаған сахабаның оразасы жайлы айтып өтсек. Әбу Хурайра (Алла оған разы болсын) және оның жолдастары ораза тұтып, мешітте отырып: «Оразамызды таза ұстайық», – дейді екен. Олар оразаның қасиетін кетіретін, сауабын азайтатын қажетсіз сөзден, артық әңгімеден сақтанатын. Себебі хадисте «Кімде кім жаман сөзі мен ісін доғармаса, оның тамақ пен сусыннан тыйылғанының Аллаға ешбір қажеті жоқ» (Бұхари) делінген. Бұл хадисті Әбу Хурайраның өзі риуаят еткен. Ол ораза жайлы былай деп еске алады: «Он бес түйір құрмам бар екен. Бесеуімен аузымды аштым. Сәресіде бесеуін жедім. Қалған бесеуін ауызашарға алып қалдым».

Сахабалар бізге үлгі-өнеге. Демек ораза тоңазытқышты толтырып қойып, тұтылмайды. Ораза ұстау үшін Аллаға сенім қажет. Оразада аз тамақтануды әдетке айналдырған жақсы. Бұл түнде құлшылық етуге мүмкіндік береді. Ал ауызашар дастарқанынан тойып тұрған адамның бойын жалқаулық пен ұйқы басады. Әбу Хурайраның түнгі құлшылығы ерекше еді. Ол отбасымен түнді үшке бөліп алатын. Алғашқы бөлігінде өзі ғибадат ететін. Екінші бөлігі кіргенде жұбайын оятатын. Соңғы бөлігі кіргенде қызын намазға тұрғызатын. Осылайша ұлық сахабаның шаңырағында түні бойы құлшылық үзілмейтін. Ең бастысы түнгі намаз тек Рамазан айымен шектелмейтін. Жыл он екі ай осылай ғибадат ететін.

Демек оразаның сыры – нәпсіні тәрбиелеу әрі мінезді түзету, көркем мінезде мінсіздікке ұмтылу. Сондықтан да ораза – асыл дініміздің негізі болып табылатын бес парыздың бірі. Ораза жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сабыр мектебі екені хақ.

 

Гүлмира СҮЛЕЙМЕНОВА,

Әйел-қыздар секторының

Алматы қаласындағы жетекшісі

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру