Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

ЖАҚЫНЫҢА ЖАТ БОЛМА

Қанат Қыдырмин muftyat.kz 08.08.2022 2324 0 пікір
ЖАҚЫНЫҢА ЖАТ БОЛМА

Деструктивті діни ағымның идеологиясына ерген жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу – барша дін қызметкерінің қоғам алдындағы негізгі міндеттерінің бірі. Біз де күнделікті діни қызметімізде жат ағым өкілдеріне ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

Біздің байқағанымыз, жат ағымның идеологиясына ерген жас буын өкілдері діни мәселеде тек өздерінің ұстанымдарын алға тартып, өзгенің уәжі мен сөзін теріске шығарады. Сонымен қатар, олардың арасында дәстүрді жоққа шығару тенденциясы белең алған.

Шын мәнінде, дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталған ғұрыптардың жиынтығы. Жер бетінде түрлі ұлт пен ұлыс өмір сүреді. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрі, діни нанымдары бар. Бұл – Алла Тағаланың даналығы.

Шариғатта адамның таңдауына қалдырған ерікті істер бар. Мысалы, тойларды, мейрамдарды өткізу жолдары, салт-жоралғылары әрбір халықта әркелкі. Олардың бәрін шариғатқа сай келмейді деп айтуға болмайды. Керісінше, ол ғалымдардың мақұлдауымен сан ғасырдан бері атқарылып келе жатқан ғұрыптар. Ұлттық құндылықтарға қарсы шығуға болмайды.

Қазіргі қазақ қоғамындағы діни білімге деген құштарлық, әсіресе жастардың арасында басым. Әрі мешітке келушілердің негізгі бөлігі де солар. Сондай-ақ, нақтылы діни білім алғандардың көпшілігі жастар. Ал жастар ғұмырлық тәжірибесі аз болғандықтан өзім білемдікке салынып, максималистік көңіл-күйге бой алдырып көптеген қателіктерге ұрынады. Құран мен хадистің негізгі мақсатын түсінбей, қателіктерге жол береді. Ғалымдар арасында ғана талқылануы тиіс мәселелерді көтеріп, дау-дамай туғызып жатады. Олар шариғат шарттарын терең түсінсе, ондай адасушылыққа бармас еді.

Асылында дін жолына түскен кез келген адам өз ортасына көркем мінезімен, әдебімен әсер етіп, жақсы істерде белсенді болуы керек. Мәселен, Алланы бір, Пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хақ деп білген мұсылман баласы бір-бірімен жақсы араласып, көркем қарым-қатынас құруы қажет. Сонымен қатар айналасына шуағын шашып, қоғамға пайдалы болғаны абзал. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің араларыңда ең жақсыларың – қоғамға пайдалы болғандарың» деген.

Ислам діні адамды ізгілікке шақырады. Осы ретте асыл дінімізді ауырлатпай, айналадағы адамдарды қорқытпай жеткізу аса маңызды іс екенін баса айтқым келеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Дінді ауырлатпаңдар – жеңілдетіңдер. Қорқытпаңдар – сүйіншілеңдер» деп өсиет еткен.

Деструктивті діни ағымда жүрген азаматтар әрдайым мемлекеттік рәміздерге қатысты қатаң көзқарастарын айтып, құрметсіздік танытып, шектен шығып жатады. Асылында, Отанымыз – құрмет пен бағалауға лайықты құндылық. Әнұранымыз шырқалғанда орнымыздан тұрып, құрмет көрсететініміз де сондықтан. Бұл – мұсылман мемлекеттерінде көрініс тапқан жақсы үрдіс. Шариғатымыз мемлекеттік ту көтерілгенде, әнұран орындалғанда құрмет көрсетуге рұқсат береді. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесі арнайы пәтуа шығарды. Сондықтан барша бауырларымды дәстүріміз бен мемлекеттік рәміздерімізге құрмет көрсетуге шақырамын.

 

Қанат ҚЫДЫРМИН,

«Зекет және қайырымдылық» қорының директоры, дінтанушы

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру