Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

«...ҚАШПАҢДАР ҚАРА БОЯУДАН!»

Батыржан МАНСҰРОВ "Мұнара" газеті 19.01.2022 8161 0 пікір
«...ҚАШПАҢДАР ҚАРА БОЯУДАН!»

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Қап-қара, ғажап, сиқырлы, Қашпаңдар қара бояудан! Қандырып уыз-ұйқымды, Қап-қара түннен оянғам» деп жырлаған болатын. Шынында, қазақ үшін қара сөзінің де қасиеті бар. Себебі қара түстің астарында үлкен таным жатыр.

Алайда қазақ халқы қара түсті қайғы-қасіреттің, жаманшылықтың белгісі ретінде таныған. Әлдебір шаңырақта кісі қайтыс болса, сол үйдің қыз-келіншектері бастарына қара орамал тартқан. Тілімізде «қара жамылды», «қаралы күн», «қаралы дауыс» және т.б. сөз оралымдар осыған дәлел бола алады. Сондай-ақ қайғыға душар болған үйге қара тігуде де жас ерекшелігі байқалып отырған. Мысалға, орта жастағы адам қайтыс болғанда әйелдері әшекейлерін шешіп, иығына қара жамылған. Егер қайтыс болған кісі жас болса – қызыл, ал қарт кісі үшін – ақ орамал байлайтын салт бар. Мұнымен қоса күйеуі қайтыс болған әйел қара түсті киім киген. Осы тұста айта кету керек, шариғат пәтуаларында да күйеуі қайтыс болған әйелге қара түсті киім киюді бұйырады. Бұл жайында ханафи мазһабының усул әл-фиқһ ғылымының «истихсан» тарауында пәтуалар бар.

Қазақтың «Қара жерге қарыз арқаламайды», «Қара жерді жамандама – қайтіп сонда барасың, Қауым елді жамандама – қарғысына қаларсың», «Қара күн басыңа тумай қара су кешпе», «Қазанға жолама, қарасы жұғар, Жаманға жолама, жаласы жұғар», «Қайғысыз қара суға семіреді» деген мақалдарында шынайы шындық бар. Осындай синкретті қолданыстардың орын алуы негізінде қазақ үшін қара түс – қайғы-қасіреттің белгісіне айналған деп айтуға болады. Бұл жайында ғалым Б.Қасымның пікірін келтіре кеткен жөн: «Қара сөзінің архисемасына зер салсақ, көне түркі тілінің өзінде бірнеше мағынасы болған. Ал моңғол тіліндегі хар сөзі қазақ тілінде қара сөзінің мағыналық жағынан үйлесіп, сәйкес келеді. Көне түркі тілінде де, моңғол тілінде де және басқа түркі халықтарының тілінде негізгі мағынасы мен кейінгі мағыналық дамуы бірдей деуге болады. Барлық тілде де жалаң, күрделі түрде де қолданылған. Көне жазба ескерткіштегі: 1. қара (түс); 2. түнек (жарық жоқ); 3. ауыс. бақытсыздық, сәтсіздік, қайғылы; 4. ауыс. жамандық, қара көңіл; 5. ауыс. күнделікті, жай; 6. лас».

Қ.Қайырбаева этнограф ғалым Гросеннің «қайғы-қасіреттің белгісі еуропалықтарда – қара түс, австралиялықтарда – ақ түс болса, қазақтар үшін – қара түс» деген пікірін қолдай отырып, «оған тіліміздегі «қара қағаз», «қара ат» т.б сөз оралымдары дәлел бола алады» дейді.

Әйтсе де кейде қара түсінің ұлт дүниетанымында қасиетті деген екінші мағынасы қолданылып жатады. Айталық, «қасиетті қара өлең», «қара домбыра», «қара шаңырақ» дейтін тіркестер бар. Ал Ислам дінінде қара түске қатысты қандай өсиет айтылған? Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде қара түстің қандай концептісі бар?

Адам баласының жаратылысы жайында айтылған хадисте үш түрлі түстің символикасына ишара етілген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Расында, Адам (ата) үш түрлі топырақтан жаратылды: қара, ақ және жасыл», – дейді. Тағы бір хадисте Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалар келіп: «Біз қияметте қайсы нығметтен сұраламыз?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында ол екеуі (бізде бар) екі қара. Олар – су мен құрма», – деп жауап берген. Хадисте қара судың қадірін білуге шақырып отыр. Халқымыздың «Судың да сұрауы бар» дейтін мақалы мен бабаларымыздың «қара нан, қара суға қарнымызды тоқ қыла гөр!» деген баталары жайдан-жай айтылмаса керек-ті.

Айша (оған Алла разы болсын) анамыздан келген хадисте: «Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйінде екі қарадан басқа нәр тататын тағам болмайтын. «Сонда олардың тағамы не болатын?» деген сауалға, олар екі қара: құрма мен су» делінген. Осы тұста суды қараға теңеуі қазақтардың «қара су» деген ұғымымен мағыналас екенін айту керек. Сонымен қатар арабтарда екі қара деп жылан мен кесірткені де атаған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)екі қараны өлтіруге бұйырған. Пайғамбар намаз оқып тұрғанда екі қараны өлтіруге рұқсат берген. Осы хадисті жеткізуші Яхия екі қараны жылан мен кесіртке деп түсіндірген. Осы хадиске назар аударатын болсақ, қазақта қара ниетті адам деген ұғым жылан мен кесірткенің жаман, жағымсыз деген ауыспалы мағынада қолданылып тұрғанын аңғартса керек.

 

Батыржан МАНСҰРОВ,

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі

«Мұнара» газеті, №1, 2022 жыл

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру