Tań

Kún

Besіn

Ekіntі

Aqsham

Quptan

САУАТТЫ БОЛУ – ДІННІҢ ТАЛАБЫ

Смайыл СЕЙТБЕКОВ muftyat.kz 14.09.2020 1257 0 пікір
САУАТТЫ БОЛУ – ДІННІҢ ТАЛАБЫ

Ілім алу, сауатты болу – Ислам дінінің ең басты талабы. Алла Тағала Адам атаны жер бетіне халифа ететінін періштелерге білдіріп, оған барлық нәрсенің атауын үйретіп, періштелерден артық еткен еді.

Құран Кәрімде ілім жайында 600-ден аса аятта баян етіп, мұсылманның сауатты болуын бұйырады. Аятта «Білген мен білмеген тең болмайды» деп бекер айтылмайды. Ал білім алу мен сауатты болуға қатысты Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадисін санамалап шығуға болады. Дегенмен мына бір хадис білім алудың қаншалықты сауапты екенін аңғартса керек: «Уа, Әбу Зар! Таңертең үйіңнен шығып, Құраннан бір аят үйренуің сен үшін 100 ракағат нәпіл намаз оқығаннан да жақсы. Сол секілді таңертең үйіңнен шығып, ілімнен бір бөлім үйренуің сен үшін 1000 ракағат нәпіл намаз оқудан хайырлы» (Ибн Мажа, Муқаддима 16).

Ілім жолы – жәннат жолы. Білім алып, өзгеге пайдамыз тиіп жатса және иманына себеп болсақ: «Сенің себебіңмен Алла Тағала бір адамға тура жолды нәсіп етсе,  сен үшін бұл дүние және дүниеде болған барлық нәрседен жақсы» (Бұхари, Жихад 102) деген хадисте айтылған сауапқа кенелеріміз хақ.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына ілім алуды өзі бастап үйреткенін тарихтан жақсы білеміз. Ілім алу, білімді болу мұсылманның ғибадатының кемшіліксіз орындалуына жол ашады. Жеткілікті дәрежеде діни сауатымыз болмаса, ғибадатымыз нұқсан бола берсе, теріс пиғылды жандардың құрбанына айналуымыз ғажап емес. Тарихқа зер салып қарасақ, білімсіздіктің мұсылман жамағатын жік-жікке бөліп, өзара алауыздық пен қантөгіске итермелеп, Ислам әлеміне қара күйе жақтырғанын байқаймыз. Тарих қайталанып отыратынын ескерсек, жастарымыз бұрынғы қателіктерден сабақ алуы тиіс. Мешітке келген жастарға, жасөспірімдерге аға буын ретінде біз ие болмасақ, білгенімізді үйретіп, дұрыс жолға салмасақ, зайырлы білім алумен қатар діни сауатты болуға үндемесек, үйретпесек, зиянын баршамыз тартамыз.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шариғат ілімін Жәбірейл періштенің ұстаздық етуімен үйренген. Бұның өзі ілімді құр кітап арқылы емес, ұстаз арқылы үйрену керектігін білдірсе керек. Ұстаз арқылы алынған ілімде жүйе болады. Діни білім алудың алғашқы бастауы – мешіт. Еліміз бойынша мешітте ұйымдастырылып жатқан сауат ашу курстары осы қызметті атқарып келеді. Қай ғасыр болмасын мұсылмандар діни білімнің бастауын мешітте алған.

Бірде Әбу Һурайра (р.а.) Мәдина көшесінде кетіп бара жатып, көшеде жүрген жамағатқа: – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мирасын бөлісіп жатыр. Сендер мұнда уақытты босқа өткізіп жүрсіңдер. Пайғамбарға барып, сол мирастан үлестеріңді алмайсыңдар ма? –деді. Олар:

– Қайда бөлісіп жатыр? – деп сұрағанда Әбу Һурайра:

– Мешітте бөлісіп жатыр, – деп жауап берді. Адамдар мешітке бет алып, артынша қайтып келеді. Әбу Һурайра олардың қайтып келгенін көріп:

– Не болды? – деп сұрайды. Олар:

– Біз мешітке бардық, бірақ сен айтқандай бөлісіп жатқан ештеңе көрмедік, - деп жауап қатады. Сонда Әбу Һурайра:

– Сендер мешітте ештеңе көрмедіңдер ме? – деп қайта сұрайды. Олар:

– Иә, бірнеше адам көрдік, біреулері намаз оқып жатыр, біреулері Құран оқып жатыр, біреулер халал мен харам жайында тартысып жатыр, – дегенде Әбу Һурайра:

– Пайғамбардың мұрасы деген сол ғой, – деп жауап қатады (Табарани риуаяты).

Әрине білімді болу, ғалым болу әркімнің маңдайына бұйырмайтыны анық. Бірақ алғашқы діни сауат қажет-ақ. Ол діни сауат мешітте беріледі. Дініміз жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеуді бұйырады. Қоғам өмірінде жасөспірімдер мен жастардың орны ерекше. Жастар – қоғамның болашағы. Ал болашақ бекем болу үшін жастарға аса мән беру керек. Ислам тарихына көз жүгіртсек, алдымен жастардың дінге бетбұрыс жасағанын көреміз. Дінге бет бұрған жастарды Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да мейіріміне алып, түрлі жаман, әдепсіз істерден алыс болуға тәрбиелеген.

Дін тарихындағы алғашқы мұсылмандардың басым көпшілігін жастар құрағанын біріміз білсек, біріміз білмеуіміз мүмкін. Олардың діндегі орны мен қызметі, атқарған елеулі еңбегі тарихта алтын әріптермен жазылып қалды. Жас сахабалар өзгелерге қарағанда әлдеқайда белсенді болып, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қолдау көрсетіп, дін жаюда үлкен жігерлік танытты.

Исламның шоқ жұлдызы атанған саңлақ сахабалардың басым көпшілігі сол кезеңдегі жастар еді. Алғашқы мұсылмандардың ішінде бірнешеуі ғана 50 жастан асса, біразы 35 жастан асқан сахабалар болып, басым көпшілігі 30-ға толмаған жастар болатын. Мәселен, хазіреті Әли (р.а) Ислам дінін қабылдағанда 10 жаста еді. Тарихтағы алып қаһарман Әлидің дастанға айналған ерліктері 20 мен 30 жас аралығында болды. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) асырап алған баласы Зәйд ибн Харис 15 жасында мұсылман болса, Абдуллаһ ибн Мәсғуд пен Зубайр ибн әл-Аууам – 16, Талха ибн Убайдуллаһ, Абдуррахман ибн Ауф, Әркам ибн Әркам және Сағд ибн Әбу Уаққас 17 жасында Исламды қабылдады. Дін Исламға келген кезінде Мусғаб ибн Умайр – 18, Абдуллаһ ибн Омар – 13, Жағфар ибн Әбу Тәліб 22 жастағы жігіт еді. Иә, сахабаларды осылай санамалай беруге болады.

Жас сахабалардың атқарған елеулі қызметінен бірнеше мысал келтірер болсақ, 616 жылы Хабашистанға екінші көш болғанда көшті Жағфар ибн Әбу Тәліп бастап барады. Ол кезде оның жасы небәрі 25-те еді. Сол 25-тегі жас сахаба Хабаш патшасы Нәжәшидің алдында қасқайып тұрып, Исламды түсіндіруі тарихта алтын әріптермен жазылып қалды. Ал Мусғаб ибн Умайр 25 жасында Мәдина қаласына ұстаз болып жіберілді. Оның белсенділігі соншалық, 1 жыл ішінде Мәдинадағы көптеген жанның Ислам дінін қабылдауына септігін тигізді.

Мәдиналық мәшһүр Зәйд ибн Сабит есімді жас сахаба небәрі 17 күн ішінде суряни тілін үйреніп, артынан ибрит тілін меңгеріп, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахи хатшысы болады. Шетел патшаларына хатты сол жазатын. Пайғамбарымыз 632 жылы қайтыс болғанда, небәрі 21 жастағы жігіт еді. Ол хазіреті Әбу Бәкірдің (р.а) халифалық тұсында Құранды кітап етіп жинақтау ісінде комиссия төрағасы болып, үлкен жауапты қызметті абыроймен атқарады. Сол кезде оның жасы 22-де болатын.

Жастар бір мемлекеттің ертеңгі құрушысына немесе бұзушысына айналады. Жастар бір ұлттың ұлт болып қалуына ықпал етеді. Жүрегінде иманы мен Отанына, ұлтына деген сүйіспеншілігі бар жастар мемлекеттің тәуелсіздігі үшін ең үлкен кепілдік болмақ. Жас ұрпақты дұрыс тәрбиелесең, болашағың бекем болмақ. Ал өз ұстанымы мен пікірі болмаған жастар әркімнің жетегінде кетіп, елдің сорына айналады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз кезегінде дініміздің білімге деген талабын жүйелі жолға қоюда. Діни басқарманың жас мамандарды даярлауда қолға алған елеулі қызметі мен білім жүйесін жоғары бағалауымыз керек. Қол жеткізген діни білім беру сатылары өз кезегінде мешіт жанындағы діни сауат ашу курстары, одан кейін медресе, университет және магистратура мен докторантураға жалғасуда. Біздің жеткен жетістігіміз бен жасалған діни білім беру жүйеміз посткеңестік елдердің ешбірінде жоқ. Посткеңестік елдердің көпшілігінде діни оқу орындар болғанымен, мемлекеттік үлгідегі диплом бермейді. Берілген шахадалары тек Діни басқармалары үшін жарамды. Ал біздің Нұр-Мүбарак университетінің магистратура мен докторантурасына мемлекеттен грант бөлінеді. Бұл – көрші елдердің Діни басқармасы қарамағындағы діни оқу орындарында жоқ жетістік. Қазан, Ташкент қаласындағы және т.б. көрші елдердегі діни білім беретін институттар мұндай жетістікке әлі жете қоймады.

Қорыта келгенде әрбіріміз сауатты болу үшін білім алуға міндеттіміз. Зайырлы біліммен қатар діни білім алу да маңызды. Мұсылман адам жан-жақты болуға талпынса, көштен қалмасы анық. Олай болса, дамыған елдермен тереземіз тең болуы үшін білімді де, сауатты болуға талпынайық!

 

Смайыл СЕЙТБЕКОВ,

ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі

Pіkіrler (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Sońǵylar

Musylman dіnı kúntіzbesі