Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

Qazіr

16 July 2024

10 Muharram 1446 Хижра

  DINI MEREKELER

ІЗГІ ҚОҒАМ – АДАМЗАТТЫҢ ҒАСЫРЛЫҚ АРМАНЫ

Руслан Байзақов muftyat.kz 21.02.2023 2537 0 пікір
ІЗГІ ҚОҒАМ – АДАМЗАТТЫҢ ҒАСЫРЛЫҚ АРМАНЫ

Ислам діні әрбір адамды басқаларға зиян тигізбеуге, керісінше қоғамға пайдалы болуға үндейді.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «(Уа, мүміндер!) Араларыңда (ел-жұртты) ізгілікке шақырып, жақсылықты бұйыратын һәм жамандықтан тыятын бір қауым болсын. Міне, солар (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер» («Әли-Имран» сүресі, 104-аят) деп баяндайды. Осы аятқа қатысты тәпсір жазған ғалымдарымыздың айтуынша, жақсылықты жақтап, жамандыққа қарсы тұру – ауыр іс болса да қадірлі, жауапкершілігі мол парыз амал. Өйткені өзі дәріптеп отырған абзал қасиеттер әуелі айтушының өз бойында болуы тиіс. Яғни сол ізгі амалдарды өзі жасауы керек. Осы мәселенің астарында жатқан терең мағынаны Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде баяндайды. Жұртты жақсылыққа шақырып жүрген бір пендені тозақтан көргендер таңғала сұрайды: «Уа, пәленше! Саған не болған, фәни дүниеде елді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыймаушы ма едің?». Сонда әлгі пақыр пенде: «Мен сендерді жақсылыққа шақырдым, бірақ оны өзім жасамадым, сендерді жамандықтан тыйдым, бірақ сол озбырлықтан өзімді тыя алмадым» деп жауап берген екен.

Ізгілікке шақырушы топтың өзі ең әуелі жақсыны – жаманнан, дұрысты – бұрыстан, хақты – жалғаннан, күмәнді – батыл сенімнен анық айыра білуі керек. Әйтпесе, Исламға шақырамын деп жүріп адамдарды одан бездіріп алуы мүмкін. Жақсылыққа үндеймін деп жүріп, абайламай жамандыққа шақыруы да мүмкін. Өзінің білместігінің салдарынан жұмсақ мінез көрсететін жерде дөрекілік танытуы, табандылық танытатын жерде жігерсіздік көрсетуі де мүмкін. Кейбіреулерге жаға бермейтін шындықты тәтті тілмен, жылы-жылы сөздермен, көркем бір әдеппен жеткізген тиімді. Адамдардың көңілін қалдырудан, айнала ортаға бүлік салудан аса сақ болуы тиіс. Алла Тағала Құран Кәрімде Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жамандықтың өзін ең көркем түрде жолға салуды әмір еткен. Осындай жағдайда ғана дұшпан болған пенделердің өзі дос адамдарға айналатынын айтқан.

Мүбәрак хадистердің бірінде мұсылмандардың құдайшылық қасиеттерінің бірін былай деп баяндалған: «Нағыз мұсылман басқа мұсылманға қолымен де, тілімен де зиянын тигізбеген адам». Пайғамбарлар сұлтаны Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің күллі адамзат әлеміндегі миссиясын «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» деп түйіндепті. Әділет, мейірім, жақсылық жасау, жамандықтан қайту және жақындарды жамандықтан қайтару, әркімді өз орнына қою т.б. ізгі қасиеттер қанат жаймаған өлкеде материалдық тұрғыда қанша қарыштаса да ізгі қоғам құрылмайтыны анық.

Ізгі қоғам құру – адамзат баласының ғасырлық арманы, қол созған асқары, ұмтылған межесі. Құндылық ауысқан сайын ізгіліктің де категориясы толығып отыратынын ескерсек, адамзаттың ізгі қоғамға деген ұмтылысы мәңгілік таусылмас тақырып екенін аңғарамыз.

Қоғамның ізгілікке ұмтылуы адамның ізгі істерінен басталса керек. Исламдағы «Жақсылыққа үндеп, жамандықтан қайтару» мәселесінің де бір хикметі қоғамның ізгі болуындағы жеке тұлғаның жауапкершілігін сезіндіру екені анық. Қазақ мұсылманшылығында да қоғамның ізгілігін адамның ізгілігінен іздестіреді.

Шәкәрім қажы өзінің өлең жолдарында:

«Біреудің мінін көргенше,

Жамандығын тергенше,

Өз ойыңды мазалап,

Өз бойыңды тазалап,

Өзіңмен алыс өлгенше» дейді. Яғни, қоғамдық ізгілікті күту үшін адам өз жан-дүниесін, ішкі мәдениетін жоғарылату керектігін айтады.

Яссауидің ілімінен Абайдың «толық адамына» дейінгі ұлттық дүниетаным тарихындағы теориялық ізденістерден де ізгі қоғамға деген талпынысты байқаймыз.

«Толық адамды» қоғамдағы үлгілі тұлға деп алсақ, онда ең әуелгі орында Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мен хазреті Әли тұруы тиіс» деп санайды ирандық ғалым М.Мутаххари. Ғалым ойын былай жеткізеді: «Толық адам – үлгілі, еңселі және мінсіз тұлға», яғни адамның барлығы толық бола алмайды, оның ішінде кемелі және кемел емесі, мінсіз және мінсіз емесі, тіпті, мінсіздің өзі мінсіз-толық және мінсіз-толық емесі болады. Сондай-ақ Мутаххари жетілген адам алдымен «тәмам адам» (жетілген) сатысына жетіп, одан кейін толысып, кемелденіп, «толық адам» сатысына көтерілетінін айтады. Ислам діні тұрғысынан зерделейтін болсақ, адам Ислам дінін түсінбей, үздіксіз білімге қол жеткізбей, ғылыми ізденістер жасамай, ислами тәрбие алмай, яғни рухани тұрғыдан өспей кемелденіп, толық адам бола амайды. 

Қазақ халқы: «Отан отбасынан басталады» дейді. Әр адам жеке дамып, тұлға деңгейіне жететін болса, біздің қоғам ізгі қоғам болары анық. Бір ауыз сөзбен айтқанда, ізгі қоғам құру – бабаларымыздың сан ғасырлық арманы. Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының 2023 жылды дін қызметкерлері үшін «Ислам және ізгі қоғам» деп жариялауы ата-бабалар аңсаған арманды орындауға бағытталған қадам деп түсінеміз. Алла Тағала игі бастаманы баянды етіп, халқымыз, мұсылман қауымы үшін нәтижелі еткей. Әмин!    

 

Руслан БАЙЗАҚОВ,

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру